Қоғам • 18 Қазан, 2023

Медицина қызметкерлері мен нотариус адам органдарын заңсыз сатқан

400 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысында адамның ішкі органдарын алып-сатумен айналысқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Медицина қызметкерлері мен нотариус адам органдарын заңсыз сатқан

Фото: ашық дереккөз

Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының полиция қызметкерлері мен прокуратура қылмыстық топтың 22 мүшесін қамауға алды.

Ұйымдастырушылардың қатарында медицина қызметкерлері, нотариус, реципиенттер мен донорлар болған. Олар реципиенттер мен донорларды іздеу, жалған құжаттарды ресімдеу және ішкі органдарды трансплантациялау міндеттерін өзара бөлісіп, әрекет еткен.

«Келісім сомасы 6-10 миллион теңгені құрады, осындай сегіз факт анықталды. Үш негізгі ұйымдастырушы қамауға алынды. Іздестіру іс-шараларының нәтижелері бойынша күдіктілерден ақша, құжаттама, цифрлық тасымалдағыштар және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді», делінген хабарламада.

Айта кетсек, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес трансплантациялау кезінде адам ағзалары мен тіндерін алып-сатуға тыйым салынады.

ҚР ҚК-нің 116-бабы «Адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.