Рекорд • 05 Сәуір, 2024

Роботтехника рекорды

25 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің оқушылары роботтехникадан халықаралық чем­пио­натта рекорд орнатты. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Роботтехника рекорды

Сингапурде өткен «First Lego League Challenge» роботтехникадан халықаралық чемпионат мәресіне жетті. Халықара­лық жарысқа Оңтүстік Корея, Малайзия, Польша, Индонезия және Қытайдан 100-ден аса оқушы қатысты. Осы аталған додада отандық оқушылар әлемнің жас инженерлерімен бәсекеге түсті. Үш күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша еліміздің өрендері ең жоғары марапатқа ие болып, рекорд жасады.

Еліміздің намысын «Ro alemi» командасының құрамында Се­мей қаласының Білім-инновация ­жә­не №22 орта мектебінің оқу­шы­лары Арыстан Ибрагим, Жана­рыс Ардахов, Дархан Мамади­лов, Айдмұхамед Табараков, Әділжан Қабыкенов, Азат Са­па­ралы, Жәні­бек Әбдікәрімов қорғады. Олар чемпионатта ықтимал 550 ұпайдан 540 ұпай жинап, рекорд орнатып, «Robot Design» аталымын жеңіп алды. Сонымен қатар барлық төрт бағыт бойынша жоғары нәтиже көрсеткені үшін «Champions Award» бас аталымында бас жүл­дені қанжығасына байлады. Сондай-ақ отандық «Tamos Éducation» мектебінің «QSTEM-TAMOS Stars» командасының құрамында өнер көрсеткен Ма­дияр Намазалы, Нұрәлі Саты­балды, Рашид Ахмеджанов, Аң­сар Баязеров чемпионаттың бар­лық төрт бағыты бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, «Champions Award» аталымында I орынды жеңіп алды. Атырау қаласының Білім-инновация лицейінің оқушылары «Pioneers» командасының құрамында Мәлік Ислам, Нұрислам Берікұлы, Бекасыл Нұрымжан, Ерасыл Нұрымжан, Алмаз Абзал, Алмас Ерланұлы, Алдияр Шамар, Әлі­шер Данилов өнер көрсетті. Олар инновациялық жобаны табысты жүзеге асырғаны үшін «Innovation Project» аталымының финалистері атанды.

«Роботтар ойнында тап­қырлық танытып қана қоймай, команда­ның ұйымшылдығын, не­гізгі құндылықтарын көрсету керек болды. Біз инновациялық жобамызды көрсеттік, таныс­тырдық. Бұл жарыстан керемет тәжірибе алдық, еліміздің біз­ге үміт артып отырғанын біл­ген­діктен, жеңіске бар күш-жіге­рі­мізді салдық. Нәтижесінде, әлем­нің озық ел­дерінің арасынан суы­рылып шы­ғып, рекорд орнат­тық», дейді қуа­ны­шын бөліскен оқушылар.  Еске сала кетейік, оқушылар халық­аралық чемпионатқа жол­да­маны Оқу-ағарту министр­лігі­нің қолдауымен «Дарын» рес­публикалық ғылыми-прак­­тикалық орталығы және «USTEM Foundation» қоғамдық қоры ұйымдастырған «FIRST Central Asia» Орталық Азия ойындарында жеңіп алған еді.