Кітапхана • 24 Қараша, 2023

Кітапханашылар мұңын еститін жан бар ма?

157 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Есік қаласының көркем табиғатына көз тоймасы анық. Шыңдары көк тіреген асқақ Алатаудың саф ауасы жансарайды сергітіп, сылдырап аққан тау өзені қиялға қанат бітіреді. Табиғаты тамылжыған өлкеде академик Әбдуәли Қайдар, сыршыл ақын Тұманбай Молдағалиев, көрнекті қаламгерлер Шәрбану Құмарова, Марат Тоқашбаев, Марат Ысқақов, Сағадат Сәлімбаев, ұста Дәркембай Шоқпарұлы, режиссер Талғат Теменов, одан бұрынғы жылдары суретші Айша Ғалымбаева, композитор Құддыс Қожамияров, тізбелей берсек Тұрлығазы Шаяхметұлы, Ахметжан Аширов, Хизмет Абдуллин сынды тұлғалардың кіндігі кесілген.

Кітапханашылар мұңын еститін жан бар ма?

Мыңжылдық тарихы бар ар­хео­логиялық-мәдени ескерт­кіш­терімен де ерекшеленеді. Ғасырлар қойнауынан жеткен «Алтын адам» да осы өңірден табылса, оған қоса 100-ден аса сақ дәуірінің қорғандары мемлекет қамқорлығында.

Осылайша, тарихы тереңнен та­мыр тартатын өлкенің інжу-мар­жаны, рухани қазынасына айналған аудандық орталық кітапханасы­ның көненің көзіндей ескі әрі құ­лауға шақ ғимаратта орналас­қа­ны туралы қаламгер Шаяхмет Құсайынұлынан хабардар болып, аталған мекемеге арнайы атбасын бұрған едік. Есік қаласының қақ ортасында орналасқан ақ­боз үй­дің табалдырығын аттай бере, жаға ұстатар жағдайдың ақиқат­тығына көз жеткіздік.

вп

Ескі заманнан қалған ғимарат­тың қабырғасы сөгіліп, іргесінен сыз, төбесінен су өтіп, көктің иісі мүңкіген залда кітапханашылар «шықпа, жаным, шықпамен» кү­нелтіп келе жатқандығының куәсі болдық. «Осы жазда ұжым мү­шелері бірлесіп, оқырманнан ұят болмас үшін өз күшімізбен оқу залын ағартып, қалыпқа келтірдік. Көріп тұрғаныңыздай, рухани құн­дылығымыз құндақталған кі­тап­тарымызды қоятын орын жоқ. Біразы үстел астында, бұрыш­тар­­да буылып-түйіліп тұр», дейді кітапханашы Гуля Саурықова.

Көне заманда көпестің үйі бол­ған бұл ғимаратқа қоныс аудармас бұрын да кітапханашылар «көш­пе­лілер күйін» кешіпті. Кеңес кезін­де 63 кітапханасы бар іргелі аудан­да бүгінге жеткені Шелек және Есік қаласындағы орталық кітапхана­лар ғана екен. Бүгінгі аудандық орта­лық кітапханаға 21 ауылдық кітапхана қарайды. Олардың да жай-күйінің мәз еместігін әңгіме ауанынан аңғардық. Әсіресе Тұ­манбай ақын туған Қазатком және Қазақстан ауылындағы кітапха­на­лардың жағдайы тіптен сын көтер­мейтіндігі тілге тиек болды. Көк­төбеде кітапхана мүлдем жоқ екен. Ауылдардың көбінде «кітап­хана» деп айдар таққаны бол­маса, кітапхана деген атына заты үйлеспейтіні, ондағы қызмет­кер­лердің тар жерді «тамаша» қы­лып, жылынарға жер таппай, бүрсеңдеп жүргендерін ашып айтты. Интернет жүйесі орталықта ғана болмаса, бәріне бірдей қолжетімді еместігіне де ешкім бас ауыртпайтын сыңай­лы. «Осы кітапхана­ның 50 жылдан бергі оқырманы­мын. Менің 1 па­йыз талантым бар шығар, 99 пайызы осы кітап оқу­дың, еңбектену­дің арқасында келді. Кітапхана есі­гін күнара ашамын. Мына жағ­дай­ларына жаным ­ауырады. Мә­де­ниет үйінің жертөлесін­де отыр­ғанда да намыстан өртеніп едік. Енді, міне, «тубдиспансердің» ғи­ма­­ратындағы күйі осындай адам төз­­гісіз болып тұр. Өз ісіне адал кітапханашылардың көрмегені жоқ. Он сегіз жыл кітапхана ди­ректоры болған Салтанат Мама­жанованың ерен еңбегінің арқа­сында 2004 жылы осы мекеме кітапхана меншігіне өтті. Оған дейін тұрақты орын таппай, кө­шіп-қонумен әлек болды. Содан бергі 20 жылға жуықтаған уақыт ара­лығында төбеден өткен суға әр жерден тосқауыл қойып, қыстай от жағып, күл шығарып келеді», деп кейіді Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы, белгілі журналист Шаяхмет Құсайынұлы.

