Ипотека • 10 Тамыз, 2023

Баспаналы болудың басты жолы – ипотека

103 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміздегі халықты тұрғын үймен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында біраз жан ипотекалық несие арқылы баспанаға қол жеткізіп отыр. Бұл нақты қаражаты жоқ халық үшін де, ипотекалық несиелендіруді жетілдіруде пайыздық мөлшерлемесі жоғары банк үшін де тиімді әрі таптырмас әдіс деуге болады. Ал бағаның тұрақты өсуіне қарамастан, әрбір адам қолжетімді баспанадан дәмелі екені тағы бар.

Баспаналы болудың басты жолы – ипотека

Бұдан бес жыл бұрын Үкіметтің ипотекалық дағдарысқа қарсы қабылдаған бағдарламасына сәйкес ұлттық қор есебiнен несиелiк тұpғын үй құрылысы жұмысын бастады. 1,5 млн отбасын баспанамен қамту үшін қолға алған «Нұрлы жер» бағдарламасы бо­йынша ипотека ресімдеген азаматтар 10 пайызын төлесе, қалған 5 пайызы үкіметтік субсидия есебінен төленетін болған. Аталған бағдарлама жарияланысымен елдегі ипотека нарығы қарқын алды. Сол кезеңде еліміздің бас қаржы реттеушісі – Ұлттық банк әрбір отбасының баспаналы болуына мүмкіндік беретін, бүгінгі таңда халық арасында сұранысқа ие «7-20-25» бағдарламасын бекіткені бар. Оның жылдық номиналды сый­ақы жарнасы – 7%, бастапқы жар­на – баспана құнының 20%-ы­ және шектік мерзім 20 жыл деп­ белгіледі. Бұл бағдарлама шең­бе­рінде талай жан баспаналы болды. Ал кезек күтушілер саны толастар емес.

Бірақ қарқындылық танытқан тұрғын үй кешенінің құрылысы кейінгі уақытта саябырсып қал­ған­дай. Мамандар оған себеп ипо­текалық мөлшерлеме мен инфляцияның өсуін, құрылыс материалдарының қымбаттауы мен шешімін таппаған логистика мәселесі екенін алға тартады. Алайда биыл 200 млн шаршы метр баспана салу жоспарланған. Ал адамдарға баспана ауадай қажет. Десек те олардың сүйенері – пайыздық мөлшерлемесі төмен мемлекеттік ипотека.

Сонымен, осы жылдың бірінші мау­сымындағы ұсынылған мәлі­­­мет­­терге қарағанда, еліміздегі банк секторының ипотекалық портфелі 4,8 трлн теңгеге жетіп, бұл жыл басындағы көрсеткіштен 4,1%-ға ұлғайған. Кейінгі бес жыл ішінде ипотекалық несиелер көлемі артып, банк секторының ипотекалық портфелі 3,3 есе, ал он жылда 5,8 есе өскен. Аталған жылдар аралығында несие нарығындағы ипотеканың үлесі 8,9% болса, бүгінде 34,2%-ды құрап отыр.

Ипотекалық несиесі жоғары өңірлер арасында 1,4 трлн теңге немесе жалпы көлемнің 30%-ға жуығын Астана қаласы мен 1,1 трлн теңге шамасында Алматы қаласы, одан кейін 307,7 млрд тең­гемен Қарағанды облысы тұр. Дегенмен ипотеканың тұрғын үйге қолжетімділікті қамта­ма­сыз етудегі маңызды рөлі­не қара­мастан, еліміздегі коммер­ция­лық ипотеканың бағасы ша­рық­тап кеткенін айтуға болады. Мәселен, банктік серіктестік және жеңілдетілген мемлекеттік бағ­дар­ламадан тыс, тұрғын үй құры­лыс жинақ жүйесіне кірмейтін несие­лер­дің жылдық тиімді сыйақы мөл­шер­лемесі (ЖТСМ) 20%-дан асқан көрі­неді. Мөлшерлеменің жоғары болуы халық үшін қолжетімсіз, әрине.

