Аймақтар • 03 Сәуір, 2024

Батыс Қазақстан: тынышсыз түн өтті

65 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында су тасқынымен күрес және апаттан құтқару жұмысы жалғасып жатыр. Сәуірдің 2-сінен 3-іне қараған түні бірнеше елді мекен мен саяжайға тасқын су қаупі төніп, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстан: тынышсыз түн өтті

Мамандардың айтуынша, Орал қаласы тұсындағы Шаған және Деркөл өзендері қауіпті деңгейден асып кетті, Деркөл өзенінің гидробекетінде қауіпті деңгей 600-650 см болса, қазір судың деңгейі 708 сантиметрді құрады. Ал, Шаған өзенінің гидробекетінде 1264 см болды. Жайық өзенінің деңгейі де сәт санап жоғарылап, қазір 583 см-ді көрсетіп тұр.

Әдетте Шаған мен Деркөл өзені облыс орталығы маңында бір-біріне қосылып, соңынан Жайыққа құятын. Қазір аталған үш өзеннің де арнасы қатар толып, тоғысып кетті. Сөйтіп арнасымен ағып үлгермей, жан-жағына жайыла бастады. Осының салдарынан Орал қаласындағы Самал шағын ауданына су жайылды.

«Қазіргі уақытта Самал шағын ауданының тұрғындарын қауіпсіз жерлерге, эвакуациялық пункттерге көшіру жүргізілуде. Төтенше жағдайлар мен коммуналдық қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр», деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаменті.

5

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Самал шағын ауданына барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Құтқарушылар түн ішінде «Самал 3» ықшам ауданында аулаларды қарап шықты. Тұрғындардың кейбірі эвакуациядан бас тартқан. Негізінен халықтың басым бөлігі туыстарына алдын ала кеткен. «Қазір жарық бар, тұйықталудан қамтамасыз етілді. Эвакуациялауға БҚО ТЖД жеке құрамы, апаттар медицинасы орталығы, № 28237 әскери бөлімі, Ұлттық ұлан № 5517 әскери бөлімі, аумақтық қорғаныс арнайы техникалармен жүр. Оқиға орнында ТЖД бастығы, облыстың, қаланың әкімі және оның орынбасары бар. Төтенше жағдайлар, полиция департаменттерімен кезекшілік ұйымдастырылған», деп хабарлады құтқарушылар.

45

Деркөл өзені бойындағы облыстық кардиологиялық орталық және білім инновациялық лицейі бұдан бұрын қауіпсіз жерге көшірілген болатын. Соның ішінде кардиоорталықта ем алып жатқан пациенттер – барлығы 77 адам, толығымен қалалық көпбейінді аурухана базасына жеткізілді.

Өткен түнде Ұзынкөл ауылының жоғары жағындағы су қоймасы толып, бөгет бұзылу қаупі төнгендіктен ауылдан барлығы 705 адам, оның ішінде 230 бала қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл халықтың көбі қаладағы туыстарына тарап кетсе, 5 адам Подстепный кентіндегі мектеп-интернатқа, 15 адам Орал қаласындағы №15 мектепке орналастырылған. Оның жетеуі – бала. Көшіру жұмыстарына БҚО ТЖД жеке құрамы және БҚО ПД күш-құралдары тартылған.

41

Қазір Орал қаласында 8 эвакуация бекеті бар. Ол жерде дәрігерлер, санэпидстанса мамандары, полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікте жүр.

«Махамбет ауылының шет жағын су басып кетуіне байланысты тұрғындар мектеп, клубқа көшіріліп жатыр. Мектепке қазіргі уақытта екі отбасы әкелінді. Мектеп қашықтан оқытуға көшті», деп хабарлады білім басқармасының баспасөз хатшысы.

Осы күндері өзге де органдармен бірге полиция қызметкерлері де тілсіз жаумен күресте күні-түні арпалысып жүр. Жалпы облыс бойынша су тасқынына қарсы жұмыстарға барлығы 703 полиция қызметкері мен 97 қызметтік техника жұмылдырылған. Әсіресе су басып кеткен елді мекендерде полиция күшейтілген режімде қызмет атқарып, эвакуацияланған азаматтардың мүлкін қорғап жүр.

 

Батыс Қазақстан облысы