Білім • 19 Ақпан, 2024

Директорсыз мектептер...

2651 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қайбір жылдары білім ошақта­рына мыңдаған мұғалім жетіс­пейді деген ақпарат жиі тарап жататын. Енді, міне, білім ордасын басқаратын директор табу мұңға айнала бастаған секілді. Жамбыл облысында елуден аса мектеп басшысыз отыр.

Директорсыз мектептер...

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жалпы алғанда, білім саласында түйткіл аз емес. Мектептерді күрделі жөндеуден өткізудің өзі кейде мұңға айналып кеткендей көрінеді. Қағаздан бас алмайтын ұстаздың жайы кімді де болсын ойландырмай қоймайды. Енді міне, білім ордаларына директор тағайындау да мәселеге айналып барады. Неге?

Кейбір педагогтің айтуынша, ди­рек­тор болу – тиімсіз. Жауапкер­шіліктің жүгі ауыр. Мектептің бүкіл жұмысы үшін басшы жауап береді. Ал жоғары санатты ұстаздың жалақысы мектеп басшысынан жоғары екен-мыс. Бәлкім осының да әсері бар ма екен?

Ауыл мектептері мен қала мектеп­тері арасындағы білім сапасында ал­шақтық бар екені талай рет айты­лып жүр. Әйтсе де, алтын бесік ауыл­дар­дағы білім ордаларының біразы әлі күнге директорға жарымай отырғанын айтпай кетуге болмас. Біршама уақыт бұрын өңірдің 59 мектебі басшысыз отырғаны туралы ақпарат тарады. Кадрлық резерв есебінен 7 білім ордасына басшы тағайындалды деген мәлімет те бар. Сонда өңірдің 52 мектебі әлі күнге директорға жарымай отыр деуге болады. Дерекке сенсек, кейбір мектептер айлап, жылдап басшысыз отыр екен.

Директоры жоқ мектептері көп аудандардың көшін Жамбыл, Қордай, Мойынқұм, Тұрар Рысқұлов, Жуалы аудандары және Тараз қаласы бас­тап тұр. Керек дерекке жүгінсек, облыс орталығынан 100 шақырым қашықта жатқан Тұрар Рысқұлов ауданының жеті мектебі басшысыз отыр екен. Әрине, бұл мәселе кім­ді де болсын толғандыратыны анық. Аудандағы проблеманы әлеумет­тік желі қолданушылары ашып жаз­ған­нан кейін білім бөліміне біз де қайырылдық.

Жоғарыдағы мәліметке қарап-ақ Тұрар Рысқұлов ауданындағы мектептердің он пайыздан астамы басшысыз отырғанын байқауға болады. Расында, директорсыз қалған білім ордаларында білім сапасы қандай? Жалпы, ауданда ҰБТ қорытындысы бойынша екілік алған білім ордалары бар-жоғын, спортзалы жоқ мектептердің санын және басқа өзекті мәселелер бойынша білім бөліміне сауал жолдағанымызда төмендегідей жауап алдық.

«Қазіргі уақытта 7 орта білім беру ұйымдарында (Б.Момышұлы о/м 26.08.2023 ж, Бірлес о/м 16.08.2023 ж, Қ.Сәтбаев о/м 09.03.2023 ж, Малды­бай о/м 12.10.2023 ж, №5 о/м 26.08.2023 ж, №6 мектеп-гимназия 06.11.2023 жылдан бастап ашылды, Қ.Сұлтанбеков о/м 18.12.2023 жылдан бері директорлық лауазымының 5 жыл болуына орай директордың міндетін атқарушы отыр.

Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 11 қарашадағы №559 бұй­ры­ғының 2,3-қағидасына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау – облыстардың, республикалық маңы­зы бар қала­лар­дың және Аста­наның жергілікті атқарушы орган­дарының қарамағын­дағы мемлекеттік білім беру ұйымда­рының бірінші бас­шылары арасындағы лауазымдық орын ауыстыру және бірінші басшы­ларды ротациялау заңның 44-бабы 5-1-тармағының 2-абзацына сәйкес бір елді мекен шегінде жүзеге асыры­латындықтан, мектеп басшылары ротация қағидасына сәйкес келмейді.

