Жастар • 05 Сәуір, 2024

Еңбекшіл елден бақ кетпейді

27 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ұлттық бюро дерегінше, елімізде санда бар, бірақ сапасы беймәлім NEET санатындағы жастардың саны 375 мыңнан асып жығылады. Дабыл қағып, қанша байбалам салсақ та, қайратты азаматтардың бас көтеріп жатқаны шамалы.

Еңбекшіл елден бақ кетпейді

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда маңызды құндылық ретінде еңбекқорлық пен кәсіби біліктілікті баса айтты. Президент сөз арасында біраз жастың әлеуметтік жәрдемақыға қол жайып отырғанын да тілге тиек етті. Бұған ата-ананың ықпалы бар екенін де алға тартты. «Көбіне ата-аналар баласын алысқа жібергісі келмейді. Соның кесірінен көптеген жас еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз болып, әлеуметтік жәрдемақыға қол жайып отыр. Бұл – масылдық деген сөз», деді Қ.Тоқаев. Өйткені ел мүддесі мен келешегін ойлайтын рухани бай жас­тарды тәрбиелеуде алғашқы институт – отбасы, әсіресе ата-ананың алар орны ерекше. Дана халқымыз да: «Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» деп тегіннен-тегін айтпаған.

– Қазақ отбасында ата-ананың қадірі қашанда ерекше. Әке – отбасының ті­регі, асыраушысы, қамқоршысы болса, ана – отбасының ұйытқысы, берекесі. Дүниедегі ешбір оқу әке мен ананың берген тәлім-тәрбиесін бере алмайды. Ол рас. Оқудан білім қонар, ал тағылымды тәрбие – тек әке мен анадан берілетін қасиет. Әке мен ананың бергеніндей білім, ақыл, тәрбие еш жерде болмайды. Отбасылық құндылық осыдан басталады. Сондықтан қазіргі жас отбасыларға айтарым, ұлым өсіп ұялтпасын, қызым өсіп қызартпасын десеңіз, бала тәрбиесіне ерекше мән беру керек, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сауық Жақанова.

Дәстүрлі бала тәрбиесінде негізгі бес құндылық бар. Олар – үлкенге құрмет, еңбекқорлық, өзін-өзі бағалау, сенімділік және әділеттілік. Президент меңзеген тұжырымдама осыған саяды. Алайда елде жасөспірімдер қылмы­сы, ойынқұмарлық, әлімжеттік пен вандализмнің өршуі – жастар арасындағы тәрбиелік жұмыстардың босаңсып кетке­нінің айқын көрінісі. Мұны бүгінгінің күйіп тұрған басты проблемасы десек те артық емес. Тәрбие тіні неге сөгілді?

«Кешегі кеңес одағы кезінде бала тәрбиесіне октябрят, пионер, комсомол ұйымдары да жауапты болып, балаға берілетін тәрбиенің шаруасына олар да белсене араласатын. Бүгінде отбасыдан кейінгі негізгі тәрбие ошағы – мектеп. Бірақ сол оқу ордаларында еңбек сабағы болғанымен, картон қағаз қию, одан бірдеңе жасаудан аспай тұр», дейді журналист Қалиакбар Үсемханұлы.

«Ұрпақ тәрбиесіндегі ең негізгі түйіннің бірі – баланы жастайынан еңбекке баулу. Жас күнінен еңбек еткен  бала есейгенде істің ығын білетін пысық, қағылез болып өседі. Бірақ қазір балалар күн өткен сайын еңбектен алыстап барады. Қаланы қойып, ауылдың өзінде күрек ұстап, шұңқыр қазуды білмейтін, бір шегені түзу қаға алмайтын ер балалар жетеді. Балалардың бойында еңбексүйгіштік қасиет жоқ. Керек десеңіз, ауланың қарын күреу, сынып кабинетін тазалаудың өзін тазалықшылар істеуі керек деп санайды. Жалпы, білім жүйесінде балаларды еңбекке баулуға қатысты бағыт та дұрыс емес. Ата-аналар да балалары мектепте сыпырғы, күрек ұстап қар күресе, ұл-қызы құлдыққа жегілгендей күй кешіп, мектепке келіп «мен баламды білім алсын деп жібердім, еңбек істеп, малай болсын деп жіберген жоқпын», деп шу шығарады. Міне, осының кесірінен бала тақта сүрткенге ерінетін жағдайға жетті. Әрине, баланың басты міндеті – білім алу. Бірақ бойында еңбексүйгіштік қасиеті жоқ өрен ойыннан көз ашпайтын жалқау әрі әлжуаз келеді. Сол себепті білім орындары балаларды дене еңбегімен шұғылдануға да шабыттандырып отырғаны жөн», деп өз ойын ортаға салды журналист.

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай «Еңбек құндылығын дәріптеудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітілгенін айтады. Құжатқа сай, жас толқында, жалпы қоғамда еңбекке, кәсіпке көзқарас өзгермек.

