Инфографика • 01 Сәуір, 2024

Дүрмегі көп PhD дәреже

1224 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елімізде жыл сайын докторантураға 1800-дің көле­мінде грант бөлінеді. Олардың бәрі дерлік докторан­ту­раны тауысып шығатын шығар, бірақ көбі док­торлық дәрежені қорғап кете алмайды. 2011 жыл­дан 2022 жылға дейін докторантурада 10276 адам білім алды, соның 4497-сі ғана, яғни жартысына да жет­пейтін адам докторлық дәрежесін қорғаған. Себебі неде, шешімі қандай?

Дүрмегі көп PhD дәреже

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Мақпал Мырзабай (ке­йіп­кер­дің қалауымен аты-жөні өзгертілді) Қазақстандағы беделді жоғары оқу орнының бірінде докторантураны былтыр бітірген. Бірақ әлі докторлық дәрежесін қорғамады. Оған бірнеше себеп бар екенін жеткізді.

«Докторантурада 9 адам оқып бітірдік, бірақ әлі ешкім қорға­ма­ды. Оған бірнеше себеп бар. Акаде­мия­лық жазу, ғылыми әдіснама негіз­дерін бакалавриат, магистратурада меңгеруге мүмкіндік жасалып, док­торантурада бұл білім тереңдей түс­се, құба-құп. Бірақ бізде олай емес. Кітапхана қоры мен түрлі шетел­дік базаның қолжетімді болмауы да қиындық тудырады. Тақырып таң­дау кезінде нақты бір мәселе­ден гөрі, зерттеуге жалпылама сипат көбі­рек беріледі. Оның үстіне отандық ғалымдардың жұмысын жинақтаған ортақ бір базаға да сұраныс бар»,  деді М.Мырзабай.

Ал докторанттарды даярлап жүр­­­ген химия ғылымдарының (PhD) док­торы Жексен Тоқтарбай дәреже­ні қор­ғай алмауды докторантураға түсу­дің тым оңайлығымен бай­ла­ныс­тырады.

«Ең бастысы, бізде докторанту­ра­ға түсу – өте оңай, конкурс жоқ деу­ге болады. Себебі докторантураға бө­лінетін грант саны тым көп. Жаз болғаннан бастап университеттер докторант іздейді. Университет­тер­ге берілген мемлекеттік тапсырыс­ты игермесе, келесі жылы беріл­мей қояды деп жанталасады. Ағылшын тілі емтиханынан өтсе болды, соны алуға дайын, оның ғылыми ізде­нісі, ғылымға ұмтылысына мән бе­рілмейді. Сондық­тан докторан­ту­раға ағылшыншасы тәуір, магистр дә­ре­жесі бар екінің бірі жақсы сти­пен­диясы үшін түсіп алады. Үш жыл оқып шыққаны жеткілікті, док­­торлық дәрежені қорғамай қоя салады, оның келіп-кетері жоқ. Докторантураны оқып, докторлық дәрежені қорғаған, докторанттарды даярлап жүрген адам ретінде айтайын, докторантурада оқып жүр­­гендердің көбі бакалавриат пен магистратурада ғылыми жұмыспен айналыспаған, ғылыми мақала жазуды білмейді. Сол себепті ондайлар ғылыми жетекшісінен үміт күтеді. Ал жетекшісінің өзі халықара­лық журналдарға мақала жаза алмайды. Сөйтіп, қорғай алмайды», дей­ді Ж.Тоқтарбай.

вар

Ал аты-жөнін ашық көрсет­кісі келмеген кейіпкеріміз док­то­ранттардың ғылыми сапалы мақала жаза алмауына оқыту сапасының әлсіздігі себеп екенін жеткізді. Оның ойын­ша, отандық университеттерде оқы­­тылатын пәндер мен ғылыми әдіс­нама көп жағдайда халықара­лық ғы­лыми журналдар талабына сай зерт­теу жүргізіп, мақала әзірлеу­ге кө­мектеспейді. Халықаралық ба­залар­да тіркелген журналдар кө­біне ғылыми әдіснамаға қа­таң талап қояды, теориядан гөрі практикалық зерттеуге негіздел­ген жұмыстарға ба­сымдық береді. Отандық докто­рант­тарға мақала­сын «Scopus» және «Web of Science» базаларында индекстелетін журналдарда жариялау үшін ғы­лыми әдіснама негіздерінен білім мен біліктілік жетіспейді. Универ­си­теттерде оқытылатын пәндер бү­гінгі зерттеу жұмыстарына қойы­латын халықаралық талаптарға сай кел­мейді. Сол себепті шетелдік жур­­­­налдарда зерттеу нәтижесін жа­­рия­лау күрделі үдеріске айна­лады. Оның үстіне бұл жағдай мақа­ла жариялауға көмектесетін делдал­­дар­дың көбеюіне алып келді.

