Қоғам • 04 Сәуір, 2024

«АMANAT» партиясы тасқыннан зардап шеккендерге көмектесіп жатыр

56 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Жастар Рухы» жастар қанатының еріктілері және партия белсенділері су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуді жалғастырып жатыр. Осылайша Батыс Қазақстан облысында қалалық және облыстық мәслихат депутаттары, партия қызметкерлері бір күндік жалақыларын қайырымдылық қорына аударды, деп хабарлайды Egemen.kz «АMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«АMANAT» партиясы тасқыннан зардап шеккендерге көмектесіп жатыр

Фото: «АMANAT» партиясы, телеграм

«АMANAT»-тың Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиевтің айтуынша, партиялықтар өңірдегі төтенше жағдайдан зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетіп отыр.

«7,2 миллион теңге жинап, 13 тонна гуманитарлық көмек жібердік. Атап айтқанда, Қаратөбе ауданына – 7 тонна, Сырым ауданына – 4 тонна, Теректі ауданының Подстепное ауылына – 1 тонна, Орал қаласының тұрғындары үшін – 1 тонна гуманитарлық көмек жиналды. Оның ішінде азық-түліктен бөлек, балалар мен ересектерге арналған жылы киімдер, резеңке етіктер, тұрмыстық заттар және т.б. керек-жарақ дүниелер бар», деді ол.

Аманат партиясы

«Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері мен волонтерлері ТЖ қызметтерімен және жергілікті атқарушы органдармен бірге тұрғындарды эвакуациялауға, оларды арнайы пункттерге орналастыруға, үйлерді су тасқынынан қорғауға, су жолына инертті материал салынған қаптарды төсеуге, су бұру арықтарын қазу жұмыстарына көмек жасауды жалғастырып жатыр.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары, «АMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Нұртай Сабильянов пен Сергей Пономарев су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Депутаттардың айтуынша, арнайы комиссия апат салдарынан келген залал көлемін есептеуді бастады. Комиссия нәтижелері бойынша зардап шеккен отбасылардың шығындары өтеледі.