Сараптама • 18 Қазан, 2023

Таза ауыз су – әлемдік мәселе

494 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Озық зерттеу орталықтарының бірі Йель университетінің Экологиялық құқық және саясат орталығы дүние жүзіндегі экологиялық таза елдердің рейтингін талдап, Экологиялық тиімділік индексін жариялап отырады. Аталған индекс ғылыми-талдамалық деректерге негізделіп, әлем елдерінің тұрақты даму көрсеткіштері туралы жиынтық ақпараттың негізінде жасалады.

Таза ауыз су – әлемдік мәселе

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ

Экологияның 11 санаты бо­йынша 40 тиімділік көрсеткіштерін пайдалана отырып, зерттеу тобы дүние жүзінің 180 елін климат­тың өзгеруі, қоршаған орта жағ­дайы және экожүйелердің өмір­шеңдігі көрсеткіштері бойынша бағалайды. Бұл мақалада Йель университеті жариялаған Эко­логиялық тиімділік индексі негізінде жасалған (Unsafe drinking water). Ішуге жарамсыз ауыз су индексін бөлек көрсетіп, әлемді алаңдатқан мәселеге арнайы тоқталмақпыз.

Әрбір мемлекеттегі судың сапасын бағалауда зерттеушілер қандай деректерді қамтығаны маңызды. Йель университетінің мамандары ең объективті көрсет­кіш ретінде түрлі қалаларда алын­ған судың зертханалық тал­дауларының орташа көрсет­кіші емес, халық арасында суды тұтынудың салдарынан туын­даған денсаулыққа қатысты мәлі­меттерді талдау дұрыс деп шешкен. Ішуге жарамсыз ауыз су индексін құрудың басты критерийі халық тұтынатын ауыз судың әсеріне байланысты денсаулыққа келген зиян мен аурулардың орташа статистикасы алынған. Есепте сарапшылар «DALY» көрсеткішін қолдана отырып, тұтынған ауыз судың әсерінен 100 мың адамға шаққанда денсаулығына зиян келген, мүгедектікке шалдыққан статистикалық деректердің жас бойынша стандартталған өмір сүру мәліметтерін пайдаланған.

Екі жылда бір рет жаңартылып отыратын рейтингтің соңғы нұс­қасы 2022 жылы шықты. Ин­дексте қамтылған барлық мемлекет 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша бағаланады әрі ең жоғары ұпай таза әрі сапалы ауыз суды қамтамасыз ете алған мемлекеттерді білдіреді.

Тізімнің үздіктеріне 100 ұпай алған 10 мемлекет енген. Зерттеу дерегінен көріп отырғанымыздай, индекстің алғашқы ондығында Аустрия, Финляндия, Греция, Исландия, Ирландия, Мальта сынды Еуропа мен Жерорта теңізі мемлекеттері орналасқан. Индексте Армения – 39, Бела­русь 40-орынға жайғасса, Қазақ­стан әлемдік көрсеткіште 54-орынға тұрақтаған. Атап өтетін жайт Қазақстан 2020 жылғы рейтингте де 55,8 ұпаймен 54-орынды иеленген еді.

Ал өзге Орта Азия елдері ішінен Өзбекстан – 60, Түрік­менстан – 77, Қырғызстан 78-орында орналасқан. Түр­кия 80-орын­ға тұрақтаса, Әзер­бай­жан 84-орында тұр. Зерт­теу рейтин­­гінде төмен көрсет­кіштерді Афри­ка құрлығы мемле­кеттері иеленген. Камерун – 170, Нигерия 177-орынға тұрақ­таған.

Бүгінгі таңда таза ауыз су мә­селесі адамзат баласы үшін өзекті болып отыр. БҰҰ-ның дерегінше, дүние жүзінде миллиардтаған адам әлі күнге дейін таза ауыз суға қол жеткізе алмай келеді. Дү­ниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) су ресурстары бойынша климаттық қызметтердің жай-күйі туралы соңғы есебіне сәйкес, суға байланысты тәуекел­дер жоғары қарқынмен өсіп келеді. 2000 жыл­дан бастап су тасқыны – 134, құрғақшылықтың ұзақтығы 29 пайызға өскен.

Қазірдің өзінде мамандар жаhандық климаттың жылынуына байланысты 2050 жылға қарай Орталық Азияда су тақырыбы күрделі мәселе болатындығын болжап отыр. Негізгі өзендері көршілес мемлекеттерден бастау алатын Қазақстан үшін су мәселесі шешімін табуды қажет ететін стратегиялық ба­сым­дықтардың бірі екені анық. Елімізде ауылдар мен шал­ғай өңірдегі халқымызды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақ­сатында мемлекеттік бағдар­ламалар жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Дегенмен жерасты суларының картасын жаңарту, бұл бағытта тиісті ғылыми зерттеу­лер жүргізу сынды атқарылатын мәселелер де баршылық.

Йель университетінің Эколо­гиялық тиімділік индексі мен Ішуге жарамсыз ауыз су есептері ғалымдарға, аталған сала мамандарына, жалпы тақырыпқа қызығушы қауымға қажетті көмекші құрал бола алады.

 

Бауыржан СЕРІКБАЕВ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы