Музей • 13 Ақпан, 2024

Музей жүйесін жаңа деңгейге көтеру маңызды

146 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі кезеңде мәдениет қоғамның ар-ұждан идеалы мен кісілікке негізделген құндылық бағыт-бағдарын ғана емес, ежелден жалғасып келе жатқан этностық дәстүрдің озық үлгілерін сақтаудың және дамытудың айрықша күшіне айналып отыр. Мәдени саланың Қазақстан қоғамын өркендетудің басым бағыттарының бірі болып отырғандығы да сондықтан.

Музей жүйесін жаңа деңгейге көтеру маңызды

Фото: adyrna.kz

Әңгіме ұлттық мәдениетті этностың, қоғамның және тұл­ғаның өмірлік энергиясын жұ­мылдыратын әрі жүзеге асыратын бірден-бір механизм ретінде сан салалы функция атқаратын жағдайға жеткізуде болып отыр. Осы ретте тарихи-мәдени мұра атау­лыны жинақтау, көздің қа­рашығындай сақтау, ғылыми айналымға енгізіп зерттеу, насихатту әрі дәріптеу сияқты сан алуан функцияны қатар атқа­ратын бірегей институт – му­зейлердің орны мен рөлі ерекше.

Сөз жоқ, еліміздегі музейлер жүйесін қазіргі заман талабына сай жетілдіру ісін ұлт­тық мәдениетіміздің қоғамдық-әлеу­меттік күшін артырудың бір тетігі ретінде қарастырған жөн. Шынтуайтына келсек, ғы­лымды, қоғамдық сананы, ұлт­тық менталитетті, психоло­гия­ны қалыптастыруда ұшан-теңіз қызмет атқаратындығын көреміз.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында:«Біз тиянақты және жоспарлы әрекет жасаймыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз. Бұл – айрық­ша маңызды жыл болмақ. Өйт­кені осы кезең еліміздің ал­дағы ­бес жылдағы дамуына негіз бо­лады», деп айрықша атап өтті. Осы орайда ел мәдениеті мен білім жүйесінің ең маңызды буындарының бірі саналатын музей маманы ретінде бүгінгі жаһандану заманында отандық музейлерге де өзінің қызметін қайта қарастырудың қажеттігі туындап отырғандығын тілге тиек еткім келеді.

Ұзақ жылдар бойы музейлер коллекцияларды жинақ­тап, сақтайтын ағартушылық мекеме ретінде қарастыры­лып келді. Ендігі уақытта тұтас бір елдің, қала мен аймақтың дамуында мәдени, әлеуметтік фе­номен ретінде, сондай-ақ өске­лең ұрпаққа ұлттық мәдени құн­дылықтарды насихаттау ­жә­не оларды, рухани-танымдық тәр­­­биелеуде маңызды рөлге ие құрылым ретінде музей жұ­мы­сына жаңаша көзқарас қа­лып­тастыру қажет. Музейлер бір-бірімен келушілер санымен бәсекелесіп, жеке-дара қыз­метін көрсетпей, керісінше бір-бірімен әріптестікті дамытып, жұмыстың бірыңғай моделі мен механизмін жасап шығуға тиіс.

Музейлердің қазіргі қоғам­дық үрдістегі әлеуметтік-мәде­ни институт ретіндегі ықпа­лын күшейтудің бірден-бір мүмкін жолы – оның ғылыми базасын күшейту. Еліміздің мәдени саясаты тұжырымдамасын­да му­­зейлер ғылым мен зерттеу қызметін дамытудың тірек ор­та­лығы болуға тиіс делінген. Де­мек музей ұлттық тарихи-мәде­ни құндылықтарды сақтай­тын әрі дәріптейтін құрылым ғана емес, іргелі ғылыми-зерт­теу жұмысын барынша тиімді жүргізетін орталық болуы керек. Ғылыми-зерттеу базасы жеткілікті музейлер ғана тари­хи-мәдени құндылықтарды тиім­­ді сақтайды және наси­хат­тай алады. Алайда, өкінішке қа­­рай, отандық музейлердің ба­­сым көпшілігінің ғылыми зерт­теу базасы жоқтың қасы. Олар­­дың, әсіресе, шоуға кө­бі­рек ұқсайтын шаралармен тым әуес­тенгендіктері сон­дық­­тан болса керек. Реті кел­ген соң айта кету керек, ше­тел­­­дің озық үлгідегі му­зей­ле­рін­де көп тараған шоу сияқ­ты іс-ша­ралар біздегі музей жұ­мы­сының небәрі 4-5 пайы­зын ғана құрайды. Жалпы, музей та­­рих­тың жады болғандық­тан, даң­ғара музыкадан гөрі, ғы­лы­­ми ортасы қалыптасқан, мә­дени-білім беру және ғылыми зерт­­теу жұмыстарын қатар ат­қа­ра­тын іргелі мекеме болғаны жөн.

