Жануарлар • 25 Ақпан, 2024

Әлем киікке назар аударды

72 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біраз уақыт бұрын Голливудтың әйгілі актері Леонардо Ди Каприо Қазақстан жер бетінен жойылып бара жатқан киік жануарын жақсы сақтап отырғанын жазып, құттықтаған еді. Алайда бұл кезде «Охотзоопром» қызметкерлері киіктердің санын «реттеп» жатқан...

Әлем киікке назар аударды

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Осынау қалпына келтіру жұмыстары Қазақстанда киік­тердің популяциясы жақсы сақ­талғанын көрсетеді. 2005 жылы 48 мың бас киіктің саны қазір 1,9 миллионнан асты. Браконьерлікке қарсы күрес бастамаларына, құқықтық тәртіпті белсенді қам­тамасыз етуге және жаңа қор­ғалатын аумақтарды құруға қо­мақты қаражат бөлген Қазақстан үкіметін құттықтаймыз. Олардың табиғатты қорғау ұйымдарымен, универ­ситеттермен және ғалым­дармен ынтымақтастығы – бір­лескен күш-жігермен қол жет­кі­зілген табиғатты қорғаудағы шы­найы табыстың жарқын мысалы», деп Ди Каприо айды аспаннан бір-ақ шығарған еді.

62 миллион аудиториясы бар әйгілі өнер жұлдызының бұл құттықтауы қоғамда қызу тал­қыланды. Мұны тіпті кекесін деп те қабылдағандар болды. Ол қан­дай мақсатта жазса да, бұл оқиға киіктердің тағдырына әлемдік қоғам­дастықтың назарын бұрды десе де болғандай.

Құзырлы орындағылардың құлағына бұл құттықтау майдай жақты ма, әйтеуір 10 ақпанынан бастап, киік аулау тоқтатылды. Алайда алдағы күз айларында қайта жалғасуы мүмкін. Бұл ту­ралы еліміздің Экология вице-министрі Нұркен Шәрбиев мәлім­деген.

Қазір әлем қазақтардың киіктерді көбейту тәжірибесіне көз тігіп отыр. Өткен аптада Өз­­бекстанның Самарқан ша­һа­рында БҰҰ конвенциясының кезекті отырысында киіктер мә­селесіне ерекше назар аударылды. Қазақ жерін мекендейтін киелі жануар саны 2 млн 600 мыңға жеткені айтылды. Бұрын-соңды мұндай көрсеткішке қол жеткізу үшін мемлекет батыл шешімдер қабылдап, киіктерді ерекше қорғауға алғанын айтты жиынға қатысқан ақжағалылар. Өйткені 2006 жылы киік саны бар болғаны 50 мыңның шамасында еді.

«Қазақстанда киіктердің кө­бейгені бізді қуантып отыр. Мем­ле­кеттің оны қорғауға қанша­лықты күш салғанын көрдік. Әрі сол популяцияны сақтап тұ­руға да жағдай жасап отыр. Бұл істі жал­ғас­тыра беру қажет. Қор­ша­ған орта, су және ауа сапасын жақ­­сарту арқылы климаттық өзгерістердің киіктерге кері әсер етпеуін қадағалаймыз», деді Жа­һан­дық экологиялық қордың ат­қа­рушы директоры Карлос Родригес.

Расында, Қазақстан – жер бетіндегі киік популяциясын жо­йылып кетуден сақтап, қайта қалпына келтірген бірден-бір ел. Бұған көрші елдер ерекше қызығушылық танытып отыр. Ай­талық, Өзбекстанда үстірт ақ­бөкенінің саны 500-ге жетер-жетпес. Бір кездері олардың саны 80 мың болғанын айтады өзбек экологтері.

«Киіктер тез көбейеді. Егер бар жағдайды жасасақ, олардың санын жылдам қалпына келтіруге болады. Бірақ үстірт ақбөкендері онсыз да көп емес. 5 түрінің ішінде ең азы саналады. Осы тұс­та Қазақстанмен бірлесіп жұ­мыс істеуіміз керек. Бізде 2010 жылы жасалған киіктерді қорғау жөнін­дегі мемлекетаралық келісім бар. Соның талаптарын орындауды же­делдетпек ниеттеміз. Деген­мен бұл жануарлардан кейде адамдар жапа шегетін кездер де болады. Мамандардың айтуын­ша, Қазақстанда киіктер егін ал­қаптарына зиян тигізіп жатқан көрінеді. Мұндайда қолдануға рұқсат етілген халықаралық тә­жірибе бар», дейді Халиолла Ше­рімбетов Өзбекстан Экология, қор­шаған орта және климаттық өзгеріс министрлігінің басқарма басшысы.

Бұл әңгіме де негізсіз емес. Жер иеленушілер егінімізді киік таптап жатыр деп Үкіметтен шы­ғын сұрап жүргені де рас. Осыған орай киіктер елімізде аулауға бо­латын жануарлардың тізіміне енгізілді.

«Жануардың санын реттеу жөніндегі биологиялық не­гіздемеге сай 336 мың бас­ты аула­у жоспарланған еді. Де­ген­­мен ауа райы мен кәсіп­орындардың ет өңдеу қуа­тының шектеулігіне байланысты екі айдың ішінде 41 мың киік қана ауланды. Биыл жұмыс 1 қыркүйек пен 30 қараша аралығында ақ­бө­кенді аулауға рұқсат етіледі. Оның көлемі алдағы уақытта анықталады. Егер киік санын рет­­теп отырмасақ, ауыл ша­руа­­­шы­лығы жерлеріне, яғни шаруа­ларға шығын келтіреді. Қазір Қазақстанда киік атуға тыйым салынды. Әсіресе браконьерлерге заң қатаң. Би­ыл­дың өзінде арнайы органдар ақбөкен атқандардан 4 мың­дай мүйіз тәркіледі. Бәрі де жа­уапкершілікке тартылды. Жал­пы, халықаралық сарапшылар жануардың санын ара-тұра реттеп отыруды қалыпты үрдіс санайды», деді Нұркен Шәрбиев.