Жақында вице-премьерге сауал жолдаған депутаттар да (Қ.Тасте­кеев пен Т.Жүнісов) халық­аралық де­­рек­қорларға кіретін ғылы­ми ба­сы­лымдарда мақала жазу тала­бын док­торлық дәрежені қорғау­дағы не­гізгі қиындық ретінде атады. Де­путаттық сауалда: «Кейінгі жыл­дар­­дағы деректерді талдау негізін­де докторанттардың едәуір бөлігі «Scopus» халықаралық дерекқорын­да жариялауда қиындықтарға тап бол­ғаны анықталды, бұл олардың диссертация қорғауын қиында­та­ды. Мысалы, 2011 жылдан 2022 жылға дейін докторантурада 10276 адам білім алды, ал қорғағандар саны – 4497, бұл докторанту­рада оқығандардың 44%-ын құрайды. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Олардың көпшілігі халықаралық рецензия­ланатын ғылыми басылымдарда мақаланың болмауына байланыс­ты қорғай алмады. Бұдан бас­қа, 9616 адам мемлекеттік бюджет қа­ражаты есебінен оқыды, бұл док­торантурада оқитындардың жал­пы санының 93,5%-ын құрайды. Бұ­дан шығатыны, біз докторанттарды мемлекеттік бюджет есебі­нен оқы­тамыз, бұл ретте олардың одан әрі дамуы мен докторлық дәре­жесін алуына кедергі келтіретін ар­найы қағидалар белгілейміз», де­лінген. Бұл жерде депутаттар док­торлық дәре­жені қорғауға ха­лық­аралық дерек­қорлардағы ғы­лыми басылымдарда мақала жария­лау талабының 2011 жылы енгі­зіл­генімен, дерекқорлар­ға кіруге, оны қолдануға тек 2018 жыл­дан бас­тап мемлекеттік бюджет есебінен қаражат бөліп, жағдай жасалғанын меңзеп отыр. Бірақ, бір қызығы, мемлекеттен жағдай жасалса да, нәтиже керісінше кері кет­кен. Мы­салы, 2018 жылы 4323 ма­қала жарияланса, 2022 жылы тек 3853 ма­қала жарияланды. Ал ең со­рақы­сы, сол 2018–2022 жылдар ара­­лығында жарияланған 2644 ма­қала «жыртқыш журналда» (яғни жал­ған ғылыми журналдарда) жа­рия­­лағаны үшін жарамсыз деп та­нылды.

Негізі гуманитарлық бағыттағы ғалымдар үшін осы талапты мүлдем алып тастауды ұсынатындар көп. Олар «Шетелге біздің тарихымыз, ұлттық құндылықтарымыз, тілі­міз туралы материал қызық емес, қа­жетсіз» деген уәжді алға тартады. Алайда бұған қарсылық білдіріп жүрген дәл сол гуманитарлық-әлеу­мет­тік саланың мамандары да бар. Соның бірі – білім беру саласы бо­йынша PhD, Zhubanov University рек­торы Лаура Қарабасова.

пп

«Web of Science», «Scopus» дерек­­қорларында индекс­телетін жур­налдарда мақала жария­лау талабын әлеуметтік-гума­нитар­лық бағыттағы докторанттар үшін то­лығымен алып тастауды ұсы­нып жүргендер бар. Бұл – негізгі мәселенің шешімі емес. Жоғары­да­ғы кейіпкеріңіз айтқан­дай, басты мә­се­ле докторанттар­дың әдіснама­лық дайындығының жеткіліксіздігін­де болып тұр. Мұны 2021 жылы жүргізілген зерттеуіміз де анық көр­сетті. Батыстың ғылыми журналдары заманауи бағыттарда жұмыс істейді, ал бізде әлі күнге дейін кеңес кезіндегі әдістер қолданылады. Одақ тұсында әлеуметтік ғылымдарға ба­сымдық берілмеді. Халықаралық жарияланымдар, әрине, ғылым­ның негізгі нәтижесі саналмайды, бірақ бүкіл әлемде зерттеу нәтижеле­рін таратудың және бар білім көкжие­гін кеңейтудің қуатты әдісі ретінде қарас­тырылады. Докторлық дәре­же алып, ғылыми ұйымдарда, уни­вер­ситетте жұмысқа тұратын докторант бәрібір халықаралық журналдарда мақала жазуға міндетті болады. Сол себепті оларды әуел­ден, докторантурада оқып жүрген ке­зінен-ақ халықаралық журнал­дарда жариялауға лайықты ма­қа­лалар жазуға үйретуіміз керек», дейді Л.Қа­рабасова. Ол өзі басшы­лық ете­тін университетте бұл жұ­мысты жү­йелі жүргізудің жолдарын да ен­гізіпті. Айталық, шетелдерде докторантураны бітіріп кел­ген Zhubanov University докторанттарына зерттеу әдістерін үйретуге «Болашақ» түлектерін тарт­­қан. Өйткені докторанттардан ­1-курсты бітіргенде мақала және ­диссертация жазуға да­йын болуын талап етеді екен. Со­ған сай әдістемемен де қам­тамасыз ­етіп отыр, 2022 жылы әріптестері­мен бірге докторанттар мен олар­дың же­текшілеріне арнал­ған «Білім беру зерттеулеріне кіріспе: теория, әдіс­­­тер және тәжірибе­лер» монография­­сын шығаруы – соның көрінісі.

