Қоғам • 06 Желтоқсан, 2023

«13-жалақыны» кімдер алады: Жұмыс беруші жаңа жылға сыйақы беруге міндетті ме?

14677 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбек шарты бойынша бір жыл ішінде қызметкерге басшылық 12 мәрте еңбекақы төлеуі тиіс. Жекелеген кейбір компанияларда әлі күнге дейін жылдың соңында «13-жалақы» терминімен сіңісті болған ынталандыру қаражаты да аударылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«13-жалақыны» кімдер алады: Жұмыс беруші жаңа жылға сыйақы беруге міндетті ме?

egemen.kz

13-жалақы түсінігі  нарықтық қоғамда да қалыптасты. Компания немесе мекеменің басшылығы құзіретіндегі шаруа оңынан шешілсе, қызметкерлерге берілетін сыйақы  мөлшері де еселеніп артады.  Қызметкердің бір жылда атқарған еңбегінің өнбегі мен жеткен жетістігін саралай отырып тағайындалатын 13-жалақыдан һәм сыйақыдан әркімнің де "бар таласы".

Десе де айлық еңбекақыдан тыс берілетін бұл жалақы Еңбек кодексінің 107-бабында жазылған шартқа сай белгіленеді. Ең әуелі 13-жалақы туралы ұйымның не компанияның жарғысында жазылуы тиіс. Құжат түрінде бекітілгені айқын болса, әр қызметкер өзі істейтін ұжымының жылды табысты аяқтағанына сай  сыйақыға кенелуіне мүмкіндік туады.

Әрине еңбек шартында сыйақы жайында тиісті пункттің жазылуына сай, қызметкердің ішкі ережеге бағынып, тәртіпті бұзбағаны да ескеріледі. Еңбек шартына 13-жалақы төлеу туралы енгізу жұмыс берушінің мырзалығына байланысты жүзеге асырылады. Заңгерлер компания бір жылға бөлінген бюджетін үнеммен жұмсап, ысырапқа жол бермей  қаражаты артылса, қызметкерлерге еңбегіне қарай сыйақы есебінде  бөліп  беруіне болатынын айтады.

Еңбек кодексінде: «13-жалақы» деген түсінік жазылмаған, 107-бапта «Жұмыс беруші жұмыскерлердің өндіріс тиімділігі мен орындалатын жұмыстардың сапасын жоғарылатуға мүдделілігін арттыруды күшейту үшін ұжымдық шарт талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актілерінде айқындалған сыйлықақы беру жүйелерін және еңбекті ынталандырудың басқа да нысандарын енгізе алатыны» жазылған.