Сұхбат • 18 Қазан, 2023

Төлеген АБДУЛЛИН: Автожолдардың бүгіні мен келешегі

106 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған биылғы Жолдауында респуб­лика көлеміндегі және елдерді жалғайтын транзиттік магистралдарға айрықша мән беріп, «Автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс» деген еді. Оған қоса автожолдар жұмысы үнемі өз бақылауында болатынын да үнемі ескертіп келеді. Негізі Президент бұған дейін де республика экономикасын сауықтырып, өркениетті елдердің алдыңғы сапына ұмтылу үшін автожолдарды, теміржолдарды, әуе және су жолдарының сапасын арттырып, дүниежүзілік талаптарға сай ретке келтірілуін Үкіметке тапсырғаны мәлім. Осы тапсырмаға орай 2029 жылға дейінгі жоба-жоспардың жоралғысы жұрт назарына ұсынылды. Десек те, бұл бағыттағы нақты жұмыстар бұдан бірнеше жыл бұрын басталғаны анық. Қазіргі игі шаралар сол жұмыстардың жалғасы.
Расында да, республикадағы арналы бағыттың бірі – автожолдар. Сол себептен Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген АБДУЛЛИНДі әңгімеге тартқан едік.

Төлеген АБДУЛЛИН: Автожолдардың бүгіні мен келешегі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

– Төлеген Тұрсынұлы, қазіргі геосаяси жағдайда Батыс пен Шығыс ара­сын жалғайтын транзиттік бағыт-бағдарлар күрт өзгерді. Яғни Ресей мен Украина елдері арқылы өтетін жолдар біртіндеп шектеліп жатыр. Екі алып құрлықтың ара­сын­дағы Еуразия кеңістігінде қо­лай­лы орналасқан Қазақстан ең тиімді халықаралық дәлізге айналып келеді. Осы жағдайға еліміздегі авто­жолдар қаншалықты дайын болды?

вп

 – Еліміздің транзиттік әлеуетінің қазіргі геосаяси жағдай кезінде ғана емес, бұрыннан да маңыздылығы бар. Бұл біздің географиялық орнала­суы­мыз­ға тікелей байланысты. Мәселен, соңғы 15-20 жылда «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізі өзінің өзектілігін көрсетіп үлгерді. Әсіресе Қытайдан Еуропаға жүктердің тасымалы артты. Ол жолдың біздің экономикамызға қосқан біршама үлесі бар деп айтуға болады. Әлі де қарастыру керек, тағы бір бағыт – Каспийдің оңтүстігі мен Иран арқылы шығатын жол. Ол үшін мысалы, Шалқардан Бейнеуге дейін, әрі қарай Ақтауға шығып, порт арқылы, одан Түрікменстанды көктей өтіп, Иранға баратын бағыттарды зерттеп, зерделеуіміз қажет-ақ.

Осы ретте автожолдарымыздың бірталай бөлігі жасалды. Әлі де атқа­ры­латын жобалар бар. Әсіресе ұзындығы 500 шақырымды құрайтын «Шалқар-Бейнеу» учаскесінің рекон­струк­­циясын өткізсек, Қытайдан шы­ғатын жүк көлігін Ақтауға жеткі­зетін әлеуетіміз бар. Сонымен қатар «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» учас­кесін I санатқа ауыстыратын болсақ, «Батыс Қытай – Батыс Еуропаның» сапа жағынан көрсеткіші артып, транзиттік жүк көліктерінің одан сайын көбеюіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ Ақтөбеден Атырауға, одан Астраханға шығатын дәлізіміз бар. Бүгінде бұл жолдардың реконструкциясы жүзеге асырылып жатыр. Олар Еуропа мен Солтүстік Кавказ елдеріне шығуға транзиттік мүмкіндік берді.

 – Елімізде халықаралық автомагистралдар салынып жатқаны рас. Олардың сапасы қазіргі заман талаптарына сай ма?

 – Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Тек ақпараттық жа­ғынан дұрыс көрсетілмей жатқан шығар. Бірақ жаңағы айтып өткен еліміздегі негізі дәліз «Батыс Қытай – Батыс Еуропа», сон­дай-ақ Астанадан Щучинскіге шыға­тын бағыт, Астана – Қарағанды – Балқаш – Алматы бағыты сияқты үлкен маңызы бар жолдарымыз бар. Бұл учаскелерде реконструкция жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр. Енді сапа жағынан еліміздегі барлық тран­зиттік автомагистралдар түгел дер­лік халықаралық стандарттарға сәйкес келеді деп айта алмаймыз. Бірақ жылдан-жылға жақсарып келе жатқаны анық.

