Кәсіпқой бокс • 13 Қазан, 2023

Қос белбеу үшін айқас

165 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алдағы жексенбі күні WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (14-0, 9 KO) кәсіпқой бокстағы кезекті жекпе-жегін өткізеді. Оның бұл жолғы қарсыласы – IBF нұсқасы бойынша чемпиондық белбеудің иесі германиялық Винченцо Гуальтьери (21-0-1, 7 KO).

Қос белбеу үшін айқас

АҚШ-тың Техас штатындағы Розенберг қаласында өтетін үл­кен жекпе-жек кеші екі бокс­шы үшін де мансабындағы ең маңызды кездесудің бірі болмақ. Себебі бұл айқаста екі боксшы да өздеріне тиесілі орта салмақ­тың екі белдігін бәске тігіп отыр. Жең­гені – екі тұжырым бойынша әлем чемпионы атағына қол жет­кізсе, жеңілгені осы кезге дейін жинаған атақ-абыройынан айы­рылып, чемпиондық белдіксіз қалады. Оның үстіне жеңіліссіз келе жатқан бір боксшының статистикасына жеңіліс жазылайын деп тұр.

Маңызды жекпе-жек алдын­­­да Жәнібектің қарсыласы Вин­чен­­цо Гуальтьери туралы оқыр­­ман­ға ­аз-кем мәлімет бере кеткен­ді жөн көріп отырмыз. Кәсіп­қой бокс әлемінде енді-енді танылып келе жатқан 30 жас­тағы Вин­чен­цо Гуальтьери 1993 жылдың 4 қаңтарында Герма­нияның Вупперталь қа­ла­сында дүниеге келген. Әуес­қой бокс­та ауыз тол­тырып айтар­лық­тай жетіс­тігі жоқ неміс жігіті 2015 жыл­дың күзінен бері кәсіп­қой бокс шаршы алаңында жұ­ды­рық­тасып келеді. Сол кезден күні бүгінге дейін 21 рет шар­шы алаңға көтерілген ол, барлық бәсекесінде жеңіске жетті. Жеті кездесуін мерзімінен бұрын аяқ­таған. 2020 жылға дейін тек «қап­шықтармен» жұдырықтас­қан Винченцо кейіннен өзімен дең­гейлес боксшылармен кездесе бастады. Алдымен ол Александр Павловты ұпай санымен же­ңіп, Германия чемпионы атанса, кейіннен бұл атағын Томас Пиччирильге қарсы өткен айқас­та сәтті қорғады. Ал 2021 жылы аргентиналық Билли Годойден басым түсіп, IBF Inter-Continental белдігін жеңіп алды. Бұл белдігін де екі мәрте қорғаған соң бос тұрған IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атану үшін Лондон Олимпиадасының кү­міс жүлдегері бразилиялық Эски­ва Фалкаомен жұдырықтасуға мүм­кіндік алды. Ал Вупертальда өт­кен кездесуде Гуальтьери ұпай санымен жеңіске жетіп, орта сал­мақтағы IBF белдігін чемпионы атанып шыға келді. Бір айта ­ке­терлігі, Винченцо Гуальтье­ри ­21 жекпе-жегінің барлығын өз ­отанында өткізген.

Жәнібек Әлімханұлына келер болсақ, отандасымыздың жү­ріп өткен жолын бокс жанкүйер­лері жақсы біледі. Әуесқой бокста бірнеше дүркін ел чемпионы атанып, 2013 жылы Азия және әлем біріншілігінде топ жарды. 2016 жылы Рио Олимпиадасына қатысқанымен, ширек финал­дан әріге аса алмады. Сөйтіп, 2016 жылы толығымен кәсіпқой бокс­қа бет бұрып, даңқты промоутер Боб Арум жетекшілік ететін «Top Rank» компаниясымен ке­лісімшартқа отырды. Бүгінге де­йін ол 14 рет рингке көтеріліп, бар­лығында жеңіске жетті. Тоғыз қар­сыласын нокаутпен сұлатып салды. 2021 жылы отандасымыз экс-әлем чемпиондары – Роб Брэнт­ты ұпай санымен, Хассан Эн­жикамды техникалық нокаутпен жеңіп, бокс мамандары­ның кө­зіне түсе бастады. Ал 2022 жылы Дэнни Дигнумды екін­ші раунд­та сұлатып салып, WBO тұжы­рымының уақытша чемпион атанды. Ал кейін жек­пе-жек өткізбей-ақ әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Бүгінге дейін Жәнібек WBO белбеуін Дензел Бентли мен Стивен Бат­лерге қарсы өткен айқаста екі мәр­те сәтті қорғады.

Әлімханұлы – Гуальтьери жек­пе-жегін бокс жанкүйерлері 15 қа­зан күні сағат 7.00-де «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде тамашалай алды. Сондай-ақ бокс кеші «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасы мен qazsporttv.kz сайтында онлайн трансляцияланады.