Теңге • 15 Қараша, 2023

Орнықты экономиканың іргетасы

146 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осыдан 30 жыл бұрын Қазақстанның жаңа тарихи шежіресінде ұлттық валютаның енгізілгені үлкен бетбұрысқа бастады. Еліміз нағыз экономикалық және қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізді. Кеңес одағы тарағаннан кейін біздегі өндіріс ошақтары тұралап, жұмыс орындары қысқарып, агроөнеркәсіп кешенінің аяғы тұсалғаны бар. Тоқырауға ұшыраған сол тоқсаныншы жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы екі мың есеге, ауыл шаруашылығына арналған өнеркәсіп тауарларының бағасы 12 мың есеге өскен ақша қаражаты Ресейге тәуелді одақтас елдерге де оңайға соқпады.
Сонымен, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін бірінші кезекте банк жүйесінің құрылуы, екіншіден, өз ұлттық валютамыздың енгізілуі, үшіншіден, ақша-қаражаты мәселесіне байланысты жаңа инфрақұрылым түзу қажет болды. Мемлекет басшысы маңызды міндеттердің бірі ретінде ұлттық валютаның енгізілуіне аса ыждағаттылық танытты. Болашақ валютаның инфрақұрылымын дайындаудың өз кезегінде валюта биржасын ұйымдастыру, монета сарайы, банкнот фабрикасы мен алтын-валюталық резервтерге арналған қойма салуға тапсырма берілді. Ел экономикасын дамытуда ұлттық валюта жүйесі мен республикалық бюджетті құру міндеті алға қойылды. Осындай қиын кезеңде төл теңгеміздің дүниеге келуі мен ұлттық валютаны айналымға шығару ісінде басы-қасында болған, Ұлттық банктің алғашқы төрағасы, қаржыгер Ғалым Байназаровтың ерең еңбегін айрықша атауға тұрарлық.

Орнықты экономиканың іргетасы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«Бізде сол кездері тіпті мектеп оқушыларына арналған кәмелеттік аттестаттың кесте парақтарын шығара­тын фабрика болмаған. Тіпті сенім грамоталарына дейін Мәскеуден әке­­лінетін. Орден, медаль, офи­церлер­дің иығына тағылатын жұл­дыз­ша­лар әзірлейтін жер жоқ. Бәрін нөл­ден бас­тап, не материалдық, не ғылы­ми базасыз, не қаражатсыз, не қызметкер­лер­сіз құруға тура келді. Жұ­мысты біз мем­лекеттік банк жүйесін құрудан баста­дық. Ол уақытта КСРО мемлекеттік банкі болған. Оған шетелде еншілес кә­сіп­орындарға ие Сыртқы сауда банкі мен Сыртқы экономикалық банк бағынды. Жекеленген құрылымдар – Құрылыс банк, жинақ кассалары болды. Біздің банк Мембанктің Қа­зақ КСР-дағы республикалық кеңесі деп атал­ды. Бас қазақстандық банкте мен бас экономикалық басқарма бас­­ты­ғының орынбасары, содан кейін ауыл шаруашылығын несиелеу ба­с­қармасының бастығы болдым. Сексенінші жылдардың аяғын­да банк аясында реформалар бастал­ды. Біз мамандандырылған мемлекет­тік банктерді құра бастадық. Мембанктен «Өнеркәсіптік құрылыс банк», «Тұрғынүйқұрылысбанк», «Несиелік әлеуметтік банк» және «Агро­­өнеркәсіпбанк» бөлініп шықты. Тоқ­саныншы жылдардың басында атал­ған банктердің барлығы одақтық құры­лымдардан енші алып, жеке отау құрды. Сонымен, елдегі банк жүйесі жаңадан бой түзеп, 1992 жылы Ресейден кейін екінші болып валюта биржасын ұйымдастырғанымыз бар.

Осы бас банктің материалдық базасын нығайтуға көп күш жұмсалды. Ұлттық банктің алда тұрған міндет­терінің бірі алтын-валюталық резервті құру үшін алтын мен күмісті сатып ала бастадық. Қазақстан Респуб­лика­сы Жоғарғы Кеңесінің бюджет қара­жаты және экономикалық рефор­ма­лар комитетінің төрағасы Сауық Тә­кежановтың қолдауымен Қазақ­стан­ның Ұлттық мемлекеттік банкінің бағ­дарламасы аясында барлық алтын қазушы кәсіпорындар алтынмен қамтамасыз ете бастады. Алтын-валю­талық қорды құру бағдарламасына сәй­кес Ұлттық банк алтын өндіруді қаржы­ландыруға және несиелеуге кіріс­ті», дейді Ғалым Байназаров.

Елімізде сол кездері алтын жылына алты-жеті тоннаға дейін, ал күміс 600 тоннаға жуық өндірілген. Қазіргі уақытта Ұлттық банк күмісті сатып алмайды. Алтын-валюталық резервті ішінара алтынмен ұстайды. Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында күміспен белсенді түрде сауда жасалып, осы қаражат есебінен Ұлттық банк бағалы қағаздарды шығару жөніндегі кәсіпорын құрды. Ал бағалы металды сатқаннан түскен пайда теңгені жасауға және монета сарайын техникамен жабдықтауға, сонымен қатар төлем жүйесін ұйымдастыруға жіберілген. Бұның барлығы аталған банк шеңберінде жүргізіліп, сол кездегі екінші деңгейлі банктер қаражаттың жетіспеушілігінен бүгінгі жағдайда жұмыс істей алмаған.

