Шымкент • 04 Сәуір, 2024

Жаңа құс фабрика­­сы

42 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының іргесіндегі Базарқақпа тұрғын алабында тауық жұмыртқасын өндіретін, халықаралық биоқауіпсіздік стандарттарына негізделген кәсіпорын – «АйМар құс» фабрикасы іске қосылды.

Жаңа құс фабрика­­сы

Күніне 110 мың ­­жұмыртқа өндіріледі

Кәсіпорын жылына 72 млн дана жұ­мырт­қа өндіруге қауқарлы. Құс фабри­ка­сы­ның ір­гетасы 2022 жылы қаланды. Екі жылдай құрылыс жұмыстары жүріп, іске биыл кірісті. Өндіріс орнында 2 цех, 4 қоражай, вете­ри­нарлық зертхана, жұмыртқаны сұрып­тайтын алаң мен өнім сақтайтын қойма бар.

Жұмыртқалайтын тауықтар – «супер ник» деп аталатын тұқымды құстар. Оларды Өзбек­станнан арнайы сатып әкелген. Құс фабрикасында гормондық қоспалар, өсу стимуляторлары, генетикалық түр­­лендірілген заттар мүлдем қол­да­нылмайды. Тауықтар мен бала­пандар тек табиғи құрама жеммен қоректендіріледі. Кәсіпорын Гер­ма­­нияның «Big Dutchman», Поль­­ша­ның «Moba» секілді ең озық қон­дыр­­ғыларымен жабдықталған.

ар

Компания өкілі Өмірби ­Сәбит­ұлы­­­­­­ның айтуынша, бүгін­де фабрикадағы құс саны 110 мың­ға жетті. Сәуір айында тағы 110 мың құс сатып әкелінбек. Жұмырт­­қаның 3 түрлі сұрпы өндіріледі. Жұмыртқа санаттары таңдаулы, супер таңдаулы және С1 деп бөлінеді. Кәсіпкерлік жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде 72 млн дана жұмыртқа өндірілмек. Компания бизнес бастауға қажетті қаражатты «Даму» кәсіпкерлікті дамыту» қоры арқылы 4%-дық несиемен алған. Құрылыс пен өндірісті іске қосуға кеткен жалпы қаржы 4,5 млрд теңгені құрапты. Қазір кәсіпорында күніне 110 мың жұмыртқа өндіріледі. 72 млн дананы құрайтын жылдық қуаттылыққа толық көшкен уақытта күніне 220 мың жұмыртқа өнімі алынатын болады.

 

Сыртқы нарыққа да экспортталады

«Негізгі мақсатымыз – халыққа халал әрі арзан, сапалы жұмыртқа ұсыну. Өніміміз халықаралық стандарттарға толық сәйкес болғандықтан, шетелге экспорттай аламыз. Алайда әуелі ішкі нарықты жұмыртқамен толық қамтамасыз етуіміз керек. Бизнес жобамыздың екінші кезеңінде тауық санын 660 мыңға жеткізіп, жылына 220 млн дана жұмыртқа өндіруді көздеп отырмыз. Міне, сол кезде тауа­рымызды Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері мен шетелдерге экспорттаймыз. Қыста адамның тәбеті артып, тамақты көп жейді. Ж­ұ­мырт­қа жоғары калориялы тағам түрі бол­ғандықтан, қыста оның тұтыну көлемі артады. Жазда төмендейді. Сондықтан ол сұранысы жоғары, көп тұтынатын, әрі жаз бен қыс мезгіліне қарай қажеттілігі өзгеріп отыратын өнім болып саналады», деді Өмірби Сәбитұлы.

Кәсіпорын аумағында 135 метр тереңдікте ұңғыма қазылған. Ол мөлдір таза суды тұтынуға мүмкіндік береді. Жарық өшкен жағдайда фабриканы үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ететін арнайы генератор қондырғысы орнатылған. Өндіріс орнының орна­лас­қан жері қала орталығынан бір­шама ұзақта – Түркістан облысы Төлеби ауданына қарасты Зертас ауылының дәл маңында. Сондықтан мұнда еңбек ететін жұмысшылардың дені – жергілікті тұрғындар. Қаладан қатынап істейтін жұмысшыларға арнайы автобус қарастырылған. Жалпы, кәсіпорында 75 адам жұмыс істейді.

