Басылым • 20 Ақпан, 2024

Ширек ғасыр. «Егемен Қазақстанның» елордаға қоныс аударғанына бүгін 25 жыл толды

182 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» елор­даға қоныс аударады екен» деген бейресми хабардың айтыл­ғанына да біраз уақыт болған еді. Басылымның астанаға көшіп келуі әу баста 1998 жылдың жазына белгіленгені туралы да арагідік әңгіме қозғалып қалып жүретін.

Ширек ғасыр. «Егемен Қазақстанның» елордаға қоныс аударғанына бүгін 25 жыл толды

Астанадағы алғашқы ғимараты

Осыдан да шығар, Алматы­дағы әріптестеріміз бен тамыр-таныстың кездесе қалған сәт­те амандық-саулықтан соң алғаш сұрайтыны: «Астанаға қашан көшкелі жатырсыңдар?» бол­ғаны да рас-тын. Енді, міне, «Егеменнің» 70 жыл тұрақты да құт­ты мекеніне айналған Алматы­сынан Астанаға ауысатыны сөзден шындыққа айналып, тіпті көшетін күні де белгіленіп қойған кез еді бұл.

Ақмолаға еліміздің елордасы мәрте­бесін беру туралы мәселе алғаш көтерілген кезде-ақ оны сан-саққа жүгіртіп, жоқты бардай, болмашыны дардай етіп көрсетуге тырысқандардың арамыз­да аз болмағаны белгілі. Бола­шақ ас­тананың кескін-келбеті, орна­лас­қан жері, табиғаты мен ауа ра­йы хақында сол шақта небір же­ңіл сөздердің желдей ескені де ешкім­ге құпия емес. Дегенмен тарихи шешім жасалып, бұрынғы Ақ­мола, бү­гінгі Астана Қазақ елінің бас қа­ласына айналды. Үлкен көш­тің со­ңын ала бере «Егемен Қазақ­стан» да елордаға қоныс аударды.

пар

Иә, уақыт деген неткен зымыран еді. Шағын контейнерге салған аздаған жүгімізді алдын ала аттандырып жіберіп, өзіміздің шағын ғана қол сөмкемізбен Алматыдан Ақмолаға атойлап жеткеніміз күні кеше ғана сияқты-тын. Арада зу етіп ширек ғасыр уақыт өте шығыпты. Өткен жыл­дар бедерінде газет те мазмұндық, дизайндық жағынан айтарлықтай өз­геріске ұшыраса, қызмет­кер­лері де басылыммен бірге жаңарды, жасарды. Заман талабына сәйкес шет тілін жақсы меңгерген жаңа буын пайда болды. Сол кезде газетпен бірге көшке ілескен біраз ағаларымыз зейнет демалысына шығып, бейнетінің зейнетін көріп жатса, тіршілік заңымен арамыздан тым алыстап кеткендері де аз емес.

...19 ақпанда Алматыда шығарып салу рәсімі өтті. Соншалықты үлкен бір дабыра салтанат ұйымдастырыл­ған жоқ. Негізінен II Алматы вокзалына осында қалатын әріптестеріміз бен туған-туысқандар жиналды. Ал көшті сол кездегі бас редакторымыз, Президенттің үздік журналистерге берілетін сыйлығының тұңғыш лауреаты Ержұман Смайыл мен осыдан он шақты жыл бұрын ғана газетті басқарып, басылым беделін шырқау биікке көтерген, сөйтіп таралымын 200 мыңға жеткізген Халық жазушысы Шерхан Мұртаза бастап шықты. Бұл қай жағынан алып қарағанда да аса жарасымды тандем еді.

вап

Астанада басылған алғашқы нөмір

«Егеменнің» үлкен көшке ілесетіні белгілі болған тұстағы, әсіресе әсем де ару Алматымен қоштасар сәттегі көңіл толқынысын, қимастық сезімін бір сөзбен айтып жеткізу, әрине, қиын. Көштің енді кері бұрылмайтыны ақи­қатқа айналған шақта бұл сезім еселене түсті десек те, еш қателеспейтін шы­ғармыз. Оның үстіне, «Жаңа Астана шын мәнінде қандай екен?» деген сан мағыналы сауалдың да көкейде кептеліп тұрып алғанын жасырудың жөні жоқ.

