Энергетика • 27 Ақпан, 2024

Су электр стансасы іске қосылды

87 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Райымбек ауданында «Орта Қақпақ» су электр стансасы пайдалануға берілді. Оның номиналдық қуаттылығы – 2,2 МВт. Құрылысы 2021 жылы басталған жобаның жалпы құны – 1,5 млрд теңге. Бұл Алматы облысының таулы ауданындағы құны 1 млрд теңгеден асатын ең ірі инвестициялық жоба саналады.

Су электр стансасы іске қосылды

«Орта Қақпақ» су электр стансасы жылына 13 млн кВт электр қуатын өндіреді. Мұндағы су құбырының ұзындығы – 4 шақырым. «Қайнар» қосалқы стансасына ұзындығы 12 шақырым болатын 10 кВт-тық желі тартылған. Өндірілген қуат көзі сол арқылы таратушы компанияға жеткізіліп, одан әрі тұтынушыларға беріледі.

«Біздің облыс жел, күн, су сияқты баламалы энергетика өндіруге өте ыңғайлы. Сол себептен оны дамытуға тиістіміз. Оның экологияға да, тұрғындарға да  пайдасы мен тиімділігі зор», деді ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Жобаны жүзеге асыру барысында 45 адам жұмыспен қамтамасыз етіл­се, енді автоматты түрде басқарыла­тын заманауи су электр стансасында төрт жергілікті тұрғын тұрақты жұ­мыс істейді.

«Алматы облысының дамуына өз үлесімді қосқаныма өте қуаныш­тымын және біздің инвестициялар өңір халқының тұрмысы мен экономикасына қыруар пайдасын тигізеді деп үміттенемін. Жоба бастапқыда 1,2 млрд теңгеге бағаланғанына қарамастан, инфляцияға байла­нысты құны 1,5 млрд-қа дейін өсті. Біз өзімізге жүктелген міндеттерді сәтті орындадық. Қуаттылығы жылына 13 миллион кВт/сағ болатын жоба тұтынушыларды тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкін­дік береді. Оның үстіне станса­ның қуаты су деңгейінің өзгеруіне бейімделеді», деді жобаның инвесторы әрі жетекшісі Жанұзақ Қонаев.

Іске қосылған су электр станса­сының құрылысын «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Damu» инвестициялық қорының қолдауымен осы жобаға қатысушы «Tekes Energy» ЖШС қаржыландырды.

 

Алматы облысы