Әдебиет • 04 Сәуір, 2024

Комикс – әдебиеттегі жаңа жанр

195 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақпарат тасымалының алғашқы аясы – бітік тастар. Олардың орнын кітап алмастырғанына да мыңжылдықтардың мұғдары болды. Ендігі жерде кітаптың шағын әрі көркем көрінісі ретінде комикстердің алға шыққанын байқап отырмыз. Бұл – дамыған дәуір дидарына сай құбылыс. Комикс жасампаз жасөспірімдердің әдебиет әлеміне енетін порталы қазір.

Комикс – әдебиеттегі жаңа жанр

Әуелі әңгіменің әлқиссасынан бастайық. Комикс­тердің пайда болу уақыты сіз ойлағандай жақын ара­да емес. Ақпаратты бейнемен тасымалдау тәсілі адамзаттың арғы тарихынан бастау алады. Мысыр­лық иероглифтер, гректің фрескалары, түркі дәуірінің петроглифтері – иллюстрацияның ілкі үлгісі. Ал ресми түрде комикстің жанр ретінде қалып­тасуы – XVIII ғасыр. Алғашында діни мәтіндердің мазмұнында жазылып, кейін сатиралық элементтер қосылғаннан кейін жанр тұжырымдамасы түбегейлі өзгерді.

ХХ ғасырда комикстер азаматтардың еркін үн қату алаңына айналды. Бара-бара нәсілдік алалау, соғыс, солақай саясат секілді үлкен тақ­ы­рыптарды қозғады. Өткен жүзжылдықтағы «Біз», «Маус», «Жоғалған уақытты іздеу» секіл­­ді жұмыстар комикс мәртебесін біржола кө­теріп, оны әдебиеттің жекелеген бағыты ретінде әлемге таныстырды. Жанрдың жарқын сипаты – визуал мен экспрессивтілігін пай­даланып комикс авторлары оқиғаның астыртын мәнін нышандар мен рәміздер арқылы ұсына бас­тады.

Комикстің жаңа тынысы Жапонияда 1945-1952 жылдар аралығында Американың оккупа­­циялау кезінде ашылды. Қазақ халқына орыс басқын­шылығымен қатар орыс мәдениеті де қатар енгенін ақын Бекжан Әшірбаев «Пушкасы келіп үйді атқан, Пушкині келіп миды атқан» деп суреттегеніндей, Американың комиксі де жапон жұртын ерекше қарқынмен жаулады. Аталған жанрды Күншығыс елі жылы қабылдағаны соншалық, оған ұлттық сипат қосып «манга» деген атаумен жаңа бағыт қалыптастырды. Қазір бұл – самурай, сакура және анимелерімен қатар Жапонияның рәмізіне айналған алпауыт өндіріс. Оны қазір жетідегі баладан жетпістегі қартқа дейін бәрі оқиды. Манганың комикстен ерекшеленетін бірнеше сипаты бар. Соның бірі – түс палитрасы. Мангада барлығы ақ-қара түсте бейнеленеді. Бұл да бір оқырман қауымның назарын бірлеп, қабылдау үдерісіне оң әсерін тигізетін амал. Иллюстратор мамандардың айтуынша, манга Шығыс халықтары дүниетанымына жақынырақ келетін көрінеді.

Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күнін» дәл осы манга мақамында ұсынған Ұлжан Киікбайдың да пікірі осыған саяды. «Жақында Астана қаласы­ның өнер кеңістігінде «Үн» деген атаумен жаңа жоба дүниеге келді. Жобаның басты мақсаты – қоғамда құмығып жатқан мәселелерді жастардың жарқын үнімен жеткізу. Сондай маңызды мәселенің бірі – қыз тағдыры. ХХ ғасыр басындағы қазақ қаламгерлері көтерген тақырып, өкінішке қарай, әлі де өзек­тілігінен айырылған жоқ. Әйелдің арына, сайып келгенде тағдырына адам айтқысыз зиян келтірген қылмыскерлердің заң шеңберінен оңай аттап кетуі – қоғамның ең қорқынышты құбылысы. Әдебиет – тәрбие құралы болса, жастар мен жасөспірімдер құлшына оқитын комикс яки манга жанры да қоғамның бет алысын дұрыс бағытқа бұра алатын көркем әдебиет үлгісі. М. Әуезовтің «Қорғансыздың күнін» манга дәстүріне қалыптап, қазіргі оқырман қабылдауына лайықтап берудегі ниетіміз – осы», дейді жоба жетекшісі.

Классикалық шығарма манга дәстүрінде әдемі көрініс тапқан. Жас суретші Үпіл Ақыл­бай адам жанының қалтарысы мен дағдарысын шебер бейнелеген. Жоба авторлары қыз бала­сының бейнесі ретінде гүл символикасын пай­даланған. Ал шығарманың драмалық шиеленісі – Ақанның қолындағы дәрменсіз Ғазизаның өксігінің салмағын да сол гүл көтеріп тұрады. Осы орайда ақын Жанат Әскербекқызының:

«Мына гүл менің мұңымды жаяр жаршы ма?

Сығылар мұңың, қансыра, жүрек, қансыра!

...Көз орнында көз емес, кейде қарасаң,

Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға...»,

деген өлеңі еріксіз еске түседі. Бұл – суретшінің сәтті шешімі.

Келешекте қаламгерлердің комикс, манга жанрында жазылған шығармалары оқырманға жол тартады деген үміттеміз. Сайып келгенде, бұл жанрда еңбек ету үлкен талап пен жасампаз сананы қажет етеді. Дұрыс пайдаға жарата білсек, бұл – тұтас ұлттың өркендеуіне ықпал ететін әлеуетті құрал.