Өндіріс • 22 Қыркүйек, 2023

Азық-түліктің сапасы мен қауіпсіздігі

285 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Астанада «Азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігі» атты бірнеше күнге со­з­ыл­ған халықаралық конференция өтті. Та­қы­рып аясы ауқымды іс-шараны С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­тех­ни­калық зерттеу университеті (ҚАТЗУ)мен Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достас­тығы университеті (РУДН) бірлесіп ұйымдастырды. Конференцияға отандық, шетелдік ғалымдар мен ауыл шаруашылығы саласының білікті маман­дары қатысты.

Азық-түліктің сапасы мен қауіпсіздігі

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Халықаралық шараға ҚАТЗУ баспасөз орталығының директоры Зейін Әліпбек пен РУДН АТИ (Аграрлық технологиялық институт) директоры Эльвира Дов­летярова модераторлық етті. Ауыл шар­уа­шылығы вице-министрі Бағлан Бек­бауов конференция қатысушыларына Премьер-министрдің құттықтауын жеткізіп, ғы­лыми іс-шараның маңызды тұста­ры­на тоқ­талып өтті.

«Бүгін ғалымдар мен сала мамандарына ғана емес бәрімізге аса маңызды күн. Өйткені күн тәртібіне шыққан «Азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігі» тақырыбы әрбір адамның денсаулығы мен өміріне қатысты. Бұл мәселе біздің елде ғана емес, барлық мемлекетте өткір  болып тұр десек, жаңылыспаймыз. Қазіргі уақытта әлемдегі кез келген ел сапалы азық-түлік өндіріп, онымен ішкі нарықты ғана қамтымай, экспортқа да шығару ісін дұрыс жолға қой­маса, экономикасының өркендеуі екі­талай. Мұндай фактіні ХХІ ғасырдың шындығы алдымызға әкеліп тұр.

Айтылған осы бір ауқымды мәселені ауыл шаруашылығындағы сан салалы ғы­лымды меңгерген ғалымдарымыз ғана шеше алады. Отандық ғалымдарымыз азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігін күн тәртібіне шығарып, алыс-жақын шетелдердегі әріптестерінің басын қосып, адамзат өміріндегі ең өзекті мәселеге ұйыстырып отырғаны біздің Үкі­мет­ті, министрлікті қуантады. Бәрі­міз бірлесіп атқаратын үлкен жұмыс өз жемісін береді деген үмітіміз зор», деді вице-министр.

«Азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігі» атты халықаралық ғылыми конферен­ция­ға Сенат пен Мәжіліс депутаттары да қатысты.

«Мемлекет басшысы азық-түліктің са­па­сы мен қауіпсіздігіне қатты көңіл бөліп отыр. Таяуда жасаған Қазақстан хал­­қы­на Жолдауында да бұл мәселеге ар­найы тоқ­талып, бірқатар нақты тапсыр­ма берді. Соның бірі – ауыл шаруа­шы­­лы­ғын ғы­лыми негізде дамыту. Соған орай дер кезінде тамақ өнім­дері мәсе­лесіне қатысты халықаралық ғы­­лыми конференция ұйымдастырып отыр­ғандарыңыз үшін ҚАТЗУ мен Ресей халықтар достастығы универ­сите­тінің басшылығына алғысым­ды айтып, Пар­ла­мент Сенаты депутаттарының риза­шы­лығын білдіргім келеді»,  деді сенатор Талғат Жүнісов.

Сенатордан кейін сөз алған Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев еліміздің азық-түлік өндіру бойынша әлемдегі орны туралы баяндады.

«Ұлттық экономиканың, сауда мен туризмнің дамуына ықпал ететін азық-түлік қауіпсіздігі – елдің тұрақты даму факторларының бірі. Бүгінде урбани­зацияның бей-берекет даму қарқыны тұтынушылардың мінез-құл­қын өзгертті. Оның ішінде туризмнің өркендеуі қоғамдық орындарда тағам­дар­ды сатып алатын және тұтынатын адам­дардың көбеюіне әкеліп соқты. Әлемде халық саны­ның күн санап көбеюіне байланыс­ты тағамға және ауыл шаруашылығын индустрияландыруға деген сұраныс әлі де арта түседі. Сол себептен азық-түлік мә­селесі кәдімгідей мәселеге айналып, кейбір ел­дерге ыңғайсыздық  тудыра бастағаны анық. Бү­гін­гі күннің басты мәселесіне айналған осы тақы­рыпты қатерге ұрындырмай тар­қа­тып шешу ғалымдардың құзыр­ында», деді депутат.

Оның айтуынша, Қазақстан Ресей мен Беларусь сияқты азық-түлік өнімдерін көп­теп шығарып, оны аталған мемле­кеттер­ден қалыспай, тең деңгейде экспорттауға қабілетті. Оған біздің елдің экономикалық әлеуеті толық жететін көрінеді. Сон­дай-ақ ауыл шаруашылығын заман та­лабы­на сай индустрияландырып, азық-түлік өнімдерін соңына дейін өңдеп, тұ­ты­ну­ға дайын өнімдерді әлемнің кез келген еліне экспорттауға қабілетті.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым ко­митеті төрағасының орынбасары Асылхан Байбо­сы­новтың айтуынша, агроөнеркәсіп ке­шені маңызды сала болғандықтан осы бағытта цифрландыру қарқынды жүргізілуге тиіс. Соңғы бірнеше жылда гранттық қар­жы­ландыру бірнеше есе өскен. Ғылыми ин­дус­триалдық әріп­тестік туралы жаңа заң жобасы тал­қы­лауға ұсынылыпты.

