Мектеп • 23 Ақпан, 2024

Жеті мектеп пайдалануға беріледі

65 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген Мағжан Жұмабаевтың сөзі қай кезде де маңызын жоймайтыны анық. Ағартушы салаға деген қамқорлық жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, Жамбыл облысында өткен жылы білім беру саласына 280 млрд теңге қарастырылса, биыл 320,2 млрд теңге бөлініп отыр.

Жеті мектеп пайдалануға беріледі

Суретті түсірген – Ақәділ Рысмахан

Өңірде 507 орта білім беру ұйымында 248 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Әлеу­меттік осал отбасылар­дан шыққан 11 326 баланы тегін тамақпен қамтамасыз ету мақ­сатында қыр­күйек айында 425,6 млн теңге қарастырылған. 2023 жылы 20 мектептің және 8 білім ордасының жапсарлас құрылысын жүргізуге қазынадан қомақты қаражат бө­лінген.

Облыс әкімдігіне қарасты білім басқармасының басшылығы келтірген дерекке жүгінсек, осы жы­лы 19 құрылыс нысаны пай­далануға берілмек. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында құрылыс жұмыстары жүргізілетін нысандарға айрық­ша назар аударып отыр. Өйткені ұлттық жоба аясында күрмеуі күрделі бірнеше мәселе шешімін табатын
болады.

Жалпы алғанда, Жамбыл облысында 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 500 оқушыға арнал­ған 12 мектеп салу жоспар­ланған болса, осы жылы 7 мек­теп пайдалануға берілуге тиіс. Ал қал­ған 5 нысанның құры­лыс жұ­мыстары 2025 жылы аяқталады.

Дерекке сенсек, ұлттық жоба шеңбе­рінде бой көтеретін ғи­марат­тар есебінен бірқатар өткір мәсе­лені реттеп алуға болатын секілді.

«Үш ауысыммен жұмыс істей­тін 2 мектептің мәселесі осы жы­лы қосымша құрылыс есебі­нен шешімін табатын болады. Сондай-ақ тағы 2 мектептің мәсе­лесін «Жайлы мектеп» ұлттық жо­басы аясында бой көтеретін ғи­мараттар есебінен шешеміз деп отырмыз.

Облыс орталығынан шалғайда жат­қан Мойынқұм ауданында апатты жағдайдағы екі мектеп бар. Өткір проблеманы оңынан шешу үшін ауданда жаңа ғимараттар салынып жатыр. Құрылыс жұмыс­тары осы жылы аяқталмақ.

Тараз қаласындағы №53, №55 мек­теп­тердегі оқушы орны тап­шылығы мәселесі «Арай» тұрғын алабындағы 600 орындық мектептің және Шөлдала тұрғын алабындағы «Жайлы мектеп» құрылысы есебінен осы жылы толықтай шешімін табады», дейді облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаев.

Мемлекеттік деңгейде қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 12 мектеп салынатынын жо­ға­рыда айттық. Оның 4-еуі Тараз қала­сында бой көтерсе, Қордай ауданында – 3, Шу ауданында – 2, Меркі ауданында – 1, Жамбыл мен Байзақ аудан­дарында екі білім ордасы салынатын болады.

«Өткен жылы 17 білім нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында қазынадан 4,4 млрд теңге қарастырылса, қа­зіргі кезге дейін 16 білім орда­сында жоспардағы жұмыс толы­ғымен аяқталған. Ал Мойын­құм ауданында орналасқан Қ.Рыс­құлбеков атындағы орта мек­тептегі жөндеу жұ­мыстары 1 нау­­рызда аяқтала­ды деп жоспарла­нып отыр. Бұл мәселені тікелей қада­ғалап отырмыз.

Осы жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 6 мектепке, облыстық бюджет есебінен 1 мектепке күрделі жөндеу жұмыста­ры жүргізілетін болады», дейді М.Ны­­санбаев салада атқарылып жат­қан жұмыстар, туралы ойымен бөлісіп.

Жамбылдық оқушылардың рес­пуб­ли­калық деңгейде өткен білім бәсекелерінде қол жет­кізген табыстары да аз емес. Мә­се­лен, тұңғыш рет ауыл мектеп­тері оқушыларының арасын­да ұйым­дас­тырылған республи­калық пән­дер олимпиадасында өңірден 49 оқушы қатысып бақ сынаса, оның 30-ы жүлдегерлер қатарынан көрінген. Сондай-ақ қоғамдық-гуманитарлық пән­дер бойынша өткізілген рес­пуб­­лика­лық олимпиадада өңір­дің командасы жеңістің биік тұғы­рынан көрінген. Сонымен қатар республикалық олимпиада қорытындысына сәйкес өңірдің 7 мектебі еліміздегі үздік 100 білім ордасының қатарына енген.

Жалпы алғанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Үкімет те жоба аясында бой көтеруге тиіс білім ордаларына айрықша ден қойып отыр.

Өңір басшысы Е.Қарашөкеев­тің айтуынша, ұлттық жоба шең­берінде жүзеге асырылатын жұ­мыстарға жауаптылар аса жауап­кершілікпен қарауға тиіс. Мұны ол мердігерлермен өткен кездесу барысында да шегелеп тапсыр­ды. Бір сөзбен айтқанда, «Жай­лы мек­теп» ұлттық жобасы аясында бой көтеретін нысандар кесте­де көр­сетілген мерзімде аяқ­та­луы керек. Бұл мәселе облыс басшысының тікелей бақылауын­да тұр.

 

Жамбыл облысы