Сондықтан Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығының 89-тармағына сәйкес Ә.Бөкейханов атындағы орта мектебі мен Ш.Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектебінің директорлары өз келісімдерімен ауыс­тырылды.

Бірлес шағын орталықты орта мектебінде оқушы саны – 190, 2022-2023 оқу жылында 1 түлек «Алтын белгі» төсбелгісін алса, ҰБТ қоры­тындысы – 79,9 орташа балл. Ш.Уә­ли­ханов атындағы шағын орталықты орта мектебінде оқушы саны – 306, шағын орталықта 69 тәрбиеленуші. 2022-2023 оқу жылында 1 түлек «Ал­тын белгі» төсбелгісін алды. ҰБТ қоры­тындысы – 66,3 орташа балл.

Ә.Бөкейханов атындағы орта мек­те­бінде оқушы саны – 1 729. 2022-2023 оқу жылында 1 түлек «Алтын белгі» төсбелгісін алды. ҰБТ көрсеткіші – 73,6 балл.

Аудан бойынша орташа балл – 77,7. Бүгінге дейін аудандық білім бөліміне қарасты 11 мектептің (Р.Смаи­­лов о/м, Ақыртөбе о/м, Бірлес о/м, Ы.Алтынсарин о/м, №4 о/м, Бол­­тай батыр о/м, М.Горький о/м, М.Әуе­­зов о/м, Абай о/м, Ақбұлақ о/м, Ақ­то­ған о/м, Т.Әубәкіров н/м, А.Бай­тұр­­­сы­нов о/м) орынбасарлары өздері қызмет атқарған мектептеріне директор болып тағайындалды.

Ауданда үш ауысымды және апатты жағдайдағы білім ошақтары жоқ.

Спортзалы жоқ 10 мектеп (Мал­дыбай о/м – 102 , №2 о/м – 133, Т.Әу­бәкі­ров н/м – 48 оқушы, Тасшо­лақ б/м – 38, Ғ.Мұратбаев б/м – 26, Ма­май­қайың­ды б/м – 24 , Шолақ­қайыңды б/м – 37, Бәйтелі б/м – 13 , Сөгеті б/м – 12 , Көкарық б/м – 55,), асханасы жоқ 5 (Шолаққайыңды б/м, Сөгеті б/м, Бәйтелі б/м, Мамайқайыңды б/м, Тасшолақ б/м) бар», делінген аудан­дық білім бөлімі жолданған жауапта.

Аудандық білім бөлімі жолдаған жауапта біз қойған сауалдың біразы қамтылғанымен, екілік алған мектеп­тер­дің бар-жоғы, білім сапасына қа­тыс­ты тағы біршама мәселеге толық­­қан­ды жауап берілмеді. Сондық­тан бұл аудандағы осы және өзге де мәсе­лелерді тағы бір пысықтап жазатын күн алыс емес.

Жоғарыда айтқанымыздай, өңірдің елуден астам мектебі директорға жарымай отыр. Директор тағайындау қиын ба, әлде басқа да себеп бар ма? Облыстық білім басқармасы басшы­сының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаев бұл мәселеге қатысты не айтады?

«Білім және ғылым министрлігінің 2012 жылғы ақпандағы «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші бас­шылары мен педагогтерін лауа­зым­ға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» №57 бұйрығына сәйкес бірінші басшының бос немесе уақытша бос лауазымдарына конкурс жұмыстары жүргізіледі. Қазір министрлік тарапынан ұйымдастырылатын біліктілік тесті уақытша тоқтап тұр. Осы себепті біздің ұйымдастыратын конкурс жұ­мыстарымыздың уақыты ұзап жатыр», дейді ол мәселенің мәнісін түсіндіріп.

Шыны керек, білім ордаларының директорсыз қалғаны туралы ақпарат жыл сайын тарап жатады. Алайда бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш өңірде едәуір төмен болса, биыл ар­та түскен. Қалай десек те бұл жақ­сы үрдіс емес. Өйткені кез келген мек­­тептің білім сапасы үшін бірін­ші бас­шы тікелей жауап беретіні анық. Қысқасы, Жамбылда директор деге­ніңіз дефицит болып тұр. Жауапты бас­қармадағылар өткір мәселе аз уақытта шешімін табады дегенді алға тартып отыр. Сол «аз уақыттың» қаншаға созыларын кім білсін...

 

Жамбыл облысы