Спорт • 15 Қазан, 2023

«Аяқтан айырылу ауыр соққы болды» - Ел байрағын ұстаушы параспортшы Жанғали Сүйеуов

333 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қытайдың Ханчжоу қаласында  жазғы Пара Азия ойындары өтеді. Біздің еліміздің спортшылары бірнеше спорт түрінен сынға түседі. Отырып ойнайтын волейбол (пара волейбол) спортынан ұлттық құрамаға үлкен сенім артылып отыр. Жуырда Паразия ойындарына баратын спортшыларды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Еліміздің спортшыларын  бастап, ту  ұстап шығу құрметі параволейболшы  Жанғали Сүйеуовке бұйырды. Жанғали Сүйеуов кім? Бұл спортқа қалай тап болды? Өзінен сұрадық.

«Аяқтан айырылу ауыр соққы болды» -  Ел байрағын ұстаушы параспортшы Жанғали Сүйеуов

Фото: qazsporttv

«Атырау облысының тумасымын. Әкеміз ерте өмірден өтті де, үйдің тұңғыш баласы болған соң анама қолғабыс етіп, мектепті  тәмамдап бірден   жұмыс істедім. Жүк көлігін жүргіздім. 2006 жылы 23 жасымда жол көлік апатына ұшырап, ауыр жарақатпен ауруханаға түстім. Дәрігерлер ота жасап бір аяғымды кесті. Әрине, моральдық тұрғыдан да, рухани, физикалық жағынан да ауыр соққы болды. «Анама қалай  көмектесемін? Бауырларым да кішкентай, соларға масыл болам ба?» деген ой маза бермейтін. Бір жылдан кейін Бауыржан Тахауов есімді бапкер ағай  отырып ойнайтын волейбол спорты бар екенін айтып, сол спортпен шұғылдануға шақырды. Алғашында ыңғайсыздандым. Бір аяғынан айырылған мен үшін спортпен шұғылдану деген мүмкін еместей көрінді. Бірақ бапкер Бауыржан ағай өзінің ақыл-кеңесін айтып, керісінше рухымды жігерлендірді. Осылайша 2007 жылдан бастап параволейболмен шұғылданып жүрмін. Ұлттық құрама сапына өту де оңай болған жоқ, өзіңді дәлелдей алғанда ғана  қабылдайды. 2008 жылы ұлттық құрамаға қабылдандым. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алдым. Келіншегім зауытта зертхана қызметкері, бес балам бар. Үлкен ұлым университетте оқиды, екінші қызымыз колледж студенті.  Одан кейінгі екі баламыз мектеп жасында, кенжеміз екіден асты. Келіншегім әзірге бала күтімімен үйде. Біз көбінесе сыртта боламыз, оқу-жаттығу жиыны, түрлі жарысқа қатысу үшін айлап үй көрмейміз.  Келіншегім балалардың сабағын да өзі қадағалап келеді. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» демей ме, менің міндетім -   шаңырақтың тұтқасы ретінде бала-шағама ақша тауып әкелу. Тек мемлекет тарапынан мүгедектігім үшін берілетін жәрдемақыға қарап отыруға болмайды. Параволейболдан ұлттық құрамада ойнағанымыз үшін бізге ай сайын жалақы төленеді. Осылай біреуден ілгері, біреуден кейін өмір кешіп келеміз. 

пара вол

Параволейбол спортын таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, осы спорттың арқасында еліміздің әр өңірінен жолдас, дос таптым. Қазақстан чемпионаты,  Қазақстан кубогі, спартакиада сынды ел ішіндегі жарыстарда бір-бірімізге қарсылас болсақ та, өмірде  тонның ішкі бауындай араласатын жолдаспыз.

Алда біз үшін үлкен сын тұр. Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Пара Азия ойындарында топ жару міндеті жүктелді. Биыл  пара волейболдан  Азия чемпионаты Астана қаласында өтті, біз келесі жылы Парижде болатын  жазғы Паралимпиада ойындарына жолдама иелендік. Қытайдағы  Пара Азия ойындарында барымызды саламыз деп ойлаймын. Қалған спортшыларға да сәттілік тілеймін», деді Жанғали Сүйеуов.