Пайдалы қазбалар • 04 Қыркүйек, 2023

Мұнай мұхитының меридианы

717 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Атырау облысындағы «Теңіз» кенішіне жиі жол түседі. Әр келген сайын құдды мұхиттың үстінде тұрғандайсың. Көкжиегіне көз жетпейтін кәдімгі мұхит емес, мұнай мұхиты... Қазақтың кең жазиралы даласындағы мол мұнайдың мұхиты 1899 жылы осы өңірдегі «Қарашүңгіл» аталатын жерден табылған. Содан бері бұл өңір мұнай мұхитының меридианы секілді. Өйткені мұндағы «Теңіз», «Қашаған» кен орындарында «қара алтынның» ғаламат қоры бар. Қазақтың бағына қарай екі кен орны да еліміз тәуелсіздігін алған соң ашылған.

Мұнай мұхитының меридианы

Кеніш туралы кіріспе

«Теңіз» тереңіндегі мол мұнайды игеру мәселесі өткен ғасырдың 70-жылдарынан желі тартады. Алайда бұл іс бірден қолға алынбай, біраз жыл тал­қыға түскені даусыз. Сол кездегі «Эмбанефть» өндірістік бірлестігі бас­шы­ларының ұсынысымен Волгоград бұрғылау басқармасының бұрғышылары 1976 жылы 24 маусымда №1 ұңғыманы бұрғылауды бастаған. Мұнайшылар кен орнына сынақты үш жылдан соң жүргізген. Сөйтіп, 1979 жылдың 18 желтоқсанында тұзасты қабатынан тәу­лігіне 475-600 текше метр мұнай алынатыны жөнінде қорытынды жасалыпты. Бірақ мұнайшыларды «қара алтын» құрамының күрделігі біраз ой­ландырғанға ұқсайды. Өйткені мұн­да­ғы күкірт мөлшерінің 25 пайызға жететіні анықталды.

Әлемде күкірт мөлшері мол, сондай-ақ қабат қысымы жоғары мұндай кен орны жоққа тән. Сол себептен «Теңіз» кен орнынан мұнай алуға асығыс қадам жасалған жоқ. Бұған әсер еткен бір дерек бар. Сәйкестік пе, кездейсоқтық па, 1985 жылғы 24 маусымда №37 ұңғыманың 4 467 метр тереңінен газ ат­қы­лап, алапат апатқа ұласқан өрт тұ­тан­ды. Аспанға атқылаған газ алауы 398 тәулікке ұласып, 1986 жылдың 26 маусымына дейін жанып тұрған. Өйткені атмосфералық ауа температурасы +400-ден +500°C, ал топырақ температурасы +260-тан +320°C шамасында болған. Бір жылдан астам лаулаған алапат өрт кезінде 5 млн тонна мұнай, 3,3 млрд текше метр ілеспе газ және 660 млн текше метр күкіртті сутек өртенген.

Компанияның бас директоры Кевин Лайонның мәліметіне сүйенсек, «Теңіз» кенішіндегі барланған мұнай қоры 3,2 млрд тонна (25,5 млрд баррель) болса, ал Королев кен алаңындағы «қара алтын» 200 млн тонна (1,6 млрд баррель) шамасында болжанған. Аталған кен орындарынан алынатын көмірсутекті шикізаттың көлемі 890 млн-нан 1,37 млрд тоннаны (7,1-10,9 млрд баррель) құрап отыр. Тағы бір дерек, «Теңіз» коллекторының ені – 20 (12 миль), ұзындығы – 21 шақырым (13 миль).

Қазір аталған кен орындарын игеріп жатқан «Теңіз­шевройл» акцияларының 50 пайызына «Шеврон» иелік етеді. Ал «ЭксонМобил Қазақстан Венчурс Инк.» – 25%, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ – 20%, «ЛукАрко» компаниясының 5% үлесі бар.

Бұл кен орнын «Теңізшевройл» ЖШС игереді. Шетелдік инвесторлармен бірлескен бұл кәсіпорын 1993 жылғы 6 сәуірде құрылған. Алайда кен орнын игеру 1991 жылғы 6 сәуірде бас­тау алған. Дәл осы күні T8 ұңғымасы іске қосылып, мұнай мен газды бөліп айдайтын бірінші кешенді технологиялық желіге алғашқы мұнай жіберілген. Осы­лайша, «Теңіз» мұнай-газ кешені іске қосылып, мұнайды өнеркәсіптік өндіру басталды.

 

Пирамида пішіндес полигон

Атырау қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 160 шақырымда орналасқан «Теңіз» кен орнында Қазақстанның әр өңірінен келген мыңдаған жұмысшы тұратын 100-ге жуық вахталық қалашық пен өндірістік кешен орналасқан. «Теңіз» кен орнында алыстан қарағанда пирамида пішіндес көп функционалды полигон бар. ТШО бас директорының орынбасары Көңілқош Сүйесіновтің айтуынша, жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын алаң 2004 жылы пайдалануға берілген. Мұнда өндірістік және әкімшілік учаскелерден жиналған қалдықтарды қабыл­дау, уақытша сақтау, тарату, қайта өңдеу іске асырылады.

