Шаруашылық • 29 Қыркүйек, 2023

Алға жетелейтін жаңа агросаясат

174 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қалада өмір сүріп, еңбек етіп жүрсек те ауылда туған азаматтардың жағдайы үнемі толғандырады. Себептері өте көп. Ең бастысы, ел халқының азық-түлік қауіпсіздігі агроөнеркәсіп кешенінің дамуына тәуелді.

Алға жетелейтін жаңа агросаясат

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Әлемдік бәсекелестік үдерістері күшейіп, экономикалық барьерлер аза­йып, әлемдік ортақ шаруашылықта еңбек пен нарық бөлінісінің ықпалы өскен заманда өзін-өзі азық-түлікпен толыққанды қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортымен айналысатын мемлекеттер зор пайдаға кенелуде. Президент әлемдік нарыққа Қазақстан сапалы өңделген ауыл өнімдерімен ғана шыға алатындығын орынды ескертеді. Осы мақсатты іске асыру бағытында өз ұсыныстарын, тапсырмаларын берді. Ауылды дамытудың жаңа міндеттерін орындау – Үкімет пен жергілікті басқару органдарының маңызды экономикалық міндеті. Ауыл шаруашылығын дамыт­пайынша, әді­летті Қазақстанды қалып­тастыру тіптен мүмкін емес. Себебі, қазіргі күнде ел халқының 40 пайызы қалада тұрады. Қазақстан халқының үштен бірден астамы ауылда тұрғанымен, 30 жылда ауыл көркейіп, ауыл экономикасы айтарлықтай дамыды деп айта алмаймыз. Халыққа қажетті сүт, май, ірімшік, шұжық өнімдерінің қомақты бөлшегі импортталады. Мысалы, ішкі тұтынысқа қажет сүттің 15%, ірімшіктің 51% сырттан әкелінеді. Мұнай, газ сатудан түскен ақшаға еліміз азық-түлік өнімдерін сатып алуға мәжбүр. Ел табысының қомақты бөлігін дамуға емес, тамаққа жұмсап келеді. Рас, нан өнімдері жеткілікті, бидай мен ұнды көп мөлшерде экспортқа шы­ға­­рып келеміз. Алайда ұннан жасалатын мака­рон дайын өнімдерін экспорттау әлдеқайда тиімді екендігін ел билігі мен бизнесмендер ескермей келеді.

Дүкендерде отандық өнімдердің үлес салмағы аз. Азық-түліктің басым бөлшегі – импорттық өнімдер. Халықтың 40 пайы­зы тұратын ауыл елдің азық-түлік қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз ете алмай отыр. Ми­нистрлер кабинеті мен Ауыл шаруа­­шылығы министрлігі ауыл эконо­мика­сын нарықтық талаптарға сай реформалар жүйесін іске асыра алмады. Қазақстан әр жылда КСРО астығының 30%, жүнінің 28%-ын дайындап, зор жетістікке жеткен болатын. Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударып, агроөнеркәсіп кешенінің алдына нақты міндеттер қойды. Ауылдың өңделген өнімін 70%-ға көтеруді межелейді. Өнімді тұрақты, сапалы ұсынып отыратын ірі компанияларды қолдау жос­парлануда. Жылыжайларды көбейту, сүт-тауар фермаларының әлеуетін арттыру, су қоймаларын көбейту, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, ауылдағы шағын бизнесті қолдау, ауылға заманауи технологиялар тарту, аграрлық ғылымды өндіріспен байланыс­тыру, суды аз тұтынатын дақылдарды көбірек егу, аграрлық сала өнімдерін сатуды, сақтауды ретке қою сияқты келелі де маңызды міндеттерді шешуді Президент экономиканы жаңартудың ілкімді жолдары ретінде көрсетеді. Сөзсіз, аталған міндеттер іске асса, елімізде ауыл шаруа­шылығының екінші тынысы ашылады.

Осы міндеттерге қосымша ауылды дамытудың кейбір міндеттеріне тоқталып өтсек дейміз. Әділетті Қазақ­станда осы уақытқа дейін орын алып келген ауыл экономикасына «екінші орын» беруді тоқтататын мезгіл жетті. Сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен әлемдік нарықта мұнайдан да көп пайда таба алатынымыз белгілі. Үкімет осы бағытта нақты шараларды жүзеге асыруға міндетті. Ол үшін «болашағы жоқ ауылдар» деген желеумен мыңдаған шағын елді мекенді құртқан байтақ Қазақ жерінің әрбір нүктесінде ауылдар тұруы және қуатты өмір сүруі міндетті. Қаңырап бос қалған жерлерге көз алартушылар, оларды сатуға, жалға беруге қызығушылар көбеюде. Әрбір елді мекен өзіне қарасты жеріне ие болып, «қойын бағып, қойын құрттап» отырғаны мемлекетке де, халыққа да пайдасы зор. Жердің егесі халық, жер халықпен көгеріп, өз жемісін береді. Халық мекендемесе, жердің әлеуетін қалай пайдаланамыз? Сондықтан «болашағы жоқ ауылдар» деген желеумен сайын даланы иесіз қоюға болмайды. Ауыл адамы өз жерін игерсін, малын өсірсін, астық ексін, оны сатып пайда тапсын деген ұстаным мемлекеттік ұстанымға айналса құба-құп. Мойынқұмның құмында қазақ миллиондап мал өсіргенін ұмытпасақ абзал. Әрине, шаруаларды қолдау қажет. Бастапқы жылдары қолдау көрген ауыл еңбекшісі біртіндеп қуат алып, шаруа­шылығын дөңгелетіп әкетері сөзсіз.

