Президент • 12 Қыркүйек, 2023

Мемлекет басшысы бизнесті қолдау шараларын жаңғыртуды тапсырды 

119 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бизнесті қолдау шараларына қатысты тетіктерді сапалы түрде жаңғыртуды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысы бизнесті қолдау шараларын жаңғыртуды тапсырды 

Фото: ашық дереккөз

«Жолдауда заңнамаға шағын кәсіпкерлік субъектілерін ірілендіруге ынталандыратын өзгерістер енгізуді тапсырдым. Салық шаралары, тексеруші органдардың тарапынан жүргізілетін тексерулерге белгілі бір иммунитет қалыптастыру, сондай-ақ мамандандырылған қолдау құралдары мен мемлекеттік тапсырыстарға қол жеткізу осы ынталандыру шараларының қатарына кіруге тиіс. 

Мысалы, мемлекеттік қаржылық қолдаудың ерекше шараларын ұсыну, сондай-ақ стандартты салық режимінде жұмыс істейтін бизнес үшін мемлекеттік тендерлерге жеңілдікпен қол жеткізу мәселелерін пысықтау керек», деді Мемлекет басшысы. 

Президенттің айтуынша, елімізде қандай да бір қиындықтарға қарамастан, мемлекеттің қолдауынсыз табысты дамып, экспорттық нарықтарды игеріп жатқан бірнеше жүз ғана орта кәсіпорын бар. Бұл ретте, олардың көбі тексеруші органдардың қудалауынан қорқып, осы уақытқа дейін мемлекеттік көмектен бас тартқан.

«Бұл жерде арнайы тәсіл керек. Егер бизнес өз міндеттемелерін орындап жатса және көздеген мақсаттарына қол жеткізсе, онда бірде-бір тексеруші жобаны іске асыру кезеңінде де, одан кейін де оған кедергі келтірмеуге тиіс», деді ел Президенті. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы кейде бизнесті кәсіпкерлікпен айналысу үшін емес, мемлекеттік қолдауға ие болу мақсатында құратын жағдайлар кездесетінін айтты. Нәтижесінде мемлекеттік қолдау шараларының экономикалық қайтарымы жұмсалған бюджет қаржысының көлеміне сай келмейді.

«2015-2021 жылдары бизнесті мемлекеттік қолдау көлемі (7 трлн теңге) қолдауға ие болған компаниялардан түскен салық түсімдерінің сомасынан 1,5 есе асып түсті (4,5 трлн теңге). Мұндай жағдай жыл сайын қайталанады. Бизнесті ынталандыру тәсілдерін өзгертуге бағытталған бұған дейінгі әрекеттер сәтсіз болды.

Осыған байланысты Үкіметке қолдау шараларына қатысты тетіктерді сапалы түрде жаңғыртуды тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.