Театр • 02 Сәуір, 2024

Сахнада – «Махаббат, қызық мол жылдар»

213 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Республикамыздағы үлкен өнер шаңырақтарының қатарынан орын алатын Атырау облыстық М.Өтемісов атындағы академиялық қазақ драма театрының репертуары Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» деп аталатын шығармасымен толықты. Бүгінде театр дирек­торы қызметін атқарып отырған С.Көпжасаров пен көркемдік жетекші Т.Мұхтаров театр репертуарына ұлттық туын­дыларды енгізуге мән беруі – олардың ұстанған бағыт-бағдарының дұрыстығын көрсетеді.

Сахнада – «Махаббат, қызық мол жылдар»

Спектакль режиссері Г.Қамыс­баева романның сахналық нұс­қасын өзі жасап, сұрапыл со­ғыстан аман келген Ербол мен жас ару Меңтай екеуінің арасындағы мөлдір махаббатты көрсетуді мақсат еткен. Қойылым бас­тал­ғанда экраннан көрсетілген бес минуттық кіріспе «фильм» Ерболдың соғыстан аман орал­ғанын және бұрын бітірмей қал­ған оқуын жалғастыру үшін университеттің 33 аудиториясын іздеп келіп, есіктің тұтқасын ұстап тұрған сәтімен аяқталады. Экрандағы көрініс біте салысымен сахнаға Ербол – С.Мақсотов шығып, жоғарыда өзі айтқан аудиторияға кіреді. Режиссердің бұл тәсілі залда отырған көрер­меннің спектакль оқиғасына бір­ден қызығушылықпен қарауына оң әсерін тигізді. Г.Қамысбаева суретші Т.Коесовпен бірлесе оты­­рып, муль­ти­медиялық сцено­гра­фияның элемент­терін ұтымды пайдаланған. Сахнада ті­зіліп тұрған орындықтар біресе кинотеатр залы, енді бірде дәріс өтетін ауди­торияға айналып отырады. Сонымен бірге, спектакльдің романтикалық әсерін күшейту үшін режиссер бейнероликтерді орнымен пайдаланған.

Мәңгілік махаббат тақырыбын арқау еткен көлемді романды бір жарым сағатқа сыйдыра білген режиссер оқиғаның тү­сінікті болуын ерекше қадағалаған. Ол сахнадағы барлық әрекетті Ербол мен Меңтай бейнесінің ашылуына бағыттап, бір желіге негіздеген. Дегенмен романды оқымаған көрерменге спектакльдің кей тұстары сәл тү­сініксіздеу болды. Нақ­тылап айтқанда, «Қызыл көрпе» өле­ңінің жазылуы үрдісі көрсетілмей бірден сахнадан оқылады. Сол тәрізді қатысушы кейіпкерлердің арасында Тана мен Заман болған жоқ. Бірақ спектакль соңында олардың өмірі туралы Ерболдың баяндауы, көрермендерге түсініксіз болды. Спектакль соңында экрандағы бейне-ролик тоқтап қалғаннан кейін, Ерболдың қорытынды мо­нологі созылып кетті. Бұл тұс­тағы видео мен кейіпкер сөзінің ұзақтығы реттелмеген.

Қойылымда режиссер кілең жас ак­терлерді таңдап, үш құраммен ерінбей-жалықпай жұмыс істеп, әр орындаушының ерекшелігін ашуға ұмтылғанын атап өткеніміз жөн. Біз көрген спектакльде Ербол рөлін ойнаған актер С.Мақсотовтың кейіпкері кілең қыздардың арасында өзін еркін ұстай алмайтын ұялшақ, жуас болып бейнеленді. Спектакль оқиғасының өрбуіне сай Ерболдың басынан небір жағ­дайлар өтеді. Бірақ актер алғашқы сахнада қалай болса, соңына дейін бір қалыптан өзгерген жоқ. Яғни жі­гіттің Меңтайға ғашықтық се­зімін білдіре алмауы, одан кейін арамза жігіттің құрығына түсіп қалған сүйіктісіне махаббатының мәңгілік екенін айтып онымен табысуы актерден психологиялық тебіреніс пен айшықты эмоцияларды қажет етеді. Алдағы уақытта актер өз кейіпкерінің жазушылық болмысы мен шығармашылық адамға тән сұң­ғыла қагілездігін және оның ішкі жан тебіреністерін шынайы жеткізуге мән бергені жөн. Өйткені роман авторы Ербол бейнесі арқылы махаббаттың мөлдірлігін, сүйе білген жігіттің асыл се­зімінің тұнықтығын, адам­шылық қасиет­терінің жоғары­лығын дәріптеген. Олай болса, спектакльдегі Ербол да осы биіктен көрінуге тиіс.

