Спорт • 26 Қазан, 2023

Қаламгерлердің тастаяқ сайысы

152 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Республика күніне орай елордада журналистер мен қаламгерлер арасында бильярд турнирі ұйымдастырылды. «Elorda Aqparat» медиасеріктестігі биыл екінші мәрте өткізген жарысқа елімізге белгілі ақын-жазушылар, Парламент депутаттары, журналистер, медиаменеджерлер, баспасөз өкілдерінен құралған 32 ойыншы қатысты.

Қаламгерлердің тастаяқ сайысы

Жарыс қорытындысы бойынша белгілі айтыс ақыны Еркебұлан Қай­назаров турнир жеңімпазы атанды. Бірінші орын иегеріне 300 мың теңгенің сертификаты табысталды. Белгілі журналист, ақын Талғат Ешенұлы екінші орынға ие болды. Ол 200 мың теңге көлеміндегі қаржылай сый­ақымен ма­ра­патталды. Сондай-ақ ұйым­дас­ты­ру­шылардың шешімі бойын­ша үшінші орынды қаламгер Сәдібек Түгел мен белгілі спорт жур­налисі Несіп Жү­ніс­байұлы иеленді.

Турнирді ұйымдастырушылар жарыс барысында жүлделі орындардан бөлек, биыл еліміз бойынша мерейтойлары аталып өтіп жатқан қаламгерлер – Кемел Тоқаев, Сейдахмет Бердіқұлов, Оралхан Бөкей атындағы арнайы сый­лықтар да тағайындады. Әр аталым бойынша үздік деп танылған қа­лам­­герлерге 100 мың теңге көле­міндегі қаржылай сыйлық табысталды. Атап айтар болсақ, Кемел Тоқаев атындағы арнаулы жүлде жазушы Қойшығара Салғараұлына, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы жүлде қазақ спорт журналистикасының ар­дагері Несіп Жүнісбайұлына және Орал­хан Бөкей атындағы сыйлық белгілі қа­ламгер, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіпке бұйырды.

Сонымен қатар арнаулы жүлделер­ден бөлек, тағы бірнеше ойыншы қо­сымша сыйлықтарға ие болды. Қа­зы­лардың шешімімен «Алыстан ат тер­­летіп келген ойыншы» аталымы Алматы қаласынан арнайы келген қазақ журналистикасының ардагері Қайнар Олжайға, «Мәдениетті ойыншы» аталымы белгілі жазушы Шархан Қазығұлға, «Алғашқы шар» аталымы күйші Секен Тұрысбекке бұйырды. Сондай-ақ ардагер журналист Кенже Жұмағұл «Мерген ойыншы», Әлімжан Сабыржанұлы «Шебер ойыншы» деп танылса, Жандос Дүйсекеев «Үздік дуплет» аталымы бойын­ша үздік шықты. Аталған марапат иелеріне бағалы сыйлықтар мен ақшалай жүлде табысталды.

Ойындардың ережеге сай және әділ өтуіне бильярдтан екі дүркін әлем чемпионы Ернар Шымбаев төрелік жасады.