Инфографика • 18 Қазан, 2023

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жазасы қатаңдатылады

175 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту шаралары қаралды. Мұнымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі де отырыстың күн тәртібіне шықты.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жазасы қатаңдатылады

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

734 мың адам жұмысқа орналасты

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Светлана Жақыпова Мем­ле­кет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында биылғы жыл басы­нан­ бері барлық облыс әкімі Ұлттық жоба­лар, «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұ­мыс­ орнын ашу» бастамасы, мемлекет тара­пынан субсидияланатын жұмыс орын­дары, жұмыс берушілер ұсынатын бос жұмыс орны және жұмыс күшінің ұтқыр­­лығы бағдарламалары шеңберінде халық­ты жұмыспен қамтудың нақты шара­лары бекітілгенін хабарлады.

 Мәселен, «Қуатты өңірлер – ел дамуы­ның драйвері» ұлттық жобасы­ шең­берінде 45 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Ал 2021-2025 жыл­дарға арналған кәсіпкерлік пен агро­өнер­кә­сіп­тік кешенді дамыту бойын­ша және т.б. жұмыспен қамтылған аза­мат­тардың 45%-ын­ жастар құрайды. Олар­дың арасын­да мүм­кіндігі шектеулі 2 мыңға жуық азамат бар.

Еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындары арқылы 228 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Олар­дың 62%-ы ауыл және балық шаруа­шы­лығы, құрылыс және өндіріс, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Тұрақты жұмысқа жіберілген азаматтардың да 46%-ы – жастар.

Президентінің әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу жөніндегі бас­тамасы аясында 278 мыңнан астам аза­мат жұмысқа орналастырылды. Мем­ле­кет тарапынан субсидияланатын жұ­мыс­ орындарына шамамен 181 мың адам жібе­рілді. Сонымен қатар жастарға бизнес-жобаларды іске асыруға шағын несие­­лер мен гранттар беру үдерісі жал­ға­­сын тауып отыр.

Отырыста кейбір өңірлердің басшыла­ры­ да сөз сөйледі. Ақтөбе облысының әкі­мі Асхат Шахаров жастарға шағын не­сие беру бойынша атқарылып жатқан жұ­мыс­тар туралы, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру туралы баян­дады.

Премьер-министр Үкімет алдында биыл 1 млн-ға жуық адамды жұмысқа орналастыру міндеті тұрғанын айтты.­ Қазіргі таңда жалпы 734 мың адам жұ­мыс­пен қамтылды. Олардың жартысы – жастар.

«Қалған 2,5 айда жоспарлы көрсет­кіш­тердің бәрі орындалуға тиіс», деп атап өтті ол.

Жалпы, әр өңірдің өзінің жұмысқа орналастыру жоспары бар. Онда әрбір өңірдегі еңбек нарығының ерекшеліктері ескерілген. Бұл ретте Премьер-министр жастарды еңбекке тарту ісіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

Үкімет басшысы бүгінде экономикаға энергетика, мұнай-газ индустриясы, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, көлік және логистика, IT-саласының мамандары қажет екенін назарға алды. Осыған байланысты ол Ғылым және жоғарғы білім, Оқу-ағарту министрліктері мем­ле­кеттік білім беру гранттарының тізбесін қалып­тастыру кезінде осы бағыттарды ескеруге тиіс екенін ескертті.

Ол бүгінде жұмыспен қамту орта­лықтары облыстық Еңбек ұтқырлығы орталықтары болып қайта құрылғанын еске салды. Жалпы, аталған орталықтар жұмыстарын біршама жаңғыртып, қайта ұйымдастырды.

«Енді Еңбек министрлігі әкімдік­тер­мен бірлесіп, осы орталықтар арқылы жұмысқа орналастыру жүйесіне мониторинг жүргізу механизмін жетілдіруге тиіс. Міндетті зейнетақы аударымдары бар электрондық еңбек шарттарының жа­салуына ерекше назар аудару қажет», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы өңірлерде құрылып жатқан жұмыс орындарының сапасын арттыру қажеттігін, атап айтқанда, мемлекеттік қолдау аясында ғана емес, мемлекеттік-жекешелік әріптестік пен жеке инвесторлар арқылы да қамтамасыз ету, бос жұмыс орындар жәрмеңкелерін жүйелі түрде өткізу және Астанада іске асырылып жатқан «Жолтап» қанатқақты жобасын үлгі ретінде пайдалану, сон­дай-ақ жұмысқа орналасудың жаңа мүм­кін­діктері туралы халықты хабардар ету шараларын күшейтуге тиіс екенін атап өтті.

