Шымкент • 18 Наурыз, 2024

«Әуезов һәм Абай» ғылыми шығармалар жинағы оқырманға жол тартты

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Әуезов һәм Абай» атты 2-томдық ғылыми шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы ғалымдары зерттеулерінің нәтижесінде жарық көрген жинақтың таныстырылымына өңірдің зиялы қауым өкілдері, жазушылар, республикалық, жергілікті БАҚ өкілдері, оқытушы-ғалымдар және студенттер қатысты.

«Әуезов һәм Абай» ғылыми шығармалар жинағы оқырманға жол тартты

Аталған екі томдықта ұлтымыздың дегдар тұлғалары Абай мен Әуезовтің шы­ғармашылығындағы тың дүниелер оқырман назарына ұсынылып отыр. Бі­рін­ші томға Мұхтар Әуезовтің Оңтүс­тік­ке сапары мен Шымкент қаласында ­жерлен­ген Абай ұрпақтарына қатысты жаңа деректер топтастырылған. Ал 2-томға Абай шы­­ғармаларындағы текстологиялық-тер­мино­логиялық мәселелер мен Мүрсейіт, Тұрағұл, Кәкітай хақындағы мағ­лұ­мат­тар енді. Кітаптың жаңашылдығы – Абай Құнанбайұлының қарасөздері, өлең­дері мен аудармалары түпнұсқа қол­жаз­балармен қайта салыстырылып, оның транскрипциясы жасалып, арнайы түсі­ніктеме берілген.

Көрісу күнімен тұс­па-тұс келген кітап­­тың тұсаукесеріне ар­налған салтанатты іс-шараны М.Әуезов атындағы ОҚУ басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы Қайрат Нұрманбе­тов ашып, ғылыми-зерттеу орта­лығы­ның жұмысына шолу жасады, екі томдық жаңа кітап ғалымдардың 5 жылдық зерт­теулерінің нәтижесі екендігін атап өтті. Іс-шараға қатысқан «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқару­­шы хатшысы Жанар Бектаева, академик Дария Қожамжарова «Әуезов һәм Абай» кітабы туралы пікірлерін білдірді. Журналист, облыстық мәслихат депутаты ретінде арнайы шақырылған осы жолдардың авторы біз де өз пікірімізді, тілегімізді айт­тық. Еңбек авторлары абайтану бағытында зерттеу жүргізіп жүрген – Ақжол Қалшабек пен Әзімхан Исабек. Осы арада қазақтың «ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деген сөзі еріксіз еске оралады. Олай дейтініміз Ақжол Қалшабек – есімі елге мәлім абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметұлының шәкірті. Ал Әзім­хан Исабектің ұстазы Ақжол Қалшабек. Яғни абайтанушы үш ғалымның арасында ғылыми ізденістік тұрғыда сали­қалы сабақ­тастық, үйлесімді үндестік бар.

«Бұл өмір қызығы махаббатпен,

Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен.

Арттағыға сөзің мен ісің қалса,

Өлсең де, өлмегенмен боласың тең»,

деген еді ұлы Абай. Дана тұлғалардың мұра­сын қайта тірілтуге сеп болған бұл туын­дының мәні мен мағынасы айрық­ша екендігі сөзсіз. 1000 данамен Астана қала­сындағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген кітаптың мұқабасы ұлы жазушы Мұхтар Әуезов жарыққа шығарған «Абай» жур­налының үлгісімен өрнектелген. Қалың оқырман қауымға арналған туынды кітапха­наларға таратылады.

 

ШЫМКЕНТ