Экономика • 18 Қазан, 2023

Электрмобиль келешегі

159 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде 4,4 млн жеңіл автомобиль бар болса, соның 4,7 мыңы – электр энергиясын тұтынатын көліктер. Қазір электромобильдер отандық автопарктің 0,11 пайызын құрап отыр. Әрине, электрмобиль тізгіндеу ел тұрғындары үшін біршама қымбатқа түседі. Әрі оны қуаттайтын бекеттер де тапшы. Дегенмен халық арасында көліктің бұл түріне қызығушылық бар. Ал әлемде электрмобиль өндірісі алапат қарқынмен артып келеді.

Электрмобиль келешегі

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Ev-volumes аналитиктері электрмобиль сатылымының өсіп келе жатқанын айтады. Биыл бірінші жарты жылдықта BEV және PHEV компанияларының 6 млн жаңа көлігі нарыққа жеткізілген. Бұл 2022 жылдың бірінші жартысынан 40 пайызға жоғары көрсеткіш. 2022 жылы «Tesla Model Y» көлігі көп сатыл­ған (771,3 мың автокөлік). Одан кейінгі орындарда – «BYD Song Plus» (477,1 мың) пен «Tesla Model 3» (476,3 мың).

«Астана» халықаралық қаржы орталығы жақында жариялаған зерттеуінде дүниежүзіндегі және еліміздегі парниктік газдар мен ауаны ластау көздерінің бірі негізінен қазбалы отынмен қамтамасыз етілетін көлік секторы саналады делінеді.

«Парниктік газдар климаттың өз­геруіне әкеліп соғады, оны БҰҰ эко­жү­йе­­лерге, инфрақұрылымға, адам өмірі мен денсаулығына тікелей физика­лық қауіп-қатер төндіретін қазіргі заман­ның ең күрделі мәселелердің бірі ре­тінде таныды. Осыған байланыс­ты көлік секторындағы көміртегі шыға­рын­дыларын азайту – атмосфераға парниктік газдар шығарындыларын азайту және ауа сапасын жақсарту үшін маңызды шара», деп жазылған зерттеуде.

Зерттеуде, сондай-ақ, бү­гінде  жаһандық деңгейде кө­ліктің баламалы түрлеріне, атап айтқанда, көмірқышқыл газын шығармайтын электрмобильдерге көшу қарқын ала бас­тағаны атап көрсетіледі. Түр­лі зерттеулерде айтылатынындай, электрмобильдің бүкіл өмір­лік циклі, соның ішін­де өн­діру, пайдаланылатын энер­гия­ның шығу көзі мен утилизация­ны ескере отырып, пайдалануды қоса алғанда, электрлік кө­ліктер әдеттегі жанармаймен жү­ре­тін көліктерге қарағанда аз шы­ға­рындылар шығарады.

Қазақстанда кейінгі жылдары электрмобильдердің саны қарқынды өсіп келеді, алайда электр отынмен жүретін көлік­тер­дің үлесі әлі де аз, жоға­рыда айтқанымыздай 1 пайыздан кем. Бұл тұрғыда жасыл көлікке көшуді ынталанды­ру үшін көлік салығынан және үтіл алымынан босату сияқты түрлі шара енгізіледі. Сарапшылардың айтуынша, бензин немесе электр көлігін сатып алу­­дың бастапқы құнының жо­ға­ры болуы, қуаттау стансалары инфрақұрылымының дамы­ма­ғаны, мамандандырылған қызметтердің және қосалқы бөл­шектермен қамтамасыз етудің жоқтығы сияқты кедергілер әлі де бар.

«Сонымен қатар еліміздің бизнес-қоғамдастығы мен қаржы инсти­туттары жаһандық жасыл көшуден шет қалып отырған жоқ. Компаниялар бірте-бірте өз көліктерін электрмобильдер мен электрлі автобустарға, соның ішінде жаңартылатын энергия көздерімен жұмыс істейтіндерге ауыстырады. Банктер электрмобиль сатып алу үшін жасыл авто­көлік несиелерін бере бастады. Дегенмен халық пен бизнес арасында электрлі көліктерді барынша жаппай танымал ету үшін тиімді сұранысты арттыру, бүкіл ел бойынша қуаттау стансалары мен қызметтерінің инфрақұрылымын дамыту, сон­дай-ақ экологиялық таза кө­лік­тердің отандық өндірісін өркендетудің қосымша шарала­ры қажет», деп есептейді мамандар.