 – Бұқаралық ақпарат құ­ралдарында, әлеуметтік же­лілерде ай­тылатын сыни пікір­­лердің басым бөлігі жер­гі­лікті маңызы бар жолдарға қа­тысты. Биылдан бас­тап Жол актив­те­рі­нің ұлттық сапа орта­лы­ғы ведом­ст­волық сараптама жұ­мыс­тарын қалаішілік жолдарда да жүргізе бастады ғой.

– Сонымен қатар қазіргі уақытта автожол саласы үшін нормативтік-техникалық құжаттарды жетілдіру бойынша да нақты жұмыстар қолға алынған. Саланың нормативтік базасын өзектендіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Бірінші, жолды жобалау, салу және пайдаланудың ұлттық техникалық стандартын еуропалық талаптарға сәйкестендіруге қатты кірістік. Себебі 10 жылдан бері ха­лық­аралық қаржы институттары қар­жыландыратын FIDIC қағидат­та­рымен жұмыс істеп жатырмыз. Ал ол қағидаттардың талаптарымен біздің нормативтердің арасында қарама-қайшы келіп қалатын тұстар болады. Сондықтан стандарттар бір жүйеге келтірілуде.

Мәселен, «Қазақстан Респуб­ли­касының құрылыс секторының нор­ма­тивтік құқықтық базасын ре­фор­малау тұжырымдамасына» сәйкес еурокодтардың халықаралық талаптары негізінде 394 техникалық құжат әзірленді, оның ішінде 25 құжат автомобиль жолдарына қа­тыс­ты. Бұдан бөлек, 2015 жылғы 15 ақпаннан бастап «Автомобиль жолдарының қауіпсіздігі» техника­лық регламенті күшіне енді. Оның талаптары халықаралық автомобиль жолдары туралы Еуропалық нор­ма­лармен үйлестірілді. Осы рег­ла­мент шеңберінде Еуразиялық эко­но­микалық одақтың 200-ден астам мемлекетаралық стандарты әзірленіп, қолданысқа кірді.

Екіншіден, республикалық желі­нің 90%-дан астамы геомет­рия­лық параметрлерге сәйкес келеді. Өйт­кені Еуропа мен Қазақстандағы жолдардың жіктелуі іс жүзінде бір­келкі. Қазір бізде олардың тех­ни­калық жай-күйінің деңгейін арт­тыру ісі жүргізілуде. Негізі қа­зір рес­пуб­ликалық маңызы бар жол­дар­дың 91%-ы нормативтік жағ­дайда. Олар­дың тех­никалық санаттарын арттыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде 3,6 мың шақырымда жұ­мыс жүргізілуде. Мәселен, Қа­зақ­станда I және II санаттағы респуб­ли­калық маңызы бар жолдар 9 мың шақырым немесе 38%-ы халықаралық талаптарға толығымен сай келеді. Енді 2024 жылға қарай бұл көрсеткішті 42%-ға дейін жеткізу көзделген. Осылайша, біз барлық халықаралық транзиттік дәлізді қамтымақпыз.

– Қазір Қазақстан арқылы өтетін көлік нөпірі артқан кезде, авто­жолдардың шетелдік инвес­тор­ларға тартымдылығы қандай?

– Қазіргі уақытта концессия аясында елімізде «Үлкен Алматы айналма жолы» жобасы бар. Оған инвесторлардың қаражаты тартылды. Өткен айда ҮАААЖ бойынша көлік қозғалысы басталды. Енді Үлкен Алматы айналма жолы пайдалануға берілгеннен кейін Автомобиль жол­дары комитеті бір жыл ішінде рес­пуб­ликалық бюджетке ақшалай тү­­сімдерге мониторинг жүргізетін бо­ла­ды. Оның негізінде инвестиция­ларды тарту және болашақ жобалар бойынша шешім қабылданбақ.

Ал жалпы жол мен инвестиция­ны айту қазір қиындау. Мысалы, шикізат өндіретін болса, инвесторлар шикізатты алып, өңдейтіні белгілі. Ал жолға инвестор тарту үшін жол ақылы болуы керек. Жол ақылы болуы үшін ол барлық халықаралық стандарттың талабына сай болуы ләзім. Қазіргі кезде біздің қойып жатқан тарифтерден түскен қаражат тек сол жолды күтіп-ұстауға ғана жетеді. Сондықтан, жол­ға инвестор тарту – өте қиын. Әйтсе де, жол бойындағы қызмет көрсету орталықтарына инвестиция құямын деушілер бар. Үлкен кэмпингтер, тамақтану орындары, жанар-жағармай орталықтарын салуға ниет білдірушілер жеткілікті. Осы ретте жергілікті атқарушы органдармен министрлік деңгейінде үлкен жұмыс атқаруымыз керек. Барлық жағдайын жасап, кірме жолдарын, тынығу алаңдарын бөлу жағынан септігімізді тигізуіміз қажет.

