Пайдалы қазбалар • 05 Қазан, 2023

Мұнай дипломатиясы һәм Қазақстан

229 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қара алтын сегментіндегі қазіргі жағдайға сарапшылар «белгісіздік кезеңіндегі мұнай дипломатиясы» деп баға беріп үлгерді. Әзірге бұл майданның басты ойыншылары кім екені нақтыланған жоқ. Тіпті әлемдік мұнайдың қомақты бөлігін уысында ұстап отырған, өзін басты ойыншылардың қатарында танытып келген Ресейдің де тек мұнай құбырына тәуелді екенін 2022 жылдың басында байқадық.

Мұнай дипломатиясы һәм Қазақстан

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Батыс елдерінің санкциясына іліккен Ресей арқылы қазақтың қара алтынын жаһандық нарыққа тасымалдау қиындап барады. Мұнайымыздың 97 пайызы Ресей арқылы экспортталады. Оның ішінде 53 мил­­лион тонна мұнай (79%) Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы, 12 миллион тонна мұнай Атырау-Самара құбырымен тасымалданады. Санкцияның кесірінен Ресей аумағы арқылы тасымалданатын қазақ мұнайы жеңілдік-дисконтпен сатылады. Бізге одан өзге балама жолдардың мүмкіндігі шектеулі болып тұр. «Атырау-Самара» құбырына қатысты біраз шығынға батқанымызды осыған дейін жазғанбыз. Ресей-Украина қақтығысынан кейін батыстық тұтынушылармен байланысымызды үзіп алмауға тырыстық. 2022 жылдың көктемінде Үкімет жаңа бренд – KEBCO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) құру туралы шешім қабылданды. KEBCO мұнайының бағасы Brent құнынан асып түскені енді-енді айтылып жатыр.

2023 жылдың алғашқы бес айында­ Қазақстан Германияның Шведт қала­сын­дағы мұнай өңдеу зауытына 90 мың тонна мұнай жіберген. Бұл зауыт соғыс­қа дейін «Роснефтіге» тиесілі болыпты. Ұлттық статистика бюросының мәлі­метінше, Қазақстан 2023 жылы Еуро­одаққа тасымалдайтын мұнай көлемін арт­тырған. Алғашқы жарты жылдықта мұна­йымыздың 71 пайызы ЕО елдеріне тасы­малданыпты. Өткен жылы бұл көр­сет­кіш 65 пайыз болған. Германиядан бөлек, Қазақстан мұнайын Италия да алып жатыр. Соғысқа дейін оны ресейлік «Лукойл» шикізатпен қамтамасыз еткен. Италияға тасымалданған отандық мұ­най көлемі алғашқы тоқсанда жалпы көлем­нің 38 пайызын құраған. Былтырғы көр­сеткіш – 28 пайыз. Францияға тасы­мал­дан­ған Қазақстан мұнайы 5-тен 7-ге, Ру­мынияға жеткізілген біздің мұнайдың кө­лемі 4 па­йыз­­дан 7 пайызға дейін ұл­ғай­ған. Демек Еуроодақтың эмбаргосына ұшыраған Ресей мұнайының аз ғана бөлігін KEBCO алмастыра алса, мұ­най дипломатиясының жалына жарма­са ала­мыз.

 Bloomberg қыркүйек айында Каспий және Қара теңіз арқылы тасымалдау үшін мұнай танкерлерін сатып ала бастағанымызды хабарлады. Агенттіктің айтуынша, жаппай танкер сатып алу – Орталық Азиядағы ең ірі мұнай өндіруші Ресей арқылы өтетін негізгі экспорттық құбырға балама іздеп жатқанының белгісі.

«ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) мемлекеттік ұлттық компаниясының еншілес кәсіп­орны «ҚазТеңізТрансФлот» (ҚМТФ) Каспий теңізі арқылы мұнай тасымалдау үшін әрқайсысының дедвейті 8 мың тонна болатын 2 танкер (мұнай өнеркәсібі стандарттары бойынша салыстырмалы түрде шағын кемелер) сатып алды.

Энергетика вице-министрі Е.Ақкен­же­­­­новтің айтуынша, Қара теңізде жұмыс істеу үшін әрқайсысының дедвейті 80 мың тонна болатын тағы 2 кеме сатып алу жоспарлануда. 23 маусымда Еуропалық Одақ Ресейге қарсы 11-ші санкциялар пакетін қабылдағаннан кейін «Дружба» мұнай құбырының солтүстік бөлігі арқылы Ресей мұнайын Польша мен Германияға импорттауға берген уақытша рұқсатының мерзімі аяқталды. Қазір бұл құбыр арқылы тек қазақ мұнайы жіберілуде.

