Сатира • 01 Сәуір, 2024

«Жең»-«дан» банк

9 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Зейнеткерлікке шыққан екі құрдас әңгі­мелесіп отыр.

«Жең»-«дан» банк

– Кезінде айлық бар, басқасы бар, ырымдап-жырымдап, алдымызды ойлап банкіге ақша салып отырғанымыз тәуір болыпты. Әйтпесе мына зейнетақы ақыр-тақыр құртқандай екен-ә..? – деп Ілдебай құрдасына сынай қарап еді:

– Әлбетте ақылдылық болған, – деп Қилыбай келте қайырды.

– Атаңа нәлеттікін пәлен жыл үзбей айына аударып отырғандағым қазір мардымсыз бірдеңке!  Әлгі инфляция кезінде ескеріледі дегені айдалада қалды. Осы сен де айына аударып отырдың емес пе?

– Кейде айына, кейде алты айда, кейде реті келіп қомақтыға қол сұғыла қалғанда – кесіп кесек күйінде лақтыра салатынмын.

– Айлығымыз да шамалас болды, көл­денеңіміз де көз алдымызда. Дегенмен қа­зіргі тұрмысың дүрілдеп кеткеніне таңым бар?

– Кезінде «аударып» дұрыс жасаппыз. Екі «банкім» бірігіп, зәулім саяжай салып берді.

– Дәурен сенікі, жылына екі рет санаторийге барып сайран саласың.

– Екі банкім жылына кезектесіп, бір реттен жіберіп тұрады.

– Тау-тасқа мінетін «Джипің» бір бөлек, былайғы былқ-сылқ көлігің мынау?

– «Джипті» – «Жең» банкі, мынаны «Дан» банкі мінгізді.

– Е, сен де кезінде екі банкіге салып па едің? Мен де екі банкіге, біреуіне доллармен, екіншісіне теңгемен аударып тұрдым. Сен де сөйткен боларсың?

– Есімде жоқ... Қалай реті келеді, солай беріп отырдым... Оларға да бәрібір, бет-жүзіне қарамайтын, лақтырғаныңа риза, аз да, көп те демейтін.

– Байқаймын, қызметтегі кезіңнен қазіргі тірлігің көш ілгері сияқты?

– Е, иә, банкім аман болсын. Барым да, базарым да солар. Не ішемін, не жеймін демеңіз, тек аман-есен болып, ұзақ ғұмыр кешіңіз. Біз аман болсақ, қамсыз ғұмыр кешесіз дейді.

– Сонда кезінде оларға қанша қаражат, қанша пайызбен салып едің!?

– Бергенімді қанағат тұтты... Пайыз туралы әңгіме болмады...

– Ойпыр-ай-ә, олар қай банкі еді-ей!?

– «Жең» мен «Дан» банкі...

– Талай банк болды, «Жең»-«Дан» дегенді естімеппін..?

– «Жең» – Жеңіс – үлкен ұлым, «Дан» – Данияр – кіші балам...

 

Берік САДЫР