Сол кездері алғаш рет Қазақстан тарихында ақша аукциондары ұйым­дастырылып, коммерциялық банктерге ақша сатылған. Бұдан әрі банктік қадағалау жұмыс істей бастады. Екінші деңгейлі банктердің Ұлттық банк алдын­дағы есептемесі заңдастырылды.Теңге енгізілгеннен кейін ақша нарығы дербес, банкаралық болып, валюта биржасы Ұлттық банктен бөлінді.

Алдын алу жұмыстарының нәтиже­сінде, ұлттық валютаны енгізу үшін негіз  қаланды. Төл ақшамыз экономиканы басқаруға, экономикалық егемендікті қамтамасыз етуге және еліміздің шынайы тәуелсіздігі үшін басты құралға айналды. 1992 жылы Англиядан «Харрисон және ұлдары» атты кішігірім компанияның басшыларымен кездесіп, бүкіл жұмыс құпия түрде жүргізілді. Банкнот фабрикасының өкілдерімен кездесуден кейін ақша дизайны өзіндік құнының 40 пайызын құратынын анықтаған. Бұл купюраларды әзірлеу жөніндегі жұмыс қымбатқа түсетіндіктен, сол кездегі вице-президент Ерік Асанбаев отандық суретшілерге тапсыруды ұсынды. «Қазақстанның Ұлттық мемлекеттік банкі» мен «Қазақстанның дизайн орталығы» арасында теңгенің дизайн нобайына келісімшарт жасалып, орталық басшысы Тимур Сүлейменов қол қойған болатын. Ал теңге жасауда өндірістік дизайн болмағандықтан, Лондонда «Харрисон және ұлдары» компаниясының кәсіби дизайн тобы кірісті. Біздің суретшілер Лондонда Қа­зақстанның Ұлттық мемлекеттік бан­кінің шешімі бойынша өндірістік дизайн нобайы жобасының концепциясы ауытқымауы үшін бақылаушы миссиясын атқарды.

«Ақшадағы тарихи қайраткерлердің тұлғалары мұрағат құжаттарымен салыс­тырылып, аталған банкнот валютаның негізі болды. Теңгені әзірлеу барысында тағы бір мәселе туындағаны бар. Бұрындары біздегі қаржыгерлер ақша шығарумен шұғылданбаған, сондықтан да қажетті банкнот мөлшерін қалай есептеуді білмейтін. Қолма-қол ақша мұқ­таждығын анықтау үшін ғылыми әдістемеге сүйенді. Купюралардың то­зуына, кейінірек инфляцияға байла­нысты Ресейден алатынбыз. Біз­де ғана емес, барлық республикалар ескір­ген банкноттарды толтыру мен алмас­тыруда барлық есептеулер Мәскеуде жүргізілетін. «Харрисон және ұлдары» компаниясының басшылары осы жағ­дайда көптеген елдер Англиядағы тең­десі жоқ маман, доктор Л.С.Пейнге өтініш жасайды деген соң, сол кісіге қолқа салынғаны бар. Сексен жастағы экономист Қазақстан халқын негізге ала отырып, экономикалық көрсеткіштерді зерттеді. Сонымен, жиырма бестік купюралардан гөрі 20 теңгелік купюралар өтімді деген тоқтамға келді. Одан кейін инфляцияға әрі 8 ай ішінде купюраның тозығы жететінін ескере келе, көнерген банкноттарды алмастыру қажеттілігін есептеп шығарды. Біз іс жүзінде барлық шамалардың әрбір атаулық мөлшері, қолма-қол ақшаның жалпы көлемі бо­йынша болжамдары расталғанына көзіміз жетті. Ол өзге мемлекеттер үшін осындай есептеулер жасағанда да бірде-бір қателеспеген көрінеді. Сонымен Ресей кеңес сомдарын шығаруды тоқтатқан кезде өз ақшамыз бізде дайын болды», дейді Ғалым Байназарұлы.

Сол уақытта теңгенің алдыңғы ба­ғамы бір АҚШ доллары үшін 4,75 тең­ге есебінде тағайындалды. Ал әрбір теңге 500 кеңес сомына айырбасталған.Ұлттық банк басқармасының мүшелері айырбас бағамын 1:1000 деп ұсынды. Үкімет бекіткен бағам кейін ұлттық валютаның беделіне кері әсерін тигізіп, алғашқы екі жылда теңге құны төмендей бастады. Әрине, бар мәселе ұлттық ва­лютаның айналымға шығуымен өз­ді­гінен шешілмейтіні бар. Қай елді алсақ та, әр елдің ұлттық валютасы ұлт­­тық экономикаға негізделеді. 1993 жыл­­дың 15 қарашасынан теңге нарық­тық қатынастарға тұрақтанған соң жаңа ұлттық экономиканың басты бір тетігі, дербес қаржы-несие саясатын, осы са­ладағы реформаларды жүзеге асыру­дың құралы болды. Сөйтіп, теңге айна­лымға шыққаннан кейінгі бірер жыл­дың ішінде құлдырау тежеліп, бағаның өсуі тоқтады.

Тап осы тұста нағыз реформалар бас­талып, экономика нығая түсті.

Ғалым Байназаров: «Біз халық ша­руашылығының барлық салаларында нарықтық тектіктерді ендіріп, салмақты реформалар бастау үшін инфрақұрылым мен базаны құрдық. Банк жүйесі бұрыннан қатаң ережелер шеңбері мен нормаларында жұмыс істеуге үйренген болатын. Еліміздің бас банкіндегі төлем жүйесін құрған әріптестеріме ризамын.Ұлттық банк төрағасы ретіндегі жұмысым бар-жоғы бір жыл он бір айға созылғанымен, көп нәрсені жасай алдық деп айта аламын. Оның ішінде банктік инфрақұрылымды құрып, ең бастысы, ел басшылығы белгілеген қысқа мерзім ішінде ұлттық валютаны енгіздік», дейді.