Банк • 22 Ақпан, 2024

Банктер қаржылық тұрғыдан орнықты

66 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2023 жылы тұрақты AQR (активтер сапасын бақылау) және ҚСТ (қадағалап стресс-тестілеу) банктердің жалпы қаржылық орнықтылығын растады. 2022 жылы бағалауға 10 банк, 2023 жылы активтері банк секторы активтерінің 84%-ын құрайтын 11 банк енгізілді. 11 банктің несие портфелі банк секторы несие портфелінің 85%-ын құрады.

Банктер қаржылық тұрғыдан орнықты

Тұрақты AQR – негізгі міндеті активтердің нақты сапасын, шығындарды, қосымша провизияларды және банк капиталының жеткіліктілігін анықтау болып саналатын жыл сайынғы қашықтан тексеру. ҚСТ – реттеу құралы. Мақсаты – дағдарыс жағдайында банктердің қаржылық орнықтылығын бағалау. Стресс-тестілеу әдіс­на­масы кредит және нарық тәуекелін, оның ішінде валюта тәуекелін бағалауды, сондай-ақ банктердің таза пайыздық және пайыздық емес кірістеріндегі өзгерістерді қамтиды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың айтуынша, 2023 жылғы AQR бағалауындағы 11 банктің капитал жеткіліктілік деңгейі 15,1% болды. Бұл реттеуші ең төменгі көрсеткіштен (7,5%) едәуір жоғары.

«2023 жылғы ҚСТ қоры­тындылары бойынша қатысу­шы банктердің стрестік сцена­рий­дегі капиталының жиынтық жеткіліктілігі (k1) 2023 жылдың басындағы 15,1%-дан ҚСТ аясындағы 13,9%-дық ең төменгі мәнге дейін өзгерді. Осылайша, қатысушы банктердің стрестік сценарийдегі капиталының жет­кіліктілігі талап етілетін рет­теуші нормативтерден жоғары дең­гейде сақталды. 2024 жылғы наурызда Агенттік тұрақты AQR кезекті циклін бастайды, оның нәтижесі биыл қыркүйекте алынады деп күтілуде», дейді агенттік өкілі.