Компанияның өндірістік қызметінің, ілеспе инфрақұрылымның нәтижесінде 63 түрлі қалдық жиналады. Оның 35-тен астамын дербес немесе бөгде кә­сіп­­орындар арқылы қайта өңдеу көз­дел­ген. Мәселен, 2015 жылдан былтырға дейінгі кезеңде өзге кәсіп­орындағы қайта өңдеу үшін 700 мыңнан астам қалдық берілген.

Расында, қалдықтарды қайта өң­деу­­ге баса назар аударылып отыр. Тағы да дерекке жүгінсек, 2016-2022 жылдары қайта өңдеу үшін жіберілген пластикалық бөтелкенің салмағы 2 259 тоннаға жеткен. Одан пластикалық және ПЭТ түйіршіктері бар басқа да тауарлар шығарылған. Сондай-ақ 5 861 тонна қағаз бен картон секілді буып-түю ма­териалдары мен басқа да тауарлар қайта өңдеу өндірісіне жіберілген. Ал 99 542 тонна бетон қалдығы құрылыс материалы ретінде пайдалану үшін «үшінші тұлғаларға» беріліпті.

Кен орнындағы өндірістік алаңдар мен вахталық кенттерде, басқа да ны­сан­дарда қалдықтар үшін түрлі-түсті таңбаланған арнайы контейнерлер орна­тыл­ған. Онда пластикалық бөтел­ке­лер, картон, кеңсе қағазы, шыны, кон­ди­циялық емес металл және өзге қал­дық­тар бөлек жиналады. Мәселен, 2019 жылы пластикалық бөтелкелерді сұрыптау және беру 11 есеге өскен. Ал кар­тонды қайта өңдеу 8 есе артып, 1,5 мың тоннадан асқан.

 

Үшінші буынның үлесі

Бас директор Кевин Лайонның мәліметінше, елімізде өндірілетін мұнайдың үштен бірі «Теңіз» кен орнынан алынады. Компания 30 жылда ел экономикасына 70 млрд доллар инвестиция құйып, бюджетке 160 млрд доллардан астам кіріс әкелген. Отандық тауарлар мен қызметтердің 70 пайызын жергілікті өнім жеткізушілерден сатып алады. Былтыр бұл мақсатқа 15,6 млрд АҚШ доллары жұмсалған.

– «Теңіз» кен орнында 1993 жылы ша­мамен 1 млн тонна мұнай өндірілді. Ал 2020 жылдың соңына таман өнім өн­ді­рудің жылдық көлемі 26,5 млн тон­на­ға өсті. Бұл Қазақстанда өндірілген мұнай көлемінің шамамен 35 пайызын құрайды, – деп мәлім етті Кевин Лайон.

Мұнай мұхитының меридианына баланған кен орнында жалпы құны 45 млрд долларды құрайтын екі жоба іске асырылып жатыр. Оның бірі – Келешек кеңею, екіншісі – Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасы. Халықаралық сипат алған ірі жобаның ерекшелігі көп.

Біріншіден, әне-міне іске қосылатыны жоспарланған бұл жобаларға 300-ге жуық отандық компания мердігерлікке тартылды. Екіншіден, жобаға қажетті 408 модульді жүк жеткізілді. Әрқайсысының салмағы 500-ден 1 800 тоннаға жеткен модульдер Қазақстанда, Оңтүстік Корея мен Италияда дайындалып, Ресейдің ішкі су жолымен тасымалданған. Барлық модульдік жүктің жалпы салмағы – 280 мың метрикалық тонна.

Үшіншісі – «Теңіз» кен орны маңын­да­ғы Прорва түбегіндегі терминал. Кас­пий жағалауындағы терминалда ұзын­дығы 71 шақырымды құрайтын те­ңізге кіру арнасы, жүк түсіру, сақтау қондырғылары мен кірме жолы салынды.

Төртіншіден, жобаны іске асырудың үде­мелі кезінде 120-дан астам кеме пай­да­ланылған. Оның ішінде 40 кеме жа­ңа­дан құрастырылып, кейбірі осы жоба үшін арнайы жаңғыртудан өткізілген. Кемелер Қазақстан мен басқа нүктелер ара­сында 140 мың шақы­рым­нан астам қашықтықты жүзіп өтті.

Бұл жоба не үшін қажет? «Теңіз» тере­ңіндегі «қара алтынды» өндіру көле­мін арттыра ала ма?

– ТШО серіктестері 2016 жылы «Те­ңіз» кен орнының өндірістік қуа­тын арттыру үшін келешек кеңею жо­ба­сы мен ұңғыма ернеуіндегі қы­сым­ды басқару жобасын (ККЖ/ҰЕҚБЖ) қар­жы­ландыруға байланысты қоры­тын­ды шешімді қабылдады. Содан бері қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға 16,9 млрд­тан астам АҚШ доллары жұмсалды. Екі жоба іске қо­сыл­ған кезде «қара алтын» көлемі жылына шамамен 39 мил­лион тоннаны құрайды. Ал ұңғыма ер­неуіндегі қы­сымды басқару жобасы кеніштегі қы­сымды төмендетеді. «Теңіз» кен ор­нын­дағы алты технологиялық желі­нің жұ­мысын толық қуатта ұстап тұрады, – дейді бас директор К.Лайон.

 

Атырау облысы