Жаһандық деңгейде көлік құралдарынан парниктік газ шығарындылары мен ластау­шы заттарды азайту үшін электрмобильдер өндірісін ұл­ғайту және осы көлік түр­леріне көшу бойынша қозғалыс белсенді қарқын алып жатыр. Электр­мо­бильдерде түтін шы­ғатын мұржа жоқ және қозға­лыс ке­зін­де көмірқышқыл газының шығарындыларын таратпайды. Бұл ауаның ластануын айтар­лықтай төмендетеді. Бір жылдан астам уақыт ішінде жолдардағы бір ғана электрмобиль СО2 шы­ғарындыларын орта есеппен 1,5 миллион грамға (немесе жылына 1,5 т) азайта алады.

Қоршаған орта жөніндегі Еуропа агенттігінің электрмобильдер туралы есебіне сәйкес электрмобильдердің парниктік газ шығарындылары бензин мен дизельді автомобильдерге қарағанда шамамен 17-30 пайызға төмен болды.

Әйткенмен әңгіменің екінші қыры да бар. Электрмобиль қоз­ғалыс кезінде лас заттарды бөліп шығармағанымен, оны құрастыру кезінде қоршаған ортаға тәуір залал келеді. Әлем­нің көптеген еліндегі электр желі­лері әлі де көмір немесе мұнай сияқты қазба отындармен жұмыс істейді және электрмобильдер қуат алу үшін осы энергияға тәуелді. Сондай-ақ электрмобиль өндірісі кезінде шығарылатын шығарындылар, әдетте, автомобильдікіне қара­ғанда жоғары болады. Электр­мобильдің бүкіл қыз­мет ету мер­зіміндегі CO2 шығарын­ды­ла­рының үштен бірінен астамы автомобильдің өзін өндіруге жұмсалатын энергияға тиесілі. Бұл электр­мобильдің ажырамас бөлігі болып саналатын литий-ионды батареяларды өндірумен байланысты екен.

Алайда оның қызмет ету мер­зімі ішінде электрмобильмен бай­ланысты ПГ шығарындылары, тіпті электрмобиль өндірісінің шығарындыларын ескерген күннің өзінде, бензинмен жұ­мыс істейтін орташа көлік­тен төмен болады. Ұлыбри­та­ния­дағы Кембридж, Эксетер және Нидерландыдағы Нейме­ген университеттерінің зерттеу­ші­лері дүниежүзінде 95 пайыз жағ­дайда бензинмен жүретін көлікке қарағанда электрмобильмен жүру қоршаған орта үшін қауіпсіз екенін анықтапты.

Bloomberg New Energy Finance болжамына сәйкес 2040 жылға қарай бүкіл әлем бойынша электрмобильдердің сатылымы жылына 56 миллион бірлікке жетеді. Еуропалық Одақтың «Жасыл күн тәртібіне» сәйкес 2035 жылға қарай сатыл­ған барлық жаңа машина электр негізінде болуы керек. 2025 жылға қарай ЕО-да са­тыл­ған әрбір бесінші автомобиль электрмобиль болады деп күтіледі, ал 2035 жылға қарай іштен жану қозғалтқышындағы автомобильдердің сатылымына мүлдем тыйым салынады.

Нөлдік шығарындыларға аралық қадам ретінде жаңа CO2 стандарттары, сонымен қатар 2030 жылға қарай жаңа автомобиль шығарындыларының орташа деңгейін 55 пайызға және 2030 жылға қарай жаңа фургондарды 50 пайызға төмендетуді талап етеді. АҚШ 2030 жылға қарай барлық көлік саты­лы­мының жартысы электрмобильдерге тиесілі болады деп жос­парлап отыр.