Сәл шегініс жасасақ, газет Ақмолаға көшеді екен деген сыбыс шыққалы кейбір журналистерден де маза кете бастады. Біреулері баратындар тізіміне ілікпей қаламын ба деп қорықса, екін­­шілері Алатау бөктеріндегі ару Ал­ма­тыны аязы бет қарыған алыс Ар­қадағы Ақмолаға айырбастағылары кел­мей, екіұдай күй кешті. Баруға тәуе­кел еткен­дер қалғысы келгендерден басым болғанын да айта кетейік. Өйткені жастарды былай қойғанда, жа­са­мыс журналистердің көбінде бас­пана жоқ еді. Ал елордаға бару бақыты бұйырғандарды жекеменшік пәтерлері күтіп тұрған болатын.

авпр

Провинциялық облыс орталығы са­на­­тындағы қарабайырлау шаһарға кө­шуге дайындықты еліміздің бас газеті ретінде «Егемен Қазақстан» да ерте бас­тады. Өйткені басылымның ерте ме, кеш пе, Ақмолаға ат басын бұратыны ақиқат еді. Себебі Үкіметтің астананы ауыстыру туралы қаулысы шыққаннан кейін негізгі мемлекеттік органдар Арқаға қоныс аударып үлгерген-тін.

1997 жылдың қараша айында астанаға «Егемен Қазақстанның» қазіргі бас редакторы Ғабит Мүсіреп бастаған үш адамнан тұратын алғашқы «десант» түсіріліп, олардың тұрмыс-тіршілігіне керекті барлық жағдай жасалды. Ең бастысы, Алматыда жатақханада тұрып келген қызметкерлерге бірден жайлы пәтерлер берілді. Соның алдында ғана Ақмолада басылымның тілшілер қосыны ашылып, 3–4 журналист осы жерден материалдар беруге кіріскен еді. Көп кешікпей сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Алтынбек Сәрсенбаевтың тапсырмасымен «Егеменнің» редакциясын толығымен көшіріп әкелу жұмыстары қызып жүре берді.

Әуелі газет бас редакторының сол кездегі бірінші орынбасары Еркін Қыдыр елордаға негізгі көштен жарты жыл бұрын қоныс аударып, тікелей көші-қон мәселелерімен айналысты. Ақмола облысының Целиноград ауданы әкімдігі өздері отырған екіқабатты ескі ғимаратты Астана қалалық әкімді­гі мен Мемлекеттік мүлік жөніндегі ко­митеттің шешімімен редакцияға босатып беріп, күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Коммерция бөлімінің басшысы Рысбек Сәрсенбайұлының қоластындағы қызметкерлер қоныс аударатын әріптестеріне пәтерлер сатып алуға кірісті. Алматыдағы көші-қонға дайын отырған қызметкерлер енді «пәтерлеріміз қай ауданда екен, орталыққа жақын ба екен?» деген сыңай­да қызығушылық таныта бастады. Мұны жаңа да жақсы өмірге ұмтылыстың бір көрінісі ретінде қабылдаған абзал.

рп

Ақмолаға көшке ілесіп, әуелде мәшің­ке, кейін компьютер басқан өрім­дей жас қыздар да келген еді. Бұл Ерағаң – Ержұман Смайылдың қамқор­лығының арқасында жүзеге асқан шаруа болатын. Сол қыздар бақытын да осы бас қаладан тапты. Бүгінде бір-бір үйдің отанасына айналып, ұрпақ өрбітіп отырған олардың Ержұман ағаларына алғыстан басқа айтары жоқ. Әйтпесе кезінде «мәшіңке басатын қыздарды Алматыдан шұбыртпай, жергілікті жерден-ақ табуға болатын еді ғой» деген күңкіл сөздер де арагідік айтылып қалып жүрді. Бірақ өмір бас редактордың шешімі дұрыс болғанын көрсетті. Бүгінде өсеміз, өркендейміз деп келген барша қызметкердің асқақ арманы орындалды деп нық сеніммен айта аламыз.

Сөз соңында Ержұман Смайыл 1999 жылдан дүниеден өткен 2018 жылға дейін тұрған «Самал» шағын ауданындағы үйіне ескерткіш тақта орнату жөніндегі ұсынысқа қалалық арнайы комиссияның дәл осы аязды ақпан күндері оң шешім шығарып беруі ерекше бір үйлесімнің нышанындай болып, бұдан ширек ғасыр бұрынғы оқиғаны айна-қатесіз көз алдымызға әкелген еді. Қара шаңырақ басылымымыз өсіп-өркендей берсін, оқырманы көп болсын!