Энергетика • 02 Қараша, 2023

Қуат өндірудің жаңа дәуірі

212 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қостанайда келешекте елімізде салынуы мүмкін АЭС құрылысына қатысты қоғамдық талқылау өтті. Басқосуға қатысқан сарапшылар, ядролық физика мамандары өңірдің белсенді азаматтарының АЭС жөніндегі пікірін тыңдап, тұрғындардың сан сауалына жауап берді. Көпшілікке жаңа қуат көзін басқа емес, атомнан іздеудің себебі не? Жалпы, Қазақстанға АЭС-тің керегі не, берері не деген мәселелерді түсіндірді.

Қуат өндірудің жаңа дәуірі

Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

«Қазақстан атом электр станса­лары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикиннің пайымынша, елімізде атом энергетикасын дамыту – кезек күттірмейтін мәселе.

– Бізде жасыл экономикаға өту тұжырымдамасы жасалған. 60-жылға қарай жасыл энергетикасыз, соның ішінде атом энергетикасынсыз өмір сүру қиын болады. Қазақстанда атом энергия­сын дамытуға негіз болатын дүниенің бәрі бұрыннан бар. Бізде атом өнеркәсібі жақсы дамыған.  Былтырдан бері атомнан отын өндіріп жатырмыз. Қытайға оның үшінші легін жөнелттік. Мұны ядролық отынды дамыту кезеңінің жоғарғы деңгейі деп атауға болады. Жалпы, энергия қоры бойынша уранның үлесі бізде осыдан 15 жыл бұрын 46 пайыз болатын. Яғни уран көмір мен мұнайдан көп. Өкінішке қарай, қазір уранымыздың бәрі шетелге кетіп жатыр. Біздің оны игеретін ғылыми-техникалық әлеуетіміз де жоғары. Мәселен, қазір Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институты өздерінің ядролық реакторларын пайдаланып отыр. Мұнда барлық қауіпсіздік талабы қарастырылған. Біз әлем мемлекеттері пайдаланып отырған 13 түрлі жобаны қарап шығып, соның ішінен Қазақстанда іске асырылуы мүмкін төртеуін таңдап алдық.  Одан кейін  бұл жоба қалай жұмыс істейді, энергияның құны қанша тұрады деген мәселені жан-жақты зерттеп, сүзгіден өткізіп, қаржылық-экономикалық моделін де жасап қойдық. АЭС құрылысына кететін қаржының жартысынан көбі қауіпсіздік жүйесін салуға жұмсалады. Біз пайдаланатын реакторларда адамның араласуын және сырттан қуат жеткізуді керек етпейтін пассив қауіпсіздік элементтері бар. Яғни қандай да бір ақау немесе апат бола қалған жағдайда аталған жүйе атомдық реакцияның бәрін қауіпсіз сөндіре алады, – дейді Тимур Жантикин.

«Қазақстанда атом энергетикасы даму керек пе?» деген мәселенің қыртысын жазып, ашып түсіндіріп берген Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиевтің айтуынша, бұл тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем үшін өте қажет дүние.

– Арзан әрі экологиялық таза энергетиканы кім өндіреді – әлемді сол басқара алады. Бұл салада Қазақстанның ортадан  ойып алатын өз орны болуы шарт. Өйткені бізде атом энергетикасына қажет дүниелердің дамып келе жатқанына, кем дегенде 56 жыл болды. Мәселен, Қазақстан қазір неге су-сулы энергетикалық реакторын таңдап тұр? Өйткені бұл – әлемдегі ең қауіпсіз атом электр стансасы. Бізге АЭС керегі жоқ деушілер алдымен Чернобыльдағы, одан кейін Фукусимодағы атом электр стансасын алға тартады. Бұл АЭС-тер бір контурлы реактормен жұмыс істеді. Ал біздің таңдағанымыз – су-сулы, яғни екі контурлы реактор. Әлемдегі тұңғыш су-сулы реактор 1957 жылы  салынған. Бүгінде оның үшінші – 3+ буыны шығып жатыр. Осы 56 жылдың ішінде бірде-бір оқыс оқиға болған емес. Сондықтан  Қазақстан ең қауіпсіз АЭС-ті таңдады. 1986 жылғы Чернобыль оқиғасынан кейін АЭС-тердің қауіпсіздігі еселеніп тұрып күшейтілді. Солардың қатарында су-сулы энергиялық реакторы да бар, – дейді Саябек Сахиев. 

