Сауда • 14 Шілде, 2023

Импорт – игілігіміз емес

285 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазірде жергілікті сауда желілеріндегі өнімнің 80%-ға­ жуығы – импорттық. Тап мұны отандық өндіруші үшін жасалған жағдай деп айта алмасымыз анық. Ал бұл дегеніңіз – елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де, тұтынушының мүддесіне де қайшы келетіндей жағдай. Осыған байланысты салалық одақтар мен тамақ өндірушілер қауымдастығының өкілдері ішкі нарықта отандық өнімді өткізуге кедергі келтіріп отырған проблемаларды нұсқап көрсетті.

Импорт – игілігіміз емес

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Барлық дамыған ел өз фер­мер­лері мен өндірушілерінің мүдделерін қорғап, бірінші орынға қояды. Ал бізде отан­дық өндірушінің нарық қаты­на­сындағы жағдайы әу бастан дұрыс қалыптаспаған. Сауда желілері басқа қатысушыларға өз еркін білдіретін монополияға айналып, отандық өнім мен импорттық өнімге қатысты теңсіз ережелер орныққан. Отандық тамақ өнімдерін бөлшек саудаға өткізудегі сыни жағдайды жуырда сала мамандары Мәжілістің аграрлық мәселелер жөніндегі комитетімен және «Amanat» партиясының агроөнеркәсіптік кешен бойынша кеңесімен бірле­сіп талқылаған болатын.

Бизнес-қауымдастық өкіл­де­рі­нің айтуынша, сауда желілері өндіру­шілердің тауарларын барынша арзан бағамен алуға бейіл. Мұндай көзқарасты өз ыңғайына қарай пайдаланған шетелдік компаниялар сапасы күмәнді өнімдерін төмен бағамен елімізге тоғытып жатыр. Салдарынан дүкен сөрелеріндегі отандық тауарлардың үлесі жылдан-жылға азайып барады. Осыдан кейін өз өндірісіміздің көлемі қысқарып, көптеген кәсіпорынның қуаты жартылай ғана жүктелуде. Ал арзан, сапасыз өнімдерді үнемі тұтыну ел тұрғындарының денсаулығына теріс әсер ететіні айтпаса да белгілі.

Мәселен, соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысының сауда желілерінде импорттық азық-түлік өнімдері көбейген. Жергілікті шағын кәсіпорындар сапалы өнім шығаруға бағыт ұстанғандықтан, сауда желілері үшін өнімді көрші елдердің ірі өндірушілерінен ең төмен бағамен үлкен көлемде сатып алу тиімдірек. Мұндай жағдайда жергілікті өндірушілер өндіріс көлемін азайтуға, жұмыс орындарын қысқартуға және тіпті нарықтан кетуге мәжбүр. Өңір­дегі ет өңдеумен айналысатын 15 кәсіпорынның 7-нің банкротқа ұшырауына осы проблема себеп болған.

Азық-түліктің 80%-ын импорт құрағандықтан, сауда сөре­лерінде отандық өнімге орын қалмайды. Қазақстан Сүт одағының директоры Владимир Кожевниковтің айтуынша, жер­гілікті өндірушілердің өнімі барлық өкілетті органдардың қатаң бақылауында болса, импорттық азық-түлік зертханаларда алғаш әкелінген кезде ғана тексеріледі. Одан кейін үш жыл бойы әкелуге рұқсат. Мұндай іс-қимыл нарықта адал бәсекелестіктің болмауы­на байланысты қалыптасып отырғандықтан, сауда-сат­тық­ желілерінің қызметін мемлекеттік деңгейде реттеу маңызды.

Қазақстан Құс өсірушілер одағының вице-президенті Бақыт Қосшығұлованың пікі­рінше, сауда желілерінің жұмы­сын реттеуде дамыған елдерде жасалғандай «сауда үстемесі» ұғымын ғана қалдыру керек. «Біз ретробонус, басқа да бонус түрлерін білдіретін, сау­да компаниясының мүд­де­сі үшін жеткізуші тарапы­нан қосымша қызметтер төлеуді көздейтін «сыйақы» ұғы­мын Сауда қызметі туралы заң­нан алып тастау қажет деп есептейміз. Сауда желілеріне отандық өндірушілерден рет­робонустар алуға, жеткізілетін тауарға қосымша қызметтер немесе жеңілдіктер, қолданыстағы прайс-парақтан сатып алу бағасына жеңілдіктер талап етуге тыйым салу қажет», дейді ол.

