Теннис • 01 Сәуір, 2024

Жапондар Осакаға сенім артады

28 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұған дейін 12-13 сәуір ара­лы­ғында Токио­дағы Ariake Coliseum кешенінде өтетін Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу турнирінде еліміздің теннис­шілері қандай құрамда өнер көрсететінін жария еткен едік.

Жапондар Осакаға сенім артады

Күні кеше ғана аталған бәсекеде Жапо­нияның әйелдер құрамасының намысын қорғайтын ойыншылардың да есімдері белгілі болды. Солардың арасындағы ең мықтысы – Нао Хибино. 29 жастағы Айти префек­турасының тумасы «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерде екінші кезеңнен аса алмағанымен, басқа жарыстарда елеулі табысқа қол жеткізіп жүр. Күншығыс елінің бірінші ракеткасы бұл күндері WTA рейтингінде 76-орында тұр. Қазіргі кезде өнер көрсетіп жүрген жапондық теннисшілер арасында бұл – әзірге ең үздік көрсеткіш.

Десек те сарапшылар аталған жарыстағы Жапонияның «басты қаруы» ретінде Нао Хиби­ноның емес, атақты Наоми Осаканың есімін атап жатыр. Бұған қарсы уәж айта алмаймыз. 26 жастағы теннисші бүгінгі таңда WTA тізімінде небәрі 229-орынды еншілегенімен, кезінде Осаканың кортта қалай еркін ойқастап, керемет ойын өрнегін көрсеткенін спортсүйер қауым жақсы біледі. 2018-2021 жылдар аралығында ол АҚШ пен Аус­тралияның ашық біріншіліктерін екі реттен ұтып, WTA жарыстарында жеті мәрте топ жарды. Тасы өрге домалап тұрған тұста Наоми әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Соның арқасында 2019 (37 млн доллар) бен 2021 жылдардың қорытындысы бойынша (57 млн доллар) ең көп табыс тапқан бақуатты спортшылардың тізімінде жеке-дара көш бастады.

2022 жылдың аяғында Наоми декреттік дема­лысқа шықты. Былтыр жазда нәрестелі болды. Содан кортқа биыл ғана оралып, Брисбендегі турнир мен Аустралияның ашық біріншілігінде бақ сынады. Бір жарым жылдай уақытқа созылған үзілістен кейін Осакаға бабына ену оңай болған жоқ. Брисбенде ол екінші кезеңде сүрінсе, Мельбурнде тұсаукесер кездесуінде жеңіліс тапты. Бірақ соған қарамастан оның әлеуеті әлі де аса жоғары бағаланып тұр.

Жоғарыда есімдері аталған атақты теннис­­шілерден бө­лек, Қазақстанға қар­сы кездесуде Май Хонтама, Эна Си­бахара және Сю­ко Аояма корт­қа шығады. Үз­­діктер тізі­­мінде 108-орынды ен­­шілеген Хонтама жекелеген сайыста ел намысын қорғайды. Ал қалған екеуі жұптық жарыстарда өте жақсы ойнап жүр. Мәселен, Сибахара мен Аояма былтыр Аустралияның ашық біріншілігінің ақтық сынына дейін алқынбай жетсе, 2021 жылы Уимблдонның жартылай финалында ойнады. 2020 жылы олар Ролан Гарростың ширек финалына шықты. Сонымен қатар Сюко Аояма Азия чемпионатында төрт рет (1 алтын, 1 кү­міс, 2 қола) жеңіс тұғырына кө­теріліп, Азия ойындарында қола медальды мойнына ілді.

Естеріңізге сала кетейік, елі­міздің ең үз­дік теннисшісі Елена Рыбакина қазіргі кезде Париж Олимпиадасына дайындалып жат­қандықтан Жапониядағы жарыстан босатылды. Күншығыс елінде Юлия Путинцева, Зарина Диас, Анна Данилина, Жібек Құламбаева және Аружан Сағын­дықоваға сенім артылып отыр. Қазіргі кезде ұлттық құрама командалардың рейтингінде жерлестеріміз 9-орында тұрса, жа­пондар 20-са­тыға тұрақтады. Сондықтан да отандастарымыз алдағы сынақтан сүрінбей өтеді деген ойдамыз.