Ұлттық банктің ЕДБ-ға­­ қа­тысты жүргізген сауалдама­сы­­на сәйкес осы жылдың бі­­рін­ші тоқсанында пайыздық мөл­­шерлеменің көтерілуіне байланысты ипотекалық несиелеу шарттары да қатаңдатылған. Өткен жылдың басынан бері жалғасқан ипотекалық несие құнының артуы кей банктерге өз бағдарламасы бойынша ипотекалық несиелеудің қысқаруына әсер еткен көрінеді.

Қолжетімді баспанамен қам­т­­а­масыз етуде мемлекет тарапынан қолдау шараларының бірі, халықты ипотекалық несие алу­ға ынталандыруда тұрғын үй құры­лы­сының бірыңғай операторы «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамы 2001 жылдан бері екінші деңгейлі банк­тер арқылы өткен жылға дейін 248,5 млрд теңгеге 67,8 мыңға жуық ипотекалық несие берген.

Бұрын қабылданған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2023-2029 жылдарға ар­нал­ған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту­ тұжы­рымдамасына сәйкес «Қазақ­стан­дық тұрғын үй компаниясы» АҚ ипотекалық несиелер бо­йынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау жөнінде қаржы агенті болып белгіленді. Осы бағытты іске асыру кезеңінде (2017 жылдың басынан бастап) жалпы сомасы 38,39 млрд теңгеге 3 673 өтінім түсіп, оның ішінде 37,21 млрд теңгеге 3 566 өтінім мақұлданған. Аталған компания жалпы сомасы 36,24 млрд теңгені құрайтын 3 473 субсидиялау келі­сі­міне қол қойыпты.

Сонымен қатар қаржы агенттігі халыққа тікелей ипотекалық несие­леу құқығына иелік етіп, 17,8 млрд­ теңгеге 1 442 ипотекалық несие берді. Оның ішінде 2011–2014 жылдарға арналған «Қала­лық ипотекалық тұрғын үй құры­лысы» Алматы қаласында тұрғын үй құрылысы бағдарламасы төңі­ре­гінде 257 ипотекалық несие бойынша жалпы сомасы 1,3 млрд теңгені құрады. 2018 жылы агент банктер арқылы «Орда» бағдар­ла­ма­сы бойынша 2018-2021 жылдар ара­лығында ҚТК жалпы сомасы 49,5 млрд теңгеге 3 804 несие берген. Кейін компания бюджетті иге­руге байланысты ипотекалық несие беруін тоқтатқан. Ол сатып алу арқылы жалға берілетін тұр­ғын үйге қатысты жұмыстар жүр­гізіп, 2014-2022 жылдар аралы­ғын­да мемлекеттік және жеке бағ­дар­ламаларға байланысты жалпы құны 270 млрд теңгеге 23,2 мыңға жуық пәтерді жалға берген екен.

Тұрғын үй-коммуналдық инфра­­­құрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжы­рымдамасына сәйкес ипоте­ка­лық несиелендіруді ынталандыру және осы сегментті қолдау жөнінде биыл бағдарлама бойынша кредиттеу үшін 100 млрд теңгеге дейін қаражат бөлу жоспарланды. Жеңілдетілген кредиттеумен азаматтарды көбірек қамту мақсатында бағдарламаны іске асырудың жекелеген талаптары қайта қаралғаны бар. Оның ішінде әрбір қарыз алушы бағдарламаға бір рет қана қатыса алады. Бағдарлама аясында берілетін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының параметрлері (бастапқы жарнаның ең төменгі мөлшері, қарыздың ең жоғары сомасы, сыйақы мөлшерлемесі, қарыз мерзімі, өңірлер бөлігінде сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны және т.б.) өзгеріссіз қалды.

Сонымен «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы 2029 жылға дейін жалғасатын болды. Алдағы уақытта еліміздегі тұрғын үйге қол­же­тімділікті қамтамасыз ету­де аталған ипотека басты рөл атқармақшы. Мамандар, бірін­шіден, адамдардың баспаналы болуына мүмкіндік туғызса, екіншіден, жылжымайтын мүлік нарығының дамуына серпінділік беріп, үшіншіден, елдегі әлеуметтік тұрақтылыққа септігін тигізеді деген пікірде. Ал бұндағы ұсыныс көңілге қонымды болғанымен, пайыздық мөлшерлемесі жоғары, жұмысы тұрақсыз, ілдалдалап жан бағып жүрген қарапайым халық үшін қол жетпес сағымға айналатыны түсінікті жайт.