 

Отбасылық зорлық-зомбылыққа жол жоқ

Үкімет отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі де қаралды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Мемлекет басшысы кәмелетке толмаған балаларға жасалған қастандықтарды қоса алғанда, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­­тың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату және профилактикалық жұ­мыс­тың тиімділігін арттыруды тапсыр­ға­нын айтты.

Алдын алу және отбасыларға кешенді көмек көрсету аясында өңірлерде 68 қолдау орталығы жұмыс істейді, оның 19-ы уақытша тұратын орын ұсынады. Психологиялық, әлеуметтік және құқық­тық көмекпен қатар, ондағы мамандар отбасы институтын нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетеді.

Жалпы, жыл басынан бері 100 мыңнан астам консультация берілді. Бүгінгі таңда осы орталықтардың қызметін стандарттау және жанұяларды тұрмысы нашар отбасылар қатарынан шығару үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды жақсарту үшін бірыңғай тұжырымдама жобасы әзірленіп жатыр. 2024 жылдан бастап барлық орталықтың жұмысына бірыңғай тәсілдер енгізілетін болады.

Сонымен қатар министр қазіргі уақытта өңірлерде ҮЕҰ дағдарыс орта­лық­тарының жұмысын қаржы­лан­дыру, жастар арасында отбасылық құн­ды­лықтарды насихаттау, халықтың ре­п­ро­дуктивті денсаулығын сақтау және аз қамтылған отбасылармен про­филак­ти­калық жұмыс сияқты шараларды қам­ти­тын 156 әлеуметтік жоба іске асырылып жатқанын алға тартты. Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігі агрес­сорлармен психологиялық жұмыс жүр­гізу бойынша қанатқақты жобаны іске қосты, оның мақсаты – отбасыларды сақтау және тұрмыстық қылмыстар санын азайту.

Одан бөлек 16 қазаннан бастап республикада отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111 – Amanat» бірыңғай мемлекеттік бай­ла­ныс орталығы іске қосылды. Ол арқылы жедел режімде құқықтық, психо­ло­гиялық және консультациялық көмек көр­се­тіледі.

Ішкі істер министрінің орынбасары­ Игорь Лепеха заңнамалық деңгейде қабыл­данған тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық үшін жауапкершілікті қатаң­дату жө­нін­дегі жаңа шаралар туралы айтып берді. Өңірлердегі жұмыс туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Түркістан облысы­­ның әкімі Дархан Сатыбалды баяндама ­жасады.

Премьер-министр отбасылық-тұр­мыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мемлекеттік деңгейде, сондай-ақ қоғамның тарапынан да кешенді тәсілдерді талап ететінін айтты. Атап айтқанда, биылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Қылмыстық кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті түзетулер енгізілді. Тамыз айынан бастап өңірлерде тиісті Жол картасы іске асырылып келеді.

«Жалпы, қазірдің өзінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтың төмендегені байқалады. Дегенмен бұл мәселеде жағдай әлі де күрделі. Жыл басынан бері осындай фактілер бо­йын­ша полицияға 74 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Әкімшілік қамауға алынғандардың саны 2 есеге көбейді», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы өңірлерде отбасыға қолдау көрсететін 70-ке жуық орталық құрылғанын еске салды. Онда зардап шеккендерге медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі. Алайда бұл орталықтардың қатары жеткіліксіз.

«Үш жыл ішінде қосымша осындай 97 орталық ашу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта олардың қызметін жүйеге келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар орталықтарды тиісті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін де шешу қажет», деді Премьер-министр.

Сонымен қатар ол тұрмыстық зорлық-зом­былыққа тап болған отбасыларға жүйе­лі түрде психологиялық көмек беру ­жұмыстары жүргізілмейтінін айтты. Бұл ретте «Жедел желі» мен сенім теле­фондарының мүмкіндігін кеңейту маңызды.

«Жалпы, отбасылық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді баланың бойына жастайынан қалыптастырудың маңызы зор. Біздің қоғам отбасылық агрес­­сорларға және осыған ұқсас факті­лердің кез келген түріне мүлдем төзбеу­ші­лік танытуға тиіс. Зардап шек­кен­­дерді, әсі­ресе балаларды мұндай про­б­ле­мамен бет­пе-бет қалдыруға болмайды», деді Ә.Смайылов.

Премьер-министр 2025 жылға дейін әр облыста балаларға арналған психо­ло­гия­лық қолдау орталықтарын ашу жоспарын әзірлеп, бекітуді, жаңа отбасын қолдау орталықтарын, сондай-ақ наркологиялық мекемелерді ашуды қамтамасыз етуді, психотерапевтер мен наркологтерді даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты ұлғайту мәселесін пысықтауды, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуға қа­тыс­­ты қабылданған түзетулер бойын­ша ауқымды түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.