Елорда • 12 Қазан, 2023

JOLTAP: Астанада цифрлық мамандықтарға оқыту жүргізіледі

225 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада жаз мезгілінің соңына таман цифрлық мамандықтарға тегін оқытудың алғашқы ағыны іске қосылды. Курстар жеті танымал бағыт бойынша өтеді, тілек білдірушілердің бәрі жазыла алады, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

JOLTAP: Астанада цифрлық мамандықтарға оқыту жүргізіледі

«Freelance Mumkindik» қысқа мерзімді оқыту бағдарламасы Астана әкімдігінің қолдауымен JOLTAP жобасы аясында әзірленді.

«Freelance Mumkindik-тің» басты мақсаты – елорда тұрғындарына табысын арттыру мүмкіндіктерін таңдауға, сондай-ақ кәсіби біліктілікті арттыруға көмектесу», деп түсіндірді «Жаңа Мүмкіндік» қорының талдау бөлімінің жобалық менеджері Ерасыл Ділдайым.

Бірінші ағымда 177 адам оқуға кірісті. Таңдау үшін оларға жеті цифрлық мамандық ұсынылды: таргетолог, SMM, видеограф, маркетплейс маманы, мобилограф, графикалық дизайнер және веб-дизайнер (сайттарды әзірлеу).

р

«Мен мобилография курсында оқимын. Оқыту тегін әрі сабақтар жайлы кабинеттерде және студияларда өтеді, онда біз фотосессияларға қатысамыз және білімімізді тәжірибе жүзінде қолданамыз. Бірінші сабақтан бастап екі апта өтті, осы уақыт ішінде бізге видеоларды монтаждау және әртүрлі эффектілерді қолдану үйретілді. Бұл оқуды өте жақсы көремін. Өзім риэлтормын, әлеуметтік желілерде өз қызметтерімді таныстыру үшін мобилография қажет. Бірақ менің ойымша, бұл курс өте пайдалы болады. Кейбір әйелдер тіпті балалармен сабаққа келеді, сол сияқты жақында зейнетке шыққандар да арамызда бар», деді оқушылардың бірі Наталья Губарь.

Курстар аяқталғаннан кейін қатысушылар сертификаттар алады, ал олардың түйіндемелері «JUMYS TAP» Telegram-ботында тегін жүргізілетін болады.

Жоба үш жылға жоспарланған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы жылдың қараша айында жұмысшы мамандықтары бойынша тегін оқыту басталады.

р

Елорда тұрғындарына ыңғайлы болу үшін «Баршаға Мүмкіндік» модульдік пунктері қаланың түрлі орындарында орналасқан және күн сайын, демалыссыз мына мекенжайлар бойынша жұмыс істейді:

  • «Жастар» сарайы, Республика даңғылы, 34;
  • «Тұлпар» СО, Ш.Уәлиханов көшесі, 24;
  • «Euromall» СҮ, Қосшығұлұлы көшесі, 24;
  • «Ailand» СОО, Қорғалжын тас жолы, 2;
  • «Встреча» СҮ, Абылай хан даңғылы, 31;
  • «Mechta» СҮ, Сығанақ көшесі, 3;
  • «Азия парк» СОО, Қабанбай батыр даңғылы, 21;
  • «Magnum» супермаркеті, Еділ көшесі, 26;
  • «Саянұр» базары, Тілендиев даңғылы, 24/5;
  • «Big Шанхай» СҮ, Алаш тасжолы, 32а.