Аймақтар • 28 Ақпан, 2024

Ауыз суды заңсыз пайдаланған

42 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кей ауылдағы ағайын әлі күнге ауыз суға зар болып отыр. Тіпті ауыз судың ащы шуын талай рет көзбен көріп, құлақпен естідік. Мәселен, Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Жарлысу аулының тұрғындары миллиондаған қаржы жұмсалған жұмыстың соңы сиырқұйымшақтанып, салдарынан «ауыз суға жарымай отырмыз» деп бірнеше рет техникалық судың зардабын шегіп отырғанын айтқан болатын. Тіршілік нәрінен тарыққан ауылдар шынында да аз емес...

Ауыз суды заңсыз пайдаланған

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Кей елді мекендегі жұртшылық таза судың дәмін татпаса, Тараздағы кәсіп­керлер ауыз суды ағыл-тегіл пайдаланып отыр екен. Көне шаһардың «жаңашыл» кәсіп­кер­лері көлік жуу кешендері мен моншаларға және бассейндерге тұщы суды оңды-солды тұтынған. Заңды белден басқан кәсіпкерлік нысандардың саны 300-ден асып жығылады. Жүзден астам монша иесінің санаулысы ғана суды пайдалану туралы тиісті құжатты заң аясында рәсімдеген.

Табиғатты қорғау прокуратурасы қол­даныстағы заңды сырт айналып өтуге ты­ры­с­­қан кәсіпкерлердің заңсыз әрекетін әш­ке­реледі. Ауыз суды армансыз әрі рұқсат­сыз пайдаланып келген азаматтар енді заң аясында айыппұл арқалауы мүмкін. Прокурату­ра өкілдерінің айтуынша, оларға әлі де болса ресми түрде уақыт берілді. Сол уақыт­ты тиімді пайдаланғандар ғана жазадан құтылатын көрінеді.

Дерекке жүгінсек, облыс орталығындағы 150-ге жуық көлік жуу орталығының бар болғаны 7-еуі ғана суды пайдалану бойын­ша тиісті құжаттарды рәсімдеген. Ал қалған­дары заң талаптарын орындауға келгенде селқостық танытқан. Сондай-ақ Тараз­дағы 30-дан аса қоғамдық бассейннің ешқай­сысы жұмысын заңға сай істемеген. Осы­лайша, тіршілік нәрін оңды-солды, ысырап етіп пайдаланып келген.

Кәсіп ашуға келгенде алдына жан сал­маған азаматтар «Жамбыл су» мекемесі­нің теңгеріміндегі жерасты суын ешқандай құжатсыз тұтынып келген. Алайда кәсіпкер­лік нысан иелері таза суды «Шу-Талас бассейні» инспекциясының ресми рұқсатымен ғана тұтынуға тиіс болған. Бірақ ондай қадамға бармаған. Ресми дерекке жүгінсек, әрбір қоғамдық монша иесі жылына 11–20 мың тонна аралығында су тұтынады екен. Ал таза суды заңсыз пайдаланған монша иелерінің саны 100-ден асатынын ескерсек, бұл санды бірнеше еселеуге тура келеді.

«Таза суды заңсыз пайдаланған кәсіп­кер­лерге бірінші маусымға дейін уақыт берілгенін айта кеткен жөн. Олар межелі мер­зім ішінде ауыз суды пайдалануға қатыс­ты құжатты рәсімдеп үлгеруі керек. Олай бол­маған жағдайда Әкімшілік құқық бұзу­шы­лық туралы кодекстің 41-бабына сәйкес айып­пұл арқалайды», дейді өңірлік табиғат­ты қорғау прокуратурасының аға прокуро­ры Ерік Әлмаханов.

Елімізде бірнеше жыл бойы кәсіпкерлік нысандарды тексеруге мораторий жария­лан­ғаны мәлім. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпкерлік нысан басшылары жөн-жосықсыз тексерулерден құтылған болатын. Алайда тексеріс жоқ жерде заңсыздық белең алатынын уақыт­тың өзі көрсетіп отыр. Билік тарапы­нан жасалған қамқорлықты кәсіпкерлер жеке мақ­сатына пайдаланып, заңсыздыққа барған­дары да аз емес. Олар ауыз суды заңсыз тұты­ну арқылы салық төлеуден де жалтарған.

 

Жамбыл облысы