Келесі кезектегі өзекті мәсе­ленің бірі – отандық музей­лер­­­дің халықаралық деңгейде мәдени әлеуетін көтеру бағы­тындағы жұмысты жандандыру, халықаралық аудитория­ны көбірек тартуды қолға алу. Осы бағытта 2023 жылғы 5 шіл­деден 2024 жылдың маусымына дейін Қазақстанның Шан­хай ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуіне орай, мүше елдердің мәдениет пен білім жүйесіндегі негізгі салалары­ның бірі де бірегейі музей саласы мамандарының басын қо­сатын Халықаралық музейлер форумының кезекті отырысын елімізде өткізу мәселесін қа­растыру қажет деп есептеймін. Осы форумда музей ісі бойынша ой бөлісіп, тәжірибе алмасып, пікір таластырып, Қазақ­стан музейлері­нің имиджі мен мәртебесін көте­ре­тін шаралар ұйымдастырылса, ­игі бас­тама болар еді. Осы ШЫҚҰ форумы аясында Қазақстан му­зейлерінің таныстырылымы жасалып, ШЫҚҰ елдеріне музей қызметінің тарих, өнер­тану, табиғат мұраларын өз кол­лекциялары мен мәдени құндылықтары, жобалары көр­сетілсе, музейлер дамудың жаңа сапалық деңгейіне көтеріліп, әлемдік белгілі мәдениет орта­лықтарының рейтингіне енуге мүмкіндік туар еді. Демек қа­зіргі заманғы даму үрдістері көр­сетіп отырғандай музейлер өз қызметінде инновация мен бастамашылдыққа ерекше назар аударуы керек.

Президентіміз Қ.Тоқаев Ұлы­тауда өткен Ұлттық құ­рыл­тайда: «Ха­­лық­тың болмысын және қо­ғам­дық сананы жаңғыртпай, түбегейлі өзгеріс жасау мүмкін емес», деген еді. Осы тұрғыдан келгенде, ұлттық сана мен елшілдікті халықтың бойына дарыту үшін Ұлы дала тарихын ұрпақ жадында тірілту керек. Бұл ретте ұлттық танымды жетілдіру мақсатында отандық музей­лер­ді мәдениетімізді жаңғыр­ту орталығына айналды­рып, тарихымыз бен қайталан­­бас мұраларымызды осы орда ар­қылы жастарымыздың бойы­на сіңіру – қоғамның асыл міндеті.

Музей мамандары – түрлі идеяның бастамашысы және оны жүзеге асырушы ретін­де саланың мәртебесі мен ба­сымдықтарына тың өзге­рістер енгізіп, отандық кәсіби қызметке жан бітіріп, жаңа саты­ға көтеруі қажет. Сон­дық­тан білігімізді артты­рып, мемлекет тарапынан қар­жыландыруды күтіп отырмай, серіктестермен әріптестік орнату арқылы бюджеттен тыс қаражат көздерін қарастырып, қоғамның сұранысына сай тың әлеуметтік маңызды жобалар дайындап, ұсынуымыз керек. Ендігі кезекте заманауи музейлердің миссиясын терең түсіну, кәсіби қызметіміздің бағыттары мен формаларын модернизациялау мемлекет пен қоғамның ортақ ісіне айналса екен дейміз.

 

Бибігүл ДАНДЫҒАРАЕВА,

Ұлттық құрылтай мүшесі, музей саласының маманы