Қазіргі уақытта сауда желі­лері пост-төлем бойын­ша қолай­сыз шарттарды белгілеген. Салалық одақ өкілдері төлемді кейінге қалдыру түріндегі тәжі­рибеден бас тарту қажет деп санайды. Мәселен, өндіруші өнім шығарумен қатар, оны өздері жеткізеді, салық, қызмет­кер­лердің жалақысын төлеу үшін жеткілікті қаражат қажет. Ал желі сатылған тауарға ақша төлеу­ді бірнеше айға дейін кешік­тіріп, өндірушіні айна­лым капиталынан айыруы мүм­кін. Бұған қоса супермаркет­тер импорттық өнімді сатып алып, оған өз брендін қояды да, отандық өнім ретінде сатады.

Қазақстан Ет одағының бас­­қарушы директоры Әсем Әбді­рі­мованың айтуынша, жаңа салық кодексін әзірлеу барысында мамандар сауда желілері салық салудың тиімділігіне байланысты импорттаушылармен белсенді жұмыс істеп жатқанына назар аударған. Өнді­­­ру­­шілер Ұлттық экономика­ министрлігінен осы мәселені пысықтауды сұрайды. Бұл ретте не бастапқы ҚҚС-ты ішінара субсидиялау, не сауда желілеріне отандық өндірушімен жұмыс істеу ыңғайлы және тиімді болуы үшін осы аспектіні басқаша пысықтау қажет.

Сонымен қатар кездесу барысында өндірушілер «Қазақ­станда жасалған» ұлттық бағдар­ла­масын әзірлеушілердің сапасыз пысықтауына шағымданды. Мәселен, барлық талқылаулар тиіс­ті дайындықсыз онлайн­ режімінде өтеді, бұл рет­те салалық одақтар мен өнді­ру­ші­лер қауымдастықтары тара­пы­нан ұсыныстар еш жерде тір­келмейді. Шенеуніктердің осындай жауапсыз тәсілінің нәти­жесінде стра­тегиялық маңы­зы­ бар бағ­дар­ламада отандық өнді­рісті қол­дау бойынша нақты шаралардан жалаң сөз басым. Ал жер­гі­лікті өндірушіні қор­ғай­тын мем­ле­кет­тік реттеу шара­­ларын енгізу, нор­мативтік құжат­тарда сауда желі­лерінде өзіміздің өнімдер үшін басым жағдайларды бекіту, сон­дай-ақ отандық азық-түлік өнім­дерін жылжыту мен танымал ­етуге­ сауда желілерін тартуға бағыт­талған мемлекеттік қолдау мәсе­­ле­лерін жүйелі түрде шешу ке­рек. Сәйкесінше, еліміздің әр­бір азаматы өз өнімдерімізді са­тып­ алудың артықшылығын, өз эко­номикамызды қолдаудың маңыз­ды­лығын терең түсінуге тиіс.

Мәжілістің Аграрлық мәсе­ле­лер жөніндегі комитетінің мүшесі, «Amanat» партиясының АӨК жөніндегі кеңесінің басшысы Нұржан Әшімбетов сауда желілері өз мүдделері үшін пайдаланатын нарықтағы жағдай өз уақытында өндірушілер мен тұтынушылардың мүдделерін ескере отырып, тиісті түрде рет­тел­мегенін, енді бұл кемші­лік­тер­ді түбегейлі түзету қажеттігін алға тартты.

Мәжілістің Аграрлық мәсе­ле­лер жөніндегі комитетінің төр­аға­сы­ Серік Егізбаев Парламентте Азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң­ды әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылатынын, оған салалық өнді­рістік қауымдастықтардың өкілдері де кіретінін айтты.­ Бір сөзбен айтқанда, сауда сөре­лерінде импорттың негізсіз үсте­м­дігіне қатысты барлық мәселе шешілуге тиіс. Бұл ретте жағдайды мамандардың өз аузынан естіп, саланың тыныс-тіршілігіне жете мән берудің маңызы бөлек.