Қылмыс • 14 Ақпан, 2024

Жүргізуші куәлігін саудалаған топ

89 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің әр өңірінде талай рет тұрғындарды «жүргізуші куәлігін алып беремін» деген бос уәдемен алдаған алаяқтардың жолы кесіліп, заң алдында жауапкершілікке тартылып жатқаны туралы ақпарат жиі тарап жатады. Енді міне, Таразда жүргізуші куәлігін саудаға салған қылмыстық топ құрықталды.

Жүргізуші куәлігін саудалаған топ

Облыстық полиция депар­та­ментінің қызметкерлері Жам­был, Түркістан облыс­тарының және Алматы мен Шымкент қала­ларының тұр­ғындарынан тұратын қыл­­мыстық топтың заңсыз әре­кетін әшкерелеп, олардың «жұмысына» тосқауыл қойды. Департаменттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада қылмыстық топтың құрамында бірнеше адамның болғаны, олар­д­ың бұл істі бірлесе атқар­ғаны айтылған.

Полиция департаментінің хабарлауынша, қылмыстық топ мүшелері көлік тізгіндегісі кел­ген­дердің оқуға тиіс сабақтарын және көлік басқару мүмкіндігін тәжірибе жүзінде қадағалап тексермеген. Қаржылай сыйақы үшін жүргізуші куәлігін шүлен таратқандай заңсыз үлестірумен ұзақ уақыт бойы айналысып келген. «Мың асқанға – бір тосқан». Куәлік «саудасының» көркін қыз­дырғандардың кейбірі жұ­мыс орнында жайбарақат отыр­ған­ жерінен ұсталды.

Дерекке сенсек, қыл­мыс­тық топтың құрамында ХҚКО қыз­мет­керлерінен бөлек, жо­ғарыда айтылған өңір­лер­­ден жүргізуші куәлі­гін алу­ға ниет білдірген тұты­ну­­шыларды іздестірген арнайы «көмекшілер» де бар. Ең сорақысы, құжаттар Тараз қала­сында орналасқан халыққа қыз­мет көрсету орталығында рәсім­деліп, иелеріне таратылып отырған.

Құзырлы орган қыз­мет­кер­лерінің жедел іске кірісуінің арқа­сында күдіктілер дер кезінде ұсталды. Қазіргі кезде заң талабына сәйкес тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қолға түскен күдіктілердің қата­рында халыққа қызмет көрсету орта­лығының басшылары секілді лауазымды тұлғалар да бар.

«Тіркелген қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн. Қазіргі уақытта жүргізуші куәлігін заңсыз берудің 35 дерегі анықталды. Қылмыстық жүйені ұйым­дастырушылар мен орындау­шылар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», дейді облыстық полиция департаменті басшысының  орынбасары Алмаз Алматов.

 

Жамбыл облысы