Құс фабрикасының өндіріс ай­мақ­тарынан, мал шаруашылығы кешен­­­дерінен алшақта са­лы­нуы сани­тар­лық-ветеринарлық қауіп­сіз­дікті жоғары деңгейде сақтауға кепілдік береді. Компания алдағы уақытта етті бағыттағы бройлер тауықтарын өсіріп, құрама жем да­йындайтын қосымша өндірісті іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ өндірістің екінші кезеңінде шұжық секілді көптеген тауық еті өнімдері әзірленіп, олар арнайы фирмалық дүкендерде сатылымға шығарылады.

 

Мемлекет 250 млн теңге ­пайызсыз қаржы берді

Шымкент қалалық ауыл ша­руа­­­шылығы және ветеринария басқар­ма­сы басшысының орынбасары Қай­рат Базарбековтің мәлімдеуінше, жаңа­дан ашыл­ған құс фабрикасының іске қосылуымен мегаполистегі та­уық жұмыртқасын өндіретін кәсіп­орындар саны төртеуге жетті. Қазір­ге дейін шаһардағы үш құс фабрикасы – «Тассай құс», «Казком» және «Шымкент құс» жұмыртқа өніміне деген сұраныстың 50%-ын қам­та­ма­сыз етіп келсе, нарыққа енді ғана қадам басқан «АйМар Құстың» өнімі­мен сұранысты қанағаттандыру көр­сет­кіші 70%-ға ұлғаятын болады. Әрине, мұны мемлекеттің басты стратегиясы саналатын азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ең үлкен жетістіктің бірі деп бағалаған жөн. Басқарма өкілінің айтуынша, Үкімет осы бағыттағы жұмыстарды ширата түскен. Соның нәтижесінде жыл сайын агроөнеркәсіп кешеніндегі жобалар мен оларға жұмсалатын инвестиция көлемі де артып келеді. Мәселен, биыл «АйМар Құс» құс фабрикасымен бірге мегаполисте тағы ­6 жоба іске асырылмақ.

«АйМар Құс» бірінші қажет­тіліктегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорын бол­ғандықтан, жергілікті нарықтағы тауар бағасының тұрақ­тылығына белгілі бір деңгейде әсер ете алады. Сол себепті, құс фабрикасы әкімдік тарапынан арнайы тізімге енгізіліп, оған «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы тұрақтандыру қорынан 250 млн теңге пайызсыз айналым қаражаты берілді. Бұл келі­сім­шарт негізінде құс фабрикасы жергілікті ірі сауда желісі дүкендеріне 1 жыл бойына бағасы 50 теңгеден С1 санатқа жататын 5 млн дана жұмыртқа өткізуге міндеттеме алды. Сонымен бірге кәсіпорын толық қуатына еніп болған соң инвестициялық субсидия бағдарламасына сәйкес құрал-жабдықтарды сатып алуға кеткен шығынның 40%-ы мемлекет тара­пы­нан өтеліп, компанияға кері қайта­ры­ла­тын болады.

«Мемлекет кәсіпкерлерге өте жақсы жағдай жасап отыр. Оның ең бастысы – қаржылай көрсетілетін қол­дау­лар. Осындай көмектің нәти­же­сінде қаншама компания жобаларын іске асыратын ивестициялық қаражат тауып, аяққа тұрып кетіп жатыр. Ендігі мақсат – нарықты қажетті азық-түлік­пен қамтамасыз етіп, экспорттық әле­уетті ұлғайту. Оған еліміздің климаты мен жер жағдайы толық мүмкіндік бере­ді», дейді Өмірби Сәбитұлы.

 

ШЫМКЕНТ