Сарапшылар мұнай тасымалы дегенде Әзербайжан бағытына көбірек басымдық береді. Екінші тоқсанда «ҚазТрансОйл» елдегі ең ірі кен орны Теңізден Каспий теңізі арқылы Бакуге және одан әрі Баку-Тбилиси-Джейхан (БТД) құбыры арқылы мұнай жеткізілімдерінің артқанын хабарлады. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында оның ағыны бір жылмен салыстырғанда 6,6 пайызға өсіпті. Маусым айының соңында Қазақстан Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясы SOCAR-мен БТД құбырын пайдалану квотасын жылына 1,5 миллион тоннадан ұлғайту туралы келісімге қол қойды. Сарапшылар Әзербайжан аумағы арқылы мұнай тасымалдау нұсқасын бірінші рет қарастырып отырмағанымызды айтады. Себебі біздің жоба мұнай сапасының айырмашылығына байланысты Әзербайжан тарапы үшін тиімсіз екен. Баку жоғары сапалы мұнай шығарғандықтан, өз мұнайын қазақ мұнайымен араластырғысы келмейді. Екі елге де тасымалдау тарифтерімен келісімге келу қиынға соғып тұр. Себебі Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры арқылы экспорттау Новороссийск арқылы өтетін ресейлік бағытқа қарағанда қымбатырақ. Қазақстан мұнайын Баку арқылы экспорттау үшін Каспий теңізінде екі теңіз терминалын салу және танкерлер флотын сатып алу қажет. ЕО басылымдары энергияны әртараптандыру стратегиясына соңғы жаңалық Транс-Адриатикалық (БГБ) және Транс-Анадолы (TANAP) бағыттары туралы жиі жазып жатыр. Бұл жоба Орталық Азия елдерінің Еуропаға жеткізу мүмкіндіктерін осы жолдарға мұнай танкерлері арқылы жеткізуге басымдық береді.

Мұнай саласының сарапшысы және Сент-Эндрюс университетінің зерттеушісі Алия Цхай тамыз айында Алматыда өткен жиында Әзербайжан бағытының нәтижесі туралы пікір айтуға әлі ерте екенін жет­кізді. Қазақстан мен Еуропаны байланыс­тыратын дәліз ресейлік құбырларға тәуелді. Бұл Орталық Азия елдерінің мұнайы мен газын тасымалдаудың балама бағыттарын қысқа мерзімде қалыптастыруға мүм­кін­дік­ бермейді.Осы салаға қаржы саламын деп отырған инвес­торлар да аз.

Ақтаудан Бакуге тікелей мұнай құбыры болмағандықтан, отандық шикізатты тек Каспий теңізі арқылы танкерлермен жеткізуге болады. Ал флоттың қазіргі жағдайы тасымалданатын мұнай көлеміне төтеп бере алмайды.

«Қазақстан мұнайын Каспий теңі­зі­­ арқылы жеткізу үшін танкерлер­ пар­кін ұлғайту керек, не қымбат инфра­құ­рылымдық жоба болып табылатын жаңа құбырлар салу қажет. Келіссөздер жүр­гі­зу және жаңа инфра­құрылымды салу үшін­ бірнеше ондаған жылдар керек», дей­ді А.Цхай.

Сарапшылар Германия Ресей мұна­йын­ импорттауды тоқтатқаннан кейін Қазақ­стан үшін Еуропа нарығына мүм­кіндіктер терезесінің ашылғанын айта­ды. Нәтижесінде, 2022 жылдың қыр­күйегінде Германия ресейлік шикі­зат­ты алмас­тыру мақсатында Қазақстан мұ­найын «Дружба» құбыр жүйесі арқы­лы жеткізу бойынша Қазақстанмен келіс­сөздер басталғанын хабарлады. «Друж­ба» мұнай құбыры Ресейдің Аль­ме­тьевск­ қаласынан басталып, Брянск арқы­­лы өтіп, одан әрі екі бағытта жүреді. Бір бағыт – солтүстік – Беларуське, одан ке­йін Польшаға, одан әрі Германияға бара­ды. Екінші бағыт – оңтүстік – Бела­русь­тен Украинаға, одан әрі Вен­грия­ға, Словакияға және Чехияға барады. Қазақстанның Ресей аумағы арқы­лы жеткізілімге тәуелділігі тым күшті. Басқа географиялық жабдықтау бағыт­тарын жүзеге асыру қиын және жеткізу шығындары жоғары, бұл біздің мұнайдың тартымдылығын төмендетеді.

