Ұстаз • 21 Қаңтар, 2024

Мұғалім шығарған журналдар

509 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлтқа қызмет қылу қарекетпен өлшенеді. Қарағанды қаласындағы №95 мектептің информатика пәнінің мұғалімі Біржан Балтабайұлының осы бір игі ісіне көпшілік сүйсініп отыр.

Мұғалім шығарған журналдар

Қарапайым мұғалім балаларға арналған «Жеті қазына» атты шағын кітапшаны жарыққа шығарған. Онда жеті қазына атауларының мәнін ашатын шағын мәтін мен сурет бар. Балдырған әлгі суретті бояу арқылы шығармашылыққа бойын үйретіп, танымын кеңейте алады. Алматыдағы «Алгоритм» баспасынан 1000 данамен жарыққа шығыпты. Әлеуметтік желідегі жарнама арқылы жартысын сатып та жіберген.

– Алғашқы шағын бояу жур­­налын шығардық. Енді, «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Зарина патшайым», «Томирис патшайым» секілді кітап­ша­ла­ры­мыз дайын тұр. Ертегі негізінде әзірледік. Мәтінін құруға анам Алтын Төлепбергенқызы атсалысты. Ол – қазақ тілінің маманы. Қазір зейнетте. Жобаны жұбайым Еркежан Қуандықовамен бірлесіп, пысықтадық. Әйелім – IT саласының өкілі. Жылдам сатылып кеткеніне қарап, өтімді екенін, сұранысқа ие екенін түсіндік. Балаларын ұлттық тәрбиеге баулитын ата-ана барын білдік. Жобамыз қолдау тапса, әрі қарай жетілдіре бермекпіз, – дейді Б.Балтабайұлы.

Жаңа журналдары енді үш тілде жарыққа шықпақ. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде. Қазақы оюлар топтастырылған жинақтары да бар. Бояу журналдарының суретін салған – Гүлнұр Ерланқызы мен Виларом Бақытжанқызы.

Міне, қарағандылық жас мұға­лім информатика сабағын ғана өткізіп қоймай, ұлт болашағына осылай қызмет етіп жүр.

 

Қарағанды облысы