Екінші өзекті мәселе – елдегі урбани­зациялану деңгейінің күшеюі. Ауыл халқы қалаға үдере көшу үдерісі тоқ­та­май тұр. Көп ауылдарда жастар қал­мау­да, немесе азаю үстінде. Қалада жұмыс орындары тапшы. Қалаға келген ауылдықтардың көбінде үйі жоқ. Қара жұмыс істеп, таксилетіп, базарда ұсақ-түйек сатып, біршама жас қор болып жүр. Ауылда жұмыс болса, табыс болса, қалада қаңғумен, жұмыс қуалау­мен күн кешудің не керегі бар? Еліміздегі стихиялы жағдайда өрістеп, ауылды күйретіп жатқан урбанизациялау үдерістеріне қарсы мемлекеттік кешенді шараларды жасау тағдырлық міндеттер қатарында деп білеміз. Ауылда өскен, ауыл шаруашылығын білетін мамандар туған жерін өркендетуге күш салуға тиіс. «Дипломмен ауылға» сияқты қажет­ті, пайдалы шараларды қолдай беруге тиіспіз.

Ауылдағы шаруаларды ұйымдасты­ра­тын ауыл шаруашылығы коопера­тивтерін құру, артелдер ұйымдастыру, МТС-тер құру сияқты әрбір өңір өзіне сәйкес келетін ұжымдық шаруашы­лықтар формаларын табуы тиімді. Себебі, ірі мал бордақылау алаңдарын, су қоймаларын, астық өңдеу кәсіпорын­дарын, т.б. салу, ұстап тұру бір-екі фермердің қолынан келмейді. Бай-қуатты фермерлер шаруашылығының саны өсе бергені жақсы. Дегенмен, агроөнеркәсіп кешенін көтеріп әкетуге олар қауқарсыз. Сондықтан ауылда ұжымдық агрофермалар шешуші рөл атқарады деген ойдамыз. Ірі агрофермалар табысты болуы үшін оған жұмыс істейтін барлық шаруалар адал, әділетті табыстарын алып отыратын жағдай жасалуы керек. Сонда ғана жастар ауылда тоқтайды, өз болашағын ауыл экономикасымен байланыстырады.

Ауылда іске аспай, пайда әкелмей жатқан дүние өте көп. Мысалы, әрбір отбасы кемінде 2-3 қой, 1 ірі қара малды соя­ды. Етін сатады, жейді. Терісі іске жарамай, қоқысқа лақтырылады. Табиғи таза өнімнен ешқандай пайда болмай қалады. Қой, ешкінің жүні де солай, пайдаға аспауда. Себебі Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі ауыл шаруашылығымен бірге терең дағдарысқа ұшыраған. Тері, жүн, сүйектерді өңдеп, нарыққа ұсына алатын цехтар, фабрикалар жұмыс істемей тұр. Шикізат жеткілікті. Алайда оны пайда көзіне айналдыратын жеңіл өнеркәсіп саласы болмай тұр. Миллиондаған теріні бір жылда жинауға болады. Әлемдік на­рыққа тон, етік, бас киім, т.б. тігетін тері дайындауға әбден мүмкіндік бар. Жүннен түсетін пайда да шаш етектен. Тіптен мал мүйізі, сүйектері тамаша табиғи өнімдер қатарында. Ал қазір ауыл­дықтар әр қойдан 50-60 мың ғана пай­да көреді. Жүні мен терісі іске асса бұл пайда 30-40 пайызға артуы мүмкін. Өкі­ніш­ке қарай, олай болмай тұр, пайдалы дүние бос рәсуә болуда. Кеңестік кезеңде шешілген осы мәселені шұғыл шешу күн тәртібінде деп білеміз. Тері мен жүнді өңдеу қосымша жұмыс орындарын ауылда, аудан орталықтарында ашуға мүмкіндік берер еді.

Ауылды дамытудың жолы – ауыл халқының материалдық әл-ауқатын арттырумен қатар, оның әлеуметтік инфра­құрылымын дамыту. Қазір көп­теген ауыл­да аурухана тұрмақ фельд­шерлік пункттер сирек. Дәрігер іздеп ауыл халқы ірі елді мекендер мен аудан орталықтарына сабылады. Басты байлық денсаулық десек, Үкімет қаржыны аямай, әр ауылда дәрігері бар фельдшерлік пунктер, ауруханалар ашуға міндетті. Ауыл мектептерінде бала саны аз болса да, шығыннан қорықпай, 5-10 баланы оқытатын шағын комплектілі мектептерді жаппай оқуды жалғастыру керек. Кітапхана мен интернет жұмыс істеп тұруы да қажетті. Сонда ғана ауыл өркендейді. Халық ауылда тұруға дайын болады.

Қарап отырсақ, әділетті Қазақ­станға түбегейлі жаңа аграрлық сая­сат керек. Ол саясаттың мақсаты – елді табиғи шикізаттарды сатушы, басым державалардың шикізат базасы емес, оларға аграрлық саланың сапалы өнім­дерін сататын мемлекетке айналдыру болуы керек. Жаңа аграрлық саясатты шындыққа айналдыру оңай шаруа емес. Ол үшін мемлекеттілік ғылыми негіз­делген реформалар іске асырылуы керек. Қазақстан экологиясының таза асты­ғы­мен, етімен, сүт-майымен, қымыз-құрты­мен, қызыл ірімшігі­мен әлемдік нарықтан өз орнын алады деген үміт зор.

 

Сайын БОРБАСОВ,

саяси ғылымдар докторы, профессор