Хоккей • 15 Ақпан, 2024

Әупірімдеп жеңді

372 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері 10 рет мұз айдынына шығып, сол ойындардың барлы­ғында жеңіліс тапқан «Барыс» соңғы екі кездесуін Қиыр Шығыста өткізді.

Әупірімдеп жеңді

Фото: icehockey.kz

Владивостоктағы «Фетисов Аренада» «Адмиралға» қарсы өткен алғашқы матчтың екінші кезеңде астаналықтар алға шықты. Бірақ бұл басымдықты біз сақтап қала алмадық. Соңғы кезеңде қарсыластарымыз жеңісті уысымыздан жұлып әкетті – 4:2. Осылайша, «Барыс» қатарынан 11 мәрте жеңілді. Келесі күні қос аутсайдер қайта күш сынасты. Алғашқы екі кезеңде жерлестеріміз жақсы ойын өрнегін көрсетті. 14-минутта Евгений Рымарев және 19-минутта Энтони Камара қырағылық танытып, екі шайбаны қақпаға тоғытты – 0:2. Үзілістен кейін Ры­марев дубль авторы атанды – 0:3. Үшінші кезеңде жергілікті ойыншылар екі рет нысананы дәл көздеді – 2:3. Бірақ одан әріге «Адмиралдың» әлі жетпеді. Бұл есеп бәсекенің соңына дейін сақталды.

Сөйтіп, қатарынан 11 кездесуде жеңілістен бас көтермеген «Барыстың» бұл жолы бағы жанды. Алайда бұл жеңіс жарыс кестесіне айтарлықтай әсер ете қойған жоқ. Елордалық клуб – әлі де КХЛ-дың тұрақты біріншілігінің жарыс кестесінде соңғы үш орынды қанағат тұтқан командалардың қатарында. Келесі матчын «Барыс» 16 ақпанда түзде Ха­ба­ровскінің «Амурына» қарсы өткізеді.

 

Соңғы жаңалықтар

Оқырманға жол тартты

Басылым • Бүгін, 00:25

Ғасырлар үні

Руханият • Бүгін, 00:13

Керек дерек

Технология • Кеше