«Ел еңсесін көтеретін қасиетті күш – еңбек. Масылдыққа қарсы күресу үшін әрбір отандасымыздың еселенген еңбегіне, еңбек өнімділігі мен еңбек құндылығына баса мән беру айрықша маңызды. Былайша айтқанда, әрбір қоғам мүшесі «еңбек етсең ерінбей, тоя­ды қарның тіленбей» қағидатын терең түсініп, адал еңбек етуге әрекет жасауы керек. Елдің еңсесін көтеретін игі бастаманың маңызын қоғамның әрбір мүшесі түсініп, әлеуметтік жаңғыртуға шамасы келгенше үлес қосса, ол өзі үшін де, еліміз үшін де тиімді. Кім не береді деп жалтақтағаннан гөрі, әркім қолынан келетін іспен айналысса, өмірі берекелі болатыны айқын. Осы тұрғыдан алғанда қабылданған жол карталары ел азаматтарын еңбексүйгіштікке баулып, жасөспірімдерді жастайынан еңбекке жақын өсуге жебейді», деді сенатор.

Жоспар бойынша ақпараттық жұмыс санатында еңбек адамын дәріптеу, масылдыққа төзбеу жөніндегі деректі фильмдерді шығару және трансляция­лау, еңбек құндылықтарын, еңбек адамын дәріптеуді ілгерілету жөнінде вирустық роликтер, TikTok, инфографикалар, көрнекі материалдар әзірлеу, тарату, жұмысшы мамандықтарын танымал ету бойынша TikTok, Instagram, Facebook, басқа да танымал әлеуметтік желілерде олардың артықшылықтары мен мүмкіндіктерін көрсететін посттар, онлайн челендждер мен роликтер дайындау, тағы сол сияқты тағы 12 тармағы бар. Күтілетін нәтиже де мықты. Тек ізі суып, ахуал күрделеніп кетпесе игі. Әйтпесе қара жұмысты менсінбегендер бос сенделсе, ал мақсат қойғыш жастар өз болашағын елмен байланыстырғысы келмейді. Бұған – Халықаралық көші-қон ұйымының тапсырысымен жүргізілген зерттеулер дәлел.

Саясаттанушылар Ирина Черных және Рустам Бурнашевтің «Қазақстандық жас мамандардың көші-қон көңіл-күйі» құжатын бағдарласақ, кейінгі 7 жылда елден 300 мыңға жуық азамат кеткен. Саны анау айтқандай көп емес. Десек те, халықтың жылдық өсуі – 250 мың адам. Оған қоса сапасы жағынан қоғамның қаймағы кетіп жатқаны анықталған.

Мына бір деректерге көз салсақ, сауалнамадағы «Елден кеткіңіз келе ме?» деген сұраққа жастардың үштен бір бөлігі «иә», тағы үштен бір бөлігі «жоқ», басқалары жұмыс ұсынылса кетуі мүмкін екенін айтқан. Ал басқа елдерде тұратындардың 8,3%-ы оралатынын, 50%-ы оралмайтынын, 41,7%-ы Қазақстандағы жағдайға қарайтынын айтқан. Зерттеуге сәйкес 15 пен 29 жас аралығындағы отандастарымыздың шамамен 42%-ы шетелге оқуға немесе тұрақты тұруға кетуді жоспарлап отыр.

Негізі жаһанда көші-қон қауіп емес, керісінше, табиғи үдеріс ретінде қаралады. Мұны ұлт бірлігін бекемдейтін Құрылтайда да Мемлекет басшысы ерекше атап өтті. «Кейінгі жылдары біздің де жастарымыз шетелге жиі шыға бас­тады. Қазір Қазақстанның 200 мыңға жуық азаматы заңды түрде сыртта жұмыс істеп жүр. Табыс табу үшін шетелде бейресми еңбек етіп жүргендер де бар. Қай жерде болсын, еңбектің, кәсіптің жаманы болмайды. Тек бәрі заңды болуы керек. Сонда мемлекет олардың құқығын қорғап, қандай да бір жағдай болса, көмектесе алады. Ел ішінде немесе шетелде заңды түрде жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік туса, одан бас тартпаған жөн. Ең бастысы – адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу», деп Президент азаматтардың тәртіпке бағынуы олардың қауіпсіздігіне кепіл болатынына тоқталды.

Ауылға барып, таза ауаның табиғаты­на сергіп жүріп, еңбекпен жан баққан жастар да бар. Осындай еңбексүйгіш азаматтар әлеуметтік желіде де елді сүйсінтіп жүр. Мәселен, көкшетаулық студент Айдос Тұрғын жаз бойы табын-табын сиырды алдына салып, айына 500 мың теңге табыс табады. Айдос – Солтүстік Қазақстан облысындағы Сырымбет аулының тумасы. Бала кезі­нен жыл­қыны тізгіндеп, төрт түлікті тү­ген­деп өскен. Қазір қалаға оқуға түссе де, ауылдан шыққысы жоқ.

«14 жасымнан бері аттан түспей мал бағып келемін. Күнде таңғы алтыда тұрамын. Жылқыға суын, шөбін беріп, бәрін даярлаймын. Ерттеймін. Сосын бәрі дайын болған соң, ауылдың кісілері жылқыларын, сиырларын жайлауға шығарады. Мен барлығын жинап, жайлауға алып кетемін. Шамамен 250 бас сиыр. Айына әр басқа екі мың теңге төлейді. Негізгі мамандығым – тау-кен ісі», деді бақташы.

Сайып келгенде, саналы адамның тіршілік етуінің түпкі мәні – еңбек етіп, қоғамның ілгерілеуіне сеп болу.