Аймақтар • 18 Қазан, 2023

Көгілдір отынға сұраныс

152 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көгілдір отын Қарағандыны көк түтіннен құтқарады. Әйтпесе, дәп күздің қара суығынан бастап Қарағанды аспанын қою қара түтін басады. Енді бұйырса, бірер жылда қаланың көзі ашылып, тынысы артады. Көшеге тартылған газды тұрғындар үйіне кіргізіп алудың қамын жасап жатыр. Жергілікті билік пайызсыз несие, әлеуметтік көмек қарастырып қойған.

Көгілдір отынға сұраныс

Халықтың жер үйіне газ тартуы үшін пайызсыз несие беріледі. Бұдан бө­лек, əлеу­мет­тің əлжуаз тобын­дағы қауымға бір реттік əлеу­меттік көмек және бар. Мұны Қа­ра­ғанды қаласының бюд­же­­тінен көрсетеді. Құ­зыр­лы орын­дардың айтуынша, Қара­ғанды төрт ке­зең арқылы толық газбен қамтылады деген о баста бекітілген жоспар бар. Бұл төрт кезеңде 16 қосу кешені бар. 2021 жылдан бері бірінші жəне екінші қосу бекеті толық аяқталыпты. Бірінші бекет арқылы Қара­ған­дының 66 көшесіне газ жетті. Онда 1 695 үй бар. Екінші бекетте 55 көше. Мұн­дағы үй саны – 2471.

«Қазіргі таңда Қарағанды бойынша – 2 мың, ал Темір­тау­да 2 200 үй газ же­лісіне қосылған. Газдың текше метрі – 40 теңге. Алдағы уақытта бұл баға қым­баттамауға тиіс. Жоба ауыс­палы болғандықтан, 2035 жылға дейін жоспарланып отыр», дейді энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық басқармасы басшысы орын­басарының міндетін атқа­ру­шы Арман Саттыбаев.

«Газға қосылу, не қосыл­мау – тұрғындардың еркін­де. Біз – сыртқы газ құ­быр­­ларына жауаптымыз. Кө­ше­нің бойымен газды үйге дейін жеткізуге кететін шы­ғын­ды үй иесі төлейді. Газ жеткізуді рәсімдеу үшін «Тұр­ғын үйді жаңғырту ор­та­лығы» арқылы 5 жылға пайызсыз несие беріледі. Өтініш бергеннен кейін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-дан техникалық шарттар алады. Келісім мердігерді таңдап, үшжақты шарт жасасу арқылы жүреді», дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды өңірлік филиа­лы ди­ректорының бірінші орын­басары Асфат Олжабаев.

Саран тасжолының бо­йын­дағы көше тұрғыны Қайрат Мамаев газды шіл­де­де қосып алған. Пайызсыз несиенің көме­гімен.

«Газға қосылғанымыз бар жа­ғынан ыңғайлы. Автомат­тан­дырылған ба­қы­лау жүйесі ен­гізілген. Мо­нитордағы көр­сет­кіш­тер­ді онлайн ба­қы­лау­ға болады. Белгілі бір жылы­татын мөлшерін таңдап, кете бересің. Қазір үйіміздегі жылу мөлшері 25-28 градусты көрсетіп тұр. Кейде ысып кетеді. Көмір жақ­қанда оны тасып және күлін тө­гіп қиналатынбыз. Оның үсті­не көмірдің шығыны көп, бағасы қымбат», дейді Қ.Мамаев.

Қарағандыны газдан­ды­рудың бірінші кезеңі 2019-2023 жыл­дарға жоспар­лан­ған. Бұл кезеңде Саран тасжолының бойын­дағы кө­шелерден бастап, Кри­вогуз, Қазақстан, С.Сейфул­лин, Бадин көшелеріне газ құбыр­лары тартылды. Сон­дай-ақ газ теміржол желісі бо­йындағы көшелермен Бұқар жырау даңғылының бойы­на, одан кейін жаңа қа­ла­ның ішкі кварталдарына, Федоровка мен Үлкен Михайловка атанған шағын аудандарындағы тұрғын үйлерге жетті.

Ал биыл қаланың Оң­түстік-Шығыс бөлі­гін­дегі жеке сектор­дағы үйлерге, сондай-ақ Күнгей шағын ­ауданына газ жетеді. Екін­ші кезеңде төрт іске қосу ке­шенін салу жоспарла­нып отыр. Бұл кезеңде қала­ның Жаңаөзен ауы­лы, Қара­ғандының Фин, Пришахтинск, Ескі Ти­хо­новка бөліктері газбен қам­тыл­мақ. Үшінші кезең­дегі екі іске қосу кешені 2024-2025 жылдарға жос­пар­ланған. Ол кезеңде Курь­яновский ауылынан бастап, Майқұдықтың 19 шағын ауданы қамтылмақ. Екінші іске қосу кешені Майқұдықтың Берлин, Саха­лин, Шахтерлер шағын аудан­дарына газ жеткізеді. Кейінгі кезеңде Цемент зауыты, Сұрыптау стансаларына көгілдір отын барады.

Атап айта кету керек, жергі­лік­ті билік, яғни Қара­ған­ды қаласы əкімдігі тарапынан тұр­ғын­дардың жекелеген санат­тарына үйлерін газдандыруға бір­жолғы əлеу­мет­тік көмек көрсетіледі. Мұн­дай əлеуметтік көмек жасы бойынша зейнет­кер­лерге, мүгедектігі бар адам­дар жəне мүгедек балалары бар, оларды тəрбиелеп отыр­ған отбасыларға, көпбалалы аналар мен көпбалалы отба­­сыларға, басқа мемлекеттер аума­ғында жауын­гер­лік əрекеттерге қатысқан ардагерлерге, жетім бала­лар мен ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған, газ­дан­дыруға жататын жеке үйлерде тұратын бала­лардың қамқоршыларына жасалады. Əлеуметтік көмектің көлемі газ жабдығын жеткізуге жəне орнатуға байланысты нақ­ты шығындарға сүйеніп, анық­талады.

Былтыр 8 млн теңгеден аса сомаға 28 отбасына кө­мек­тес­се, бұл жарты­жыл­дық­та 35 отбасы алған. Оған 12 млн тең­ге­ден аса қаражат жұм­са­лыпты. Əлеуметтік көмек алу үшін Қарағанды қала­сының жұмыспен қамту жəне əлеу­меттік бағдар­ла­малар бөліміне өтініш тастауға тиіс.

 

Қарағанды облысы