 «Тамақтану мәселесі бүкіл әлем үшін жылдан-жылға өзекті болып барады. Түрлі маман­дық иелерінің осы мәселеге назарын аударту мүмкіндігі туды. Аграрлық сала­ның осынау маңызды мәселесіне жұрт назарын әлі де бұра түсу керек», деді Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар дос­тас­тығы университетінің бірінші про­рек­торы, РҒА корреспондент-мүшесі, медицина ғы­лым­дарының докторы, профессор Андрей Костин.

Германияның Гёттинген универ­си­тетінің профессоры Яков Кузяков ға­лым­дар мен қоғам арасындағы байланыс­тар жөнін­де баяндады. Оның пікірінше, ғылы­ми-зерттеу жұмыстары аз жүргізіліп жат­қан жоқ. «Менің ойымша, ғылыми ең­бек­тердің бәрінен қоғам хабарсыз. Мұның бір шешімі – ғылыми еңбектерді танымал журналдарда жариялау. Екінші мүмкіндік – конференцияларда сөз сөй­леп, ғылыми жаңалықтарды адамдарға түсіндіру. Сөйтіп, бірлескен жобалар арқылы ұйымдасып, алға қойған мақсатқа жетуге болады», деді ға­лым. Яков Кузяков – соңғы екі-үш жылда ой-пікірлері ға­лымдар мен мамандар арасында дәйек­сөз ретінде ең көп қолданылған ғалым.

Парламент Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов еліміздің аграр­лық сала­ мәселелеріне тоқталды. «Биыл ди­қандар үшін ауыр жыл болып тұр. Шаруа­лар қуаңшылықтан зардап шегіп жатыр. Заң бойынша отандық өнімдерге ба­сымдық берілуге тиіс екендігіне қара­мастан, сөрелеріміздегі өнімдердің 70 пайызы – импорт. Бұл мәселе дамыған елдерде оңтайлы шешілген. Мысалы, Еуро­одақ мүшесі бола тұра Мажарстанда жер­гі­лікті өндірушілерді қорғайтын заңдар бар. Бұдан бөлек, Ресей сырттан әкелі­не­тін өнімдерді 27 көрсеткіш бойынша бақылайды. Елімізде тек 7 көрсеткіш бо­йынша ғана талап қойылады. Қазақстанға да ба­қылауды күшейту қажет», деді депутат.

Ал Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталықтың бас директоры Мақсат Бердіқұлов сырт елдерден келетін азық-түлік өнімдері қатаң бақыланатынын айтты.

Конференция барысында негізгі талқы­лау­лар «Тұрақты ауыл шар­уашылығы», «Қазақстан – Ресей – Африка: жаһандық азық-түлік қауіп­сіз­ді­гі», «Азық-түлік қа­уіп­сіздігі», «Білім беру мен тәжірибедегі мега трендтер» атты тақырыптар түрлі ғы­лыми алаңдарда тал­қы­ланды.

Зиген университетінің (Германия) профессоры Madjid Fathi «Азық-түлік өнімдері өндірісінің сапасын артты­ру­дағы технология мен жасанды интеллект» тақырыбы бойынша баяндама жасайды. Ал Арканзас университетінің (АҚШ) PhD, профессор Adnan Alrubaye онлайн форматында азық-түлік өнімдерінің қа­уіп­сіздігі мен бройлер-балапан етінің сапасына бактериялы остеомелит пен хондронекроздың әсері туралы әңгімеледі.

Бұлармен бірге, жануарлардан адам­дар­ға жұғатын ауру түрлерінің алдын алу, олар­ды анықтап, ауыл шаруашылығы да­қылдарын өндірудегі өсімдіктерді қор­ғау­дың тиімді әдістерін қолдану, ГМО проблемалары, азық-түлік өнімдерінің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету, қоршаған ортадан адамдар мен жануарлар әлеміне келетін зиянның бетін қайтару секілді көптеген проблемалар талқыланды.

Сондай-ақ алқалы жиында ЖОО оқыту үдерістерін АӨК өндірісіндегі жаңа тех­­нологиялармен сабақтастыру барысы на­зардан тыс қалмайды. Сонымен бірге қазіргі жағдайда шаруалар мен өнімдерді қайта өңдейтін кәсіпорындар арасындағы байланыс пен қарым-қатынас әлі де болса дұрыс жолға түсе алмай келеді. Конфе­рен­цияда осы мәселелерді шешу жолдары қарас­тырылды.

Шарада Германияның Керман уни­вер­­ситетінің ғалымдары Mohammadi-Nejad Ghasem және Sonia Aghighi (Иран) «Су дағ­дарысы мен климаттың өзгерісіне қарсы кү­реске шыдамды жаңа дақылдардың тұ­қымын іріктеу арқылы реттеу», атты та­қы­рыбы бойынша баяндама жасап, онлайн форматта пікір алмасты.

Отандық ғалымдар еліміздің ауыл шаруашылығы мен оны дамыту бойынша іргелі ғылыми еңбектерін таныстырып, ғылымда қол жеткізген жетістіктерін көр­сетті. Мысалы, ҚАТЗУ экономика факуль­тетінің профессоры Расул Қарабасов азық-түлік сапасы мен қауіпсіз­ді­гін қам­тамасыз ету бағыты ретінде орга­ни­калық ауыл шаруашылығын дамыту туралы, Қазақстанның бұл сала­дағы жетістіктері мен әлеуеті туралы әңгімеледі.