АЭС-ке қатысты мәселелердің мән-жайын түсіндіру, ғылыми-ағарту ісімен ел ішін аралап, көп жерде болып жүрген ядролық физика маманының айтуына қарағанда, халықты, ең алдымен, қауіпсіздік мәселесі алаңдатады. «Бұл түсінікті жағдай. Бізде Семей полигоны болды ғой. Сондықтан халық арасында радиофобия өте көп. Екіншіден, жылу электр стансаларын басқара алмай отырып, атом электр стансасын қалай басқарайын деп отырсыздар деген сұрақ көп қойылады. Әрине, бұның бәрі өзекті мәселелер. Бірақ оның бәріне нақты жауап беріп жатырмыз. «Неге Балқашта салынады? Балқаштың тереңдігі алты-ақ метр, ертеңгі күні Аралдың кебін құшпай ма?» деген сауалдар қойылады. Балқаштың суын кептіріп жібереді деген бос сөз. Өйткені біздің АЭС-ке табиғи буланудың өзінен пайда болған судың 0,3 пайызы ғана пайдаланылады. Градин қойғанның өзінде, ал градин деген өтіп кеткен ғасырдың технологиясы, қазір жаңа ғасырда оны пайдаланбауға да болады.   Мұның бәрі ғылыми түрде дәлелденген. Мысалы, былтыр Балқаштың бетіндегі табиғи булану 18,9 текше км-ны құрады. Ал біздің салғымыз келіп жатқан екі блокті станса жылына шамамен 63 млн куб суды қажет етеді. Бұл табиғи буланудың 0,3 пайызы ғана», дейді ғалым.     

Жиын барысында сарапшыларға «АЭС салынған жағдайда, еліміз тұты­натын электр энергиясына деген сұра­нысты толық өтей ала ма? Қазақ­станда қай өңірлерде қанша АЭС салыну керек? Осы жөніндегі дайын жобалар бар ма?» деген сауал қойылды.

Ғалымдардың айтуына қарағанда, 2035 жылы АЭС салып бітіріп, екі блокті іске қосқанның өзінде бар-жоғы 2,4 ГгВатт қуат өндіріледі екен. Бұл энергия Қазақстандағы энергиялық сұраныстың шамамен 8-10 пайызын ғана өтей алады. Яғни бұл екі блоктің өзі Қазақстанның энергия мәселесін толық шеше алмайды сөз. Сондықтан сарапшылар алдағы уақытта атом энергиясы жөнінде жеке бағдарлама қабылдау қажет дегенді айтып отыр. «Өйткені атом энергетикасы мен ядролық физикасыз адамзат өмір сүре алмайды. Оған менің күмәнім жоқ. Мына Күннің өзінде ядролық реакциялар жүріп жатады. Біз Күннің арқасында өмір сүріп жатырмыз. Осы ғасыр  АЭС ғасыры болады. Адамзат келесі ғасырда жұлдыздарда жүретін ядролық реакцияларды жер бетінен басқаруға қол жеткізсе, адам игілігіне асатын жаңа қуат көзі сол болады. АЭС-ті Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында салу жоспарланған. Бұл да – тегін таңдау емес. Қазіргі таңда ең бірінші кезекте оңтүстік өңірлерді энергия энергиясымен қамту өзекті болып тұр. Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы мен Маңғыстау да қарастырылған. Өйткені өздеріңіз білесіздер, Ақтауда 1973 жылдан бері 27 жылдай әлемдегі тұңғыш жылдам нейтронды АЭС жұмыс істеп тұрды. Ол АЭС өз жұмысын керемет атқарып берді. 15-20 жылға жетеді деп болжанған еді, 27 жылға дейін қуат өндірді. Бірақ ол жердегі уран 238-негізгі элементінен плутони шығады. Ал плутониден қару-жарақ шығады. Сондықтан адамзат қазір тек уран 235-пен жұмыс істеп жатыр», дейді Саябек Сахиев.

Ядролық физика мамандары Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АЭС салу мәселесінде халық өзі ше­шім қабылдасын деген сөзін қолдайтынын айтты.

– Мұндай жария талқылаулар әлем­нің ешбір елінде болған емес.  Ал АЭС құры­лысын қолға алу қажеттігіне біз маман ретінде көз жеткізіп отырмыз. Сон­дықтан өңірлерді аралап осындай түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Құптаушылар да, қарсы топтар да бар. Оларды мен үш топқа бөлемін. Біреу білместіктен қарсы шығады, бірақ түсіндірсең, мойындайды. Екіншілері – біліп тұрып білгісі келмейді. Олардың артында бір күштер тұруы мүмкін. Үшіншісі – қолдайтындар. Олар күннен-күнге көбейіп келе жатыр. Барлық мәселе түсін­бес­тіктен пайда болады, – дейді мамандар. 

 

Қостанай облысы