Хоккей • 02 Ақпан, 2024

«Авангард» алдырмады

29 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сәрсенбі және бейсенбі күндері Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойындары өтті. Бұл жолы «Барыс» өз мұз айдынында Омбының «Авангард» клубын қабылдады.

«Авангард» алдырмады

Бәсекені «Барыс» жап-жақсы бастады. 17-минутта Аркадий Шестаков шайбаны нысанаға дөп түсіргенде, жергілікті жанкүйерлер бір желпініп қалды. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Үзілістен кейін астаналықтар ескі әдеттеріне бас­ты. Олар өте сылбыр қимылдап, жиі қателікке ұрынды. Айдын иелерінің олқылығын қонақтар сәтті пайдаланды. Үзілістен кейін айналдырған төрт минут аралығында Михаил Гуляев пен Николай Прохоркин «Авангардты» алға шығарды. Ал бәсекенің аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Сергей Бойков матчтың соңғы нүктесін қойды. Есеп – 1:3.

Сөйтіп, қатарынан алтыншы рет ұтылған «Барыс» жарыс кестесіндегі жағдайын одан әрі қиындатты. Олардың еншісінде 44 ұпай ғана бар. Бұл күндері жерлестеріміз ҚХЛ-дағы 23 команданың арасында 21-орында тұр.