Мектеп • 05 Сәуір, 2024

Елордада 27 мектеп салынады

22 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Астана қалалық білім басқармасы ұжымымен кездесіп, білім сапасын арттыру мәселелерін талқылады. Кездесуде сала басшысы министрлік тарапынан қабылданған маңызды міндеттерге тоқталды.

Елордада 27 мектеп салынады

Ғ.Бейсембаев өткен жылы Мемлекет басшысының қаты­суы­мен өткен бас шаһарды дамыту мәселелеріне арналған кеңестен кейін Оқу-ағарту министрлігі мен Астана әкімдігі елорданың білім жүйесін дамытудың 2029 жылға дейінгі жол картасын қабылдағанын еске салды. Бұл құжатта осы салаға қатысты өзекті мәселелер, соның ішінде үшауы­сымды оқыту проблемасын шешу қамтылған.

«Біздің басты міндетіміз – балаларға барынша қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау. Бұл мәселеде елорданың білім жүйесі өзге өңірлерге үлгі болуға тиіс. Министрлік өз тарапынан негізгі міндеттерді шешуде қала әкімдігін қолдауды жалғастыруға дайын. Бірлескен жұмыстың арқасында былтыр 12 жаңа мектеп ашылды. Оның 10-ы министрліктің қолдауымен пайдалануға берілді. Биыл тағы 27 мектеп салынады. Инфра­құрылымды дамытумен қатар жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі де шешіледі. Елордалық 18 педагог кадр резервіне кірді, 7 педагог басшылық лауазымға тағайындалды», деді ол.

Бүгінде бас қалада 175 жалпы білім беретін мектеп, 550 балабақша, 33 колледж жұмыс істейді. Министр кездесу аясында білім ұйымдарының жұмысымен танысып, балалармен сөйлесті. Сабақтарға қатысты. Мұғалімдермен кездесуінде Ғ.Бейсембаев педагогтерді қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын айтты. Министр өз сөзінде педагогтердің денсаулығын нығайтуға, біліктілігін арт­тыру үшін шетелде тәжірибе алма­сып, тағылымдамадан өтуіне ерек­ше назар аударылатынын жет­кізді.