Меңтай рөліндегі Г.Рыс­қа­ли­дың сырт­қы кескін-келбеті, қимыл-қозғалысы кейіпкер таби­ғатынан алшақ кетпеген. Жас актриса бойжеткеннің ұяңдығын, Ерболға деген ғашықтық се­зімін, Тұма­жанның алдауына түсіп, опық жеген қыздың психологиялық күйзелістерін жет­кізуге талпынды. Бірақ актриса ойынында қыздың өмірге құштарлығы мен адамды дүр сілкіндірер махаббат құдіреті, содан туындайтын жан толқыны, жүрек лүпілі көрінбеді. Орындаушының сөйлеу мәнерінде жасандылық орын алған.

Режиссерлік шешімде Мең­тайдың сыртқы киімдері басқа қыздардан ерекшеленбеген. Костюм суретшісі Т.Коесов та бұл жағын ескермеген екен. Спек­такльдің алғашқы сахнасында Меңтай Ерболдың көзіне оттай басылатындай болып дараланбады. Бастапқы сахналарда қыздың киімі ақшыл түсті болса, ал Тұма­таймен кездескен­нен кейін басқа түске өзгерсе, оның жан-дү­ние­сіндегі құ­бы­лыстардың терең ашылуына әсе­рін тигізетін еді. Сол сияқ­ты Меңтайдың желкесіне түйіп алған шашы да оны тым ересек етіп көрсетіп тұрды. Сырт жақ­тан қарағанда жас арудың сұ­лулығы мен нәзіктігін әрлей түсу үшін оған қос бұрым жетіспей қалғандай болды.

Спектакльдің оптимистік рухын көтеріп тұрған Жомартбек пен Зайкүл бейнелері жаңа қы­рынан ашылған. Бір-бірін қас-қабақтан ұғысқан Ә.Серікбаев пен Т.Аманғалиева сахнада еркін әрекет жасап, әдемі актерлік дуэт­ке қол жеткізген. Жомартбек Ә.Серікбаев ойынында тілге шешен, жылпос әрі пысық жігіт болып кейіптелді. Оның Зайкүлмен және бірге оқитын қыз-жігіттермен жарасымды қал­жыңдасуы, сөзді ойната білуі актердің ізденісін көрсетеді.

Т.Аманғалиеваның Зайкүлі ашық, жарқын мінезімен баурап алады. Ак­три­саның сөйлеген сөзінен, қимыл-қозғалыстарынан өзіне не керек екенін жақсы біле­тін қыз бейнесін көрдік. Көп­шіліктің алдында білімінің таяз екені байқалып қалса да, үнемі әзілге бұрып, өзін жоғары қоятын Зайкүлдің алғанынан қайт­пайтын бірбеткейлігі иланымды шықты. Сөзді үстемелеп айту, қарсыласының бетін қайтарып тастау, өз пікіріне басқаларды сендіруге ұмтылу – қыздың басты тәсілі. Орындаушы өз кейіпкерін қай заманда да «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жанын қина­май өмір сүретін қыздардың жиынтық бейнесіне көтере алды. Т.Аманғалиева рөлдің комедиялық бояуын шамадан тыс қалыңдатпай, сахналық өлшемді берік ұстауы оның орындаушылық шеберлігінің жетіліп келе жатқандығынан хабардар етеді. Режиссер мен кос­тюм суретшісі бұл кейіпкерге қа­ра емес, қызыл түсті көйлек ки­гізсе, оның мінезіне лайық болар еді.

