Ипотека • 01 Қаңтар, 2024

Ипотека нарығы: осы жылға арналған болжам

137 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл елімізде жаңа ипотекалық бағдарлама пайда болуы мүм­кін. Біз айтқалы отырған «9-20-25» бағдарламасы туралы сәл кейінірек тарқатамыз. Ал 2018 жылдан бері халық­тың бас­пана қажетін өтеп келе жат­қан «7-20-25» биыл да жал­ға­сады. Бірақ бір жылда 100 млрд теңгеден артық қара­жат бөлінбейді.

Ипотека нарығы: осы жылға арналған болжам

«Қазақстанның орнықтылық қорының» хабарлауынша, өтініш қабылдау процедурасы келер жылы да өзгермейді. Әрине, бұл – тәуір бағдарлама. Қаншама адам осы тиімді шарттардың арқасында тұңғыш үйлерін алды. Дегенмен кем-кетік тұсы да жоқ емес.

Оның бірі де бірегейі – үйді тек бастапқы нарықтан таңдау шарты. Жаңа ғимараттағы пәтерлер құры­лыс басталмай жатып сатылып кете­тіндіктен, ондай үйді табу аздап қиынға соғады. Сонымен бірге тұрғын үйдің бағасына қатысты шектеулер бар. Астана, Алматы, Ақтау, Атырау және Шымкентте пәтер құны 25 млн теңгеден аспау керек. Ал басқа өңір­лерде бұл сома 15-20 миллионмен шектеледі. Дәл осы сәтте мұндай ақшаға пәтер табу тағы қиын. Үшінші қиындық – былтырғы енгізілген жаңа тәртіп бойынша бөлінетін қара­жаттың азаюы. Жылына 100 млрд беру дегеніңіз – үйлі болсам деген үміт­тілерге, тіпті жетпейді.

«Ұлттық банк «7-20-25» бағдарла­масына бөлінетін ақшаны көбейтті, өйткені бастапқыда оған 1 трлн теңге бөлеміз деп жоспарлаған. Ал жылда 100 млрд бөлінетінін ескерсек, 2029 жылға қарай жалпы сома 1,6 трлн теңгеге жетеді. Берілген ипотеканы ғана емес, мөлшерлемені субсидиялауға кететін ақшаны да есепке алу керек. Бұл банктерде ақша көбейеді деген сөз, салдарынан ақша массасы артып, құнсызданады да, тағы мәселе көбейеді.

Жеңілдікті ипотекалардың тиімді­лігіне баға беру қиын, өйткені оларды әзірлеп, қабылдағанда сарапшылар қатыспайды. Бұлай жалғаса берсе, ел алдында талқылағаннан пайда жоқ, себебі бұл ішкі бастама негізінде қабыл­данатын шешімдер. Негізі, әу баста «7-20-25» пен «Баспана хит» нарықты ипотеканы дамытуға бағыт­тау мақсатында іске қосылды, себебі сол сәтте салада кәдімгідей тоқырау байқалып еді. Бірақ, өкінішке қарай, қысқамерзімді бағдарламалар экономиканы ынталандыратын ұзақмер­зімді жобаға айналып, тоқтату мүмкін болмай қалады», дейді экономист Эльдар Шамсутдинов.

Жаңадан пайда болғалы отырған «9-20-25» бағдарламасы азаматтарға біршама оңтайлы болуы мүмкін. Жаңа бағдарламаны «Отбасы банк» пен «Бәйтерек» холдингі әзірлеп жатыр. Оны жүзеге асыруға бюджет қаражаты пайдаланылмайды. Бағдарлама аясында несие 20 пайыз бастапқы жарнамен, 9 пайызбен 25 жылға беріледі деген еді. Жыл сайын 150 млрд теңге (нарықтан 100 млрд теңге және «Отбасы банктің» таза табысынан 50 млрд теңге) бөлу жоспарланып отыр. Соның арқасында жылына 8 мыңға жуық отбасы ипотека ресімдейді деген болжам бар.

Айта кету керек, бұл ипотекалық бағдарлама жұмыс істейтін жастарға арналған. Қатысушылардың соңғы бес жылда баспанасы болмау керек. Ал пәтерді жаңа үйден (ҚТК кепілдігі болса) де, екінші нарықтан да таңдауға болады. «9-20-25» биылғы жылдың бі­рінші тоқсанында іске қосылуы мүм­кін. Мамандардың пікірінше тұрғын үй бағасы бірден 10 пайызға өсуі мүмкін.

Сонымен қатар биыл азаматтардың жекелеген топтарына «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары арқылы жеңілдікті ипотекалық несие беру үшін республикалық бюджеттен ақша бөлінеді. Бұл – 2 және 5 пайызбен берілетін ең арзан ипотека. Алайда мұндай бағдарлама арқылы әлеуметтік осал топтағы азаматтар ғана баспаналы бола алады. Үміткерлер екі негізгі шартқа сай болуға тиіс:

  • Соңғы бес жылда жеке баспанасы болмау қажет;
  • Тұрғын үйге мұқтаж азамат ре­тін­де әкімдік кезегінде тұруы тиіс.