– Жолдардың бойын­да­ғы сер­вис­тік қызмет көрсетудің сапасы көңіл көншіте ме?

– Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 1 634 қызмет көрсету нысаны шоғырланған. Соның 74%-ы немесе 1 204 нысан Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. Бұл, негізінен тамақтану объектілері, техникалық қызмет көрсету пункттері, жанармай құю стансалары және күзетілетін тұрақтары бар қонақ үйлер. Бір сөз­бен айтқанда, жүргізушілер мен жо­лау­шылардың демалуына барлық жағдай жасалған. Бұл тұрғыда біз жол бойындағы қызмет көрсетуді да­мы­тудың кешенді тәсіліне сүйе­неміз.

Осы саланың жобаларына негізі­нен өңірлік бизнес өкілдерінің қата­рынан жеке инвесторлар қаты­суда. Оларға жол бойындағы қызмет көр­­сету нысандарын салу, жайластыру үшін жер учаскелері бөлініп отырады. Біздің міндетіміз – оларды қажетті байланыс желілерімен қамтамасыз ету. Жол бойындағы қызмет көрсету объектілерін дамыту және осы саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін жер учаскелерін бөлу рәсімдерін оңай­лату мақсатында заңнамаға бір­қатар түзету енгізу дайындалуда. Бұл құ­қықтық новеллалар ин­весторларға сервис объектілерінің орналасқан же­рін таңдау еркіндігіне кепілдік береді.

Биыл республикалық тас жолдар­дың бойында қызмет көрсетудің тағы да 70-тен астам объектісі тұрғызылмақ. Олардың бәрі Ұлттық стандарт талаптарына сай келетін болады.

– Отандық және шетелдік инвесторлар жақсы жолды салып болып жөніне кетеді. Одан соң жолдың сапасын жақсы күйінде күтіп-баптап ұстайтын мамандар жасағы жеткілікті ме?

– Инвесторлар жолды салып, жөніне кетеді деген жаңсақ пікір. Себебі келісімшартқа байланысты 3-5 жыл аралығында салынған жол кепілдік мерзімінде болады. Осы уақыт аралығында қандай да бір ақау анықталған жағдайда, инвестор оны өз қаражаты есебінен жоюға тиіс. Ал кадр тапшылығы бар. Автожолдарды жоғарғы деңгейде күтіп ұстау үшін білікті мамандар жетіспеушілігі бай­қалуда. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің жол инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріп, жастарды техникалық салаларға қарай бағыттауымыз керек», деген болатын.

Соған орай Автомобиль жолдары комитетіне қарасты Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы «2000 мектеп» жобасын қолға алып, мектеп оқушылары мен колледж сту­дент­теріне жолшы мамандығының артық­шылықтарын айтып, кәсіби бағдар беруде. Мәселен, былтыр аталған орталық мамандары мектеп түлектерімен 2 565 кездесу өткізген. Бастама жолшы мамандарының қатарын арттырып, оң нәтижесін береді деген ойдамыз.

Бүгінде елімізде арнайы «Жол құрылысшысы» деген мамандық жоқ. Ал «Автомобиль жолдарын, көпірлер мен туннельдерді салу» және «Ғимараттар мен құрылыстарды салу» мамандықтары 2004 жылы біріктіріліп, «Автомобиль жолдары мен аэродромдарды салу» мамандығы өзінің бірегей атауы мен дербестігін жоғалтты. Бұл жол құрылысына қажетті біліктілік деңгейінің төмен­де­уіне әкелді. Түйткілді шешу үшін Министрлік тара­пынан Ғылым және жоғарғы білім министрлігіне «Сәулет және құрылыс» дайындық бағы­тына және магистратураға «Авто­мо­биль жолдары мен аэродромдар құ­ры­лысы», «Көпірлер мен көлік тон­нельдерінің құрылысы» білім беру бағдарламаларының тобын қосу, сондай-ақ «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша докторантураға гранттар бөлу ұсынылды. Автожол саласы үшін даярлықты жүргізетін Жоғары оқу орындарына нысаналы гранттар бөлу мәселесі және жол саласы қызметкерлерінің біліктілігін міндетті арттыруды енгізу сияқты ұсыныстар жіберілді.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Әңгімелескен –  

Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»