Ал жоғарыдағы сарапшымыз Жексен Тоқтарбай докторанттардың докторлық дәрежесін қорғамау себептері тек мақаламен, мәселе тек соның айналасындағы түйткілдерді шешумен шектелмейтінін айтады. Өйткені докторлық дәрежені тек әлеу­меттік-гуманитарлық ба­ғыт­тағы ғана емес, жаратылыстану салалары бойынша даярланған докторанттар да қорғамаған, қорғай алмай жүр.

«Химия, физика, биология ғы­лым­дарында зерттеу жасау үшін заманауи құралдармен жабдықтал­ған зертхана керек. Соңғы үлгідегі микроскоптар, заттардың құрамын, сапасын анықтайтын жабдықтар секілді зерттеу құралдары елімізде тапшы. Сондықтан докторанттар ғылыми тәжірибе жасай алмай­ды. Тәжірибе жасай алмаған зерттеуші мақала да жаза алмайды, жариялай да алмайды. Біздің ғылымдағы ең үлкен мәселенің бірі осы. Қайтпек керек? Саннан сапаға көшу керек. Докторанттардың санын арттыра бергеннен отандық ғылым дамып кетпейді. Одан да бәсекелестік қа­лыптастырса, мықтылар түседі әрі док­торанттарды тым көп даяр­лау­ға кеткен қаражатты зертхана жа­сақтауға, ғылыми зерттеу­лер жүр­гізуге жағдай жасауға жұмсаған жөн. Мысалы, біздің зерттеулерге өте көп химикат қажет, елі­мізде өндірілмейтіндіктен оны шетел­дерден алдырамыз. Соның себе­бінен оның бағасы қымбат, осыдан да химия саласы бойынша зерт­теушілерге тәжірибе жасау, нәти­же шығару қиындау. Сондықтан отан­дық ғылымды дамытамыз десек, ғалымдарды сапалы даярлауға көңіл бөлу және жеткілікті жағдай жасау қажет», дейді Ж.Тоқтарбай.

P.S. «Себеп неде?» дедік. Талап қойылғанымен, оны орындауға жағдай жасалмағанында екен. Өйткені мақала барысында баяндалғандай, халықаралық журналдарда мақала жазу талабы қойылған, бірақ оны орындау үшін дерекқорларды қолдануға 7 жылдан кейін ғана мүмкіндік берілген. Ғылыми мақала жазуды міндеттегенімен, оны қалай дұрыс жазу керегін үйрету жағы жөнді жолға қойылмаған. Ғылыми зерттеу жасау­ды талап етеді, алайда зерттеу жүргізетін зертхана жасақталмаған. Балаға жүзуді үйретпей тұрып, өзенге жібере салғанмен бірдей немесе балға бермей, шеге қағуды сұраған секілді тірлік. Одан қандай нәтиже болсын... Сөз басында «Шешім қандай?» дедік. Оның бір парасын мәселенің мәнісін іштен білетіндер айтты. Түпкілікті шешімді жауапты органдардан күтеміз. 

Соңғы жаңалықтар

Батырдың қолтаңбасы

Жәдігер • Бүгін, 11:10

Белгісіз солдат

Қоғам • Бүгін, 11:00

Ұлттық спорт туралы заң қажет

Ұлттық спорт • Бүгін, 10:45

Майдангердің ұлы

Тұлға • Бүгін, 10:40