Қойылымның тартысын ширататын кейіпкердің бірі – Тұмажан. Бұл рөлді сомдаған А.Орынбаев Тұмажанның рухани пасық­тығын, қулығын, жеке басы­ның қамын ғана ойлай­тын өзімшілдігі мен нәп­сіқұмарлығын шынайы кейіптеді. Дегенмен режис­сер бұл бейненің әрекет аясын шек­теп тастаған­дықтан, актер кейіп­кердің басынан оқиғаларды кө­бірек баяндап кеткен. Соған қарамастан Мең­­тайдай пәк аруды майданда қаза тапқан ағасының уәдесімен матап, қолына алдап тү­сір­ген жігіттің әре­кетіне актер әлеу­меттік мазмұн, бейнелік си­пат бере алды. Ерболдың алдында Мең­таймен өткізген үш күні мен үш түнін аузынан суы құрып айтатын сахнада Тұ­ма­жанның ақылсыздығы, бос кеу­де мақтаншақтығы ай­қындала түседі. Әсіресе қыздар туралы ойын білдіретін тұста темекі тү­ті­нін құшырлана сорып, ая­ғымен таптап өшіру арқылы Меңтайды сол темекі тұқылындай тап­та­ғанын айғақтайды. Режиссер тарапынан табылған бұл әрекетті актер өз тарапынан жандандырып Тұмажанның рухани жұтаңдығын, моральдық ұстамсыздығын те­рең­­детіп көрсетуде ұтымды ойнат­ты. Кейіпкер бойындағы келеңсіздіктерді беруде актер ал­шаң басып, сөзді асықпай айтып, арасында сұрқияланып күлу арқылы жеткізді. Бұл рөл А.Орынбаевтың шеберлігін шың­дауға еркін бара алатын қабілетін көрсетіп берді.

Спектакльдің жанрлық сипатына, қарқын-ырғағына екпін беретін көп­шілік сахналардың бірінде режиссер ұл мен қыздың әдебіне қатысты автор ойларының халқымыздың ар-ождан туралы тағылымды тәрбиесімен астасып жатқандығымен әдемі үй­лестірген. Мәселен, студент қыз-жігіттер бас қоса­тын сахнада Меңтай анасынан жазып алған нақыл сөздерді аса ибалы қалыпта оқып береді. Қыз аузымен айтылатын: «Ешқашан ешкімді жамандама. Ең жаман деген адамның да өз жақсылығы болады», «Қызға қатты күлудің қажеті жоқ. Жігіттерге оның жымиғаны да жетіп жатыр», – деген сөздер көрерменге үлкен ой тастайды. Шынымен де, халқымыздың ға­сырлар бойы өзек­тілігін жоғалтпаған мораль­дық-этикалық дәстүрлерін қазіргі кезде де жастардың бойына сіңіру қа­жеттігі спектакльдің негізгі идея­сы болып оқылып тұрды.

Режиссерлік шешімде көпшілік сах­насындағы қыздардың жанында үнемі жас жігіттер жүреді. Бұл – соғыстан кейінгі жылдары қырмызыдай құлпырған ару­лардың қиялындағы азаматтар болып елестейді. Сахнада жұптасып билеген жастардың пластикалық әдемі қимыл-қозғалыстары (биін қойған хореограф К.Мукатанова) спектакльдің лирикалық бояуын күшейте түскен.

Қойылымда Ғалымжан Мол­дана­зар­дың «Махаббатым» деген әні лейтмотив етіп алынып, махаббат пен жастықтың ле­бін бе­руде айрықша сезімге бөлеп отырады.

Түйіндеп айтқанда, спектакльде жас­тар­дың қарым-қатынасы, адамгершілік пен азаматтық борышты сезіну, махаббат алдын­дағы адалдық сынды үлкен ойлар айтылған. Өзіндік ізденіс жо­лы бар, шығармашылық бағыт-бағдары айқын, ак­терлік құрамы кәсіби мамандардан жа­сақталған бұл театр ұжымының жаңа премьерасына сәттілік тілейміз.

 

Бақыт НҰРПЕЙІС,

өнертану докторы, Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА профессоры