ртва

Жалпы аумағы 257,5 шаршы метрге орналасқан кітапхананың кітап қоры – 50 мыңнан асады. Оны сақтайтын арнайы орын бол­ма­ғандықтан ескі кітаптарды «буып-түйіп» төбеге шығарып тас­­таған. Ал қорды жаңа кітаппен толық­ты­руда оқырманға алақан жайып отыр­ғандықтарын жасырмады. «Оған қоса, кітап қо­рының дені орысша кітаптар» де­ген кітапханашылар қор­дағы бұл кітаптарға сұраныс жоқ­ты­ғын, ал қазақтілді кітаптардың тап­шы­лығын айтып тауыса алма­ды. Биыл аудандағы Асысаға, Қара­тұрық, Көлді, Қорам, Қайна­зар және Қырбалтабай ауылдарында ашыл­ған 6 кітапхана қоры түгелге дер­лік ескі кітаптарға толғаны да кітапханашылар көңілін құлазыт­қан. Жиһаз мәселесін айтудың өзі артық. Алажаздай ақтап, жуып-ша­йып қалыпқа кел­тіретін кітапхана іші қысты күнгі көмірдің күлімен кір­леп, ысталып қалатыны айтпаса да түсінікті.

Мұнда оқырманға 30-40 жылдан астам уақыттан бері қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі кі­тапханашылар Сәния Әзизова, Гүлнара Жандосова, Рока Галина бастаған, кейінгі жылдары келген Гуля Сау­рықова, Ләззат Тә­ліпова, Назгүл Мұңсызбаева­мен толыққан, бүгінгі директоры Дариға Жанәбілова, Гүлзада Жұ­мабаева, Бақытжан Ақберен сынды 12 адам штатта еңбек етуде. Бұ­ған қоса ғимарат күзетшісі мен от жағып, күл шығаратын еңбек адамдары бар. Рухани қазынаның қормалына айналған жандардың арманы ортақ. Ол – 8,5 сотық жері бар ескі ғимараттың орнына заманауи еңселі екі қабатты кітапхана салынса деген ізгі тілек қана.

«Типтік кітапхана болса жүзеге асыратын талай игі бастамалар бар. Әсіресе жас оқырмандарды тар­туда қызықты іс-шаралар, бас­қосулар ұймыдастыруға болар еді. Коворкинг орталығын ашсақ деген де арман күйінде қалуда», дейді 40 жыл қызмет еткен кітапханашы Сәния Әзизова.

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, кі­тапты қадірлеп, оны оқырманға жеткізуде жүйелі жұмыс жүргізу­ден айнымай келе жатқан Есік орталық кітапхана қызметкерлері жағдай­дың жоқтығына қарамас­тан, табанды еңбек етіп келеді. Рухани өмірдің өзегіне айналған кітапха­нашылардың кәсіби мәрте­бесін көтеріп, тұлғалық қадір-қасиетін арттыру мақсатында Үкімет 24 қазанды – Кітапханашылар күні етіп бекіткені белгілі.

Еңбекшіқазақ ауданы облыс­та­ғы ха­лық саны 320 мыңнан аса­тын іргелі аудан саналады. Есік қа­ла­сының халқы 35 мыңнан асты. Қала орталығындағы кітапха­на­ның сыйқы адам шошырлық жағдайда еке­нін көптен көтеріп жүрген журналист Шаяхмет Құса­йынұлы: «Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, бұл шетін мәселені айта, айта мен де қартайдым», деп налиды.

Кітапханашылардың жанай­қа­йын жауапты орындар естіп, жаңа ғимарат салын­са, Есік қаласының рухани орта­лы­ғы жаңарумен қа­тар, кітапсүйер қауымның еңсесі көтерілер еді.

 

Алматы облысы,

Еңбекшіқазақ ауданы