Қоғам • 13 Қазан, 2023

Оқушыларды мектепте дұрыс тамақтануға дағдыландыру мәселелері талқыланды

189 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда «Қазақстандағы балаларды салауатты өмір салты негіздеріне оқыту жүйесіндегі инновациялар: «Салауатты тамақтану мектебі» атты дөңгелек үстел өтті. Жиын өскелең ұрпақты дұрыс тамақтана білуге дағдыландыруға септесетін заманауи құралдарды талқылауға арналды.

Оқушыларды мектепте дұрыс тамақтануға дағдыландыру мәселелері талқыланды

Ашық дереккөз

Еліміздің әр өңірінен келген Білім басқармасы мекемелері өкілдерін, ғалымдар-педагогтер, дәрігерлер, психологтарды тоғыстырған іс-шараға Алматы қалалық Білім басқармасының «Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми-әдістемелік орталығы» мен Nestlé Kazakhstan ұйытқы болды.

Кездесу барысында «Салауатты тамақтану мектебі» бірегей білім беру жобасының жұмыс тәжірибесі талқыланды. Елімізде 10 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан осы бағдарламаның арқасында 200 мыңнан астам бала дұрыс тамақтану ережелерін меңгерді десек те болады. Мұндай нәтижелерге бағдарлама аясында балаларды пайдалы әдеттерге тәрбиелеудің интерактивті әдістерін белсенді түрде қолдану арқылы қол жеткізілді.

Бағдарлама жалғасын табатындықтан, жаңа оқу жылы басталғалы бері бірнеше жаңа білім беру ресурстары іске қосылып отыр. Яғни, цифрлы сабақтар, фуд-зертхана, «Біздің дастархан» байқауы сынды жаңа бастамалар тамақтануға байланысты білім мен дағдыларды қалыптастыру үшін ғана емес, сондай-ақ балаларды тамақ дайындай білуге үйретеді. Сонымен қатар жоба аясында балалардың ұлттық аспаздық мәдениетке деген қызығушылығын қалыптастыру да қарастырылады.

«Білім беру жүйесінде оқыту сапасын арттыру мақсатында инновациялық технологиялар белсенді енгізіліп жатыр. Алайда, мектеп тек заманауи және тиімді білім беру бағдарламаларын ғана емес, сонымен қатар тәрбиелік, оның ішінде өскелең ұрпақта салауатты тамақтану мәдениетін қалыптастырумен байланысты бағдарламаларды қажетсінеді. Сондықтан мектеп оқушыларына өз денсаулығына қамқорлық жасауға мүмкіндік беретін «Салауатты тамақтану мектебі» бағдарламасының мәні зор», дейді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Ботагөз Ахметова.

«Республика педагогтері биылғы оқу жылында «Салауатты тамақтану мектебінің» цифрлы модульдерімен белсенді таныса бастады. Мұғалімдер жыл сайын педагогикалық жұмыстың жаңа нысандары мен әдістері туралы білетін Республикалық тамыз кеңесі аясында біз қатысушыларға жоба туралы айтып қана қоймай, сондай-ақ кейбір құралдармен жұмыс істеуді ұсындық. Нәтижесі тамаша – білім беру ресурстары педагог-практиктердің жоғары бағасына ие болды», дейді Алматы қалалық Білім басқармасының «Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми-әдістемелік орталығы» бөлімінің басшысы Татьяна Ежова.

Өз кезегінде осы бастамаға он жылдан астам уақыт бойы атсалысып отырған Nestlé білім беру бағдарламаларының жетекшісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Александра Макеева: «Салауатты тамақтану мектебі» жобасын инновациялар мен тұрақты даму айрықшалайды. Оның шағын оқу курсының әртүрлі бағыттарын біріктіретін және көптеген тиімді әрі заманауи технологиялар арқылы жүзеге асырылатын ауқымды кешенге айналған он жылдық тарихы – осының жарқын дәлелі. Бүгінгі таңда «Салауатты тамақтану мектебі» балаларды ғана емес, ата-аналарды, мұғалімдерді, ғалымдарды біріктіріп отыр», дейді.

Сондай-ақ дөңгелек үстелден кейін «Салауатты тамақтану мектебі» бағдарламасының табысты жұмысына 10 жыл» атты республикалық конференция өтіп, қатысушылар бағдарламаның әдістемелік аспектілерімен танысып, оны іске асыру бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулықтармен танысты. Сондай-ақ Алматы қаласындағы білім мекемелеріне барып, ашық сабақтарға қатысты.

Конференция аясында елімізде алғаш рет өткен «Біздің дастарқан» суреттер байқауына қатысқан оқушылар марапатталды.