Экономист Мағбат Спановтың айтуынша, мұнай бағасы жоғары болып тұрған кезде логистика мәселесін шеше алмадық. Әлемдік мұнай-газ нарықтарына логистикалық дәліздеріміз Каспий құбыр консорциумы арқылы ғана өтті. Қазақстан мұнайының 80 пайызын бір құбырға байлау дұрыс шешім емес еді. Теріскейдегі ел бізді мәжбүрлі түрде осындай шешім қабылдауға итермеледі. Мұнай бағытын әртараптандыру әңгіме деңгейінен мемлекетаралық келісім деңгейіне енді көтерілді.

 Сарапшының пікірінше, алдағы бес жылда жағдайдың өзгеруі екіталай. Себебі мұнайдың құлағын ұстап отырған шетелдік инвесторлар оның бағытын әртараптандыруға ықыласты емес. Біздің мұнайды да Ресей аумағымен жеткізуге ниетті, Ресейдің газ құбырын жауып, отын экспортын шектеуінен аузы күйген Еуропа бұл территория арқылы тасымалдың тұрақты болатынына сенбейді. Одан бөлек мұнай дипломатиясын уысында ойнатып отырған елдердің қатарында емеспіз. Танкерлер Каспий теңізі арқылы, содан кейін БТД құбыры арқылы жылына шамамен 2-5 млн тонна мұнай тасымалдай алады. 2008 жылы мұнай жөнелту көлемі 9 миллион тонна болса, 2014 жылы 5,5 миллион тонна, 2023 жылдың наурыз айында 1,5 миллион тоннаның ғана мұнайы тасымалданғаны хабарланды, оның өзі Ақтау-Баку теңіз жолы бойынша паритеттік негізде.

Сарапшының сөзінше, «қазір қазақ мұнайын қайда жіберу керек?» деген мәселені кешіктірмей шешіп алу керек. Логистикалық тізбектің бұзылуы экспорттың табыстылығын қамтамасыз ете алмайды. Негізгі ағын Ресей арқылы өтеді. Қазақстан мұнай жеткізетін тағы бір маңызды бағыт – Қытай. Иран да перспективті бағытқа айналуы мүмкін, бірақ әлемдік ойыншылардың оған деген геосаяси көзқарасын ескерсек, бұл – екіталай. ЕО-ның декарбонизация жоспарлары және 2026 жылы көміртегі салығын енгізу тұтастай алғанда мұндай құбырдың өміршеңдігі туралы күрделі сұрақтар тудырады. «Біз Ресейден жеткізілетін логистикалық тізбекті бір күнде басқа бағытқа бұра алмаймыз. Бұл – мемлекетаралық келісімшарттар шеңберінде шешілетін мәселе. Ресей экономикасына бағытталып отырған санкцияның салдарын әлі біраз уақытқа дейін сезетін боламыз. Ендігі міндет экономиканы дағдарыстан алып шығатын бағыттарға бейімдеу», дейді сарапшы.

Экономистің айтуынша, Ресейдегі 11 мұнай өңдеу зауыты ішкі сұранысқа жауап беріп отыр. Өзбекстан ілеспе газдан өнім шығаратын 3 зауыт салып алып, бізден мұнай алуды тоқтатты. Кав­каз елдерінің мұнайға деген сұра­ны­сын Әзербайжандағы мұнай зауыттары жауып отыр. «Жыл өткен сайын мұ­найға деген сұраныс азайып келеді. Қазақ­стандағы қазір сутегі, оттегі, электр, газбен жүретін көлік түрлері пай­да­ болды. Осыған дейін олар мұнайға деген сұраныстың 40 пайы­­зын жабатын.­ Мұнайға деген сұраныс қазіргі деңгей­ден екі пайызға төмендесе, тегін де бере алмайсың. Құбыр ішінде ағып бара жатқан мұнай ағынын тоқтатып қай­та өңдеу өте қымбатқа түседі. Әзір­ге мұнай дипломатиясындағы жүрі­сімізді сұраныс бар кезде игеріп, өт­кен­ бағасына сатып, қаржысын эко­но­миканың өзге сегменттеріне бағыт­та­ғаннан бастағанымыз дұрыс», дейді сарап­шы.

 

Алматы