Әдебиет • 10 Сәуір, 2024

Годекан

32 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«...Шоқыға шықсаңдаршы хан көтеріп, Тартысып бір-біріңді табаламай», депті Несіпбек Айтұлы «Ағалар-ай» өлеңінде. Бұл өлеңнің тууына не әсер еткенін білмейміз, бірақ ел сенген үлкендердің майда-шүйдеге «ілінген» майшабақтығына налығаннан туғаны байқалады. Қазақ даласында шоқыға шығу, төбеге жиналудың мәні зор. Елдік істер атқарылатын жер. Оның үстіне хан көтеру болса. «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген атақты сөз де бұдан алыс кетпейді.

Годекан

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Дала демократиясы қалыптас­тырған парламент өкіл­де­рін­­дей ертеде хан-сұлтандар би-шешендермен кеңесіп, Күлтөбе, Орда­басы, Ұлытау сынды жерлерде ел­дің тағдырына байланысты шешімдер шығарған. Ұлыс қамын күйттеген. Жо­ғарыда ақын «шоқыға шықсаңдаршы хан көтеріп» дегенде ұлттың түп танымынан тамыр тартып жазғанын аңғару қиын емес. Хан көтеру – мемлекет басшысын сайлау деген сөз. Не өтсе де елдің алдында, халықтың назарынан тыс нәрсе болмайтынын білдіреді бұл да. Би, сұлтандардың кеңесін хан ордасында өткізем десе, орда таппай қалған жоқ қой. Біздің далалық танымның бір сабақ жібінің өзі осындай үлкен әңгімелерді төркіндейді.

Қазақ даласында ғана қалыптасты дейсіз бе, осындай ордалы жиындар. Таулықтардың өршіл рухын жұдырықтай жүрегімен көтеріп, әлемге әйгілеген Расул Ғамзатов тіпті тамаша безбендейді: «Таулықтар мешіт қасына, яки кәрі бәйтерек түбіне өмір-тұрмыс қамын ақылдасуға жиналады. Оны бізде годекан деп атайды. Сол годеканда таулықтардан: «Жандарыңа ең жағымды дыбысты айтыңдаршы?», деп сұраса керек.

Таулықтар сәл ойланып кезекпен айта бастайды:

 – Күмістің сыңғыры.

– Аттың кісінеуі.

– Сүйген жардың үні.

– Тасқа тиген тағаның дыбысы.

– Баланың күлкісі.

– Ананың бесік жыры.

– Судың сылдыры.

Бір таулық тұрып:

– Теңіздің шуы, өйткені сол шуда айтқандарыңның бәрі бар, – депті.

Тағы бір кезектегі годеканда тағы сұрақ қойылады: «Қандай түс жанға ж­а­ғымды?», деген. Таулықтар ойланып айта бастайды:

– Ашық аспан.

– Таулардың қарлы басы.

– Ананың көзі.

– Баланың шашы.

– Гүлдеп тұрған сандал.

– Күзгі тал.

– Бұлақтың суы.

Бір таулық тұрып: «Теңіздің түсі, өйткені онда сендер айтқан түстің бәрі бар», депті.

Сондай годекандарда тағы иістің түрі, сусынның түрі, тағы да сондайларды сұрағанда әмәнда әңгіме теңіз­бен тәмамдалады екен» депті Ғамзатов «Менің Дағыстаным» еңбегінде. Тау­лықтар осылай десе, алаш ұранды қазақ баласы теңіздің орнына дала деуі әбден мүмкін ғой. Әлемде не ғажайып болса соның бәрі даламыздан кездеседі. Қа­зақ тумысынан даласымен бітісіп, жа­һан­дағы құбылыс атаулыны сонымен өл­­­шегені «қырында киік жайлаған, суын­да балық ойнаған» (Асан қайғы) жырау­лар поэзиясынан, одан беріде әсіресе Мағ­жан жырларынан анық байқалады.

«Кең дала, көресің ғой, ана жатқан

Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан.

Асқар тау, балдан тәтті сулары бар,

Әне, сол анам еді мені тапқан»

дейді ақын. Біртуар Мағжанның жал­ғасындай ХХ ғасырдағы ақындардың көбі осылай жырлады, соның бірі қазақ жырының қуатты өкілдерінің бірі Қуан­дық Шаңғытбаев еді:

«Дала менің есі-дертім,

Көрсем көңіл жадырар,

Сүйем оның азат көркін,

Менде дала жаны бар.

 

Сол даланың сызы еді ғой

Арқам алғаш тигені,

Сол даланың қызы еді ғой

Жүрек алғаш сүйгені»

болып жалғасып кете береді. Мән бері­ңізші, «дала менің есі-дертім» дегені – күллі ақыл-ой, сана-сезім, жаны мен рухы далаға айналып кетті деген сөз. Тіз­белей берсе қазақ өлең-жырының көбі дала туралы. Анығында одан басқа байлығы жоқ қазақты даласы сақтап тұр ма, даласын қазағы сақтап тұр ма, бұл үлкен сұрақ.

«Жан едім жапан түздің киігіндей,

Жүретін жат суатқа үйірілмей» дейтін Ұлықбек Есдәулеттің екі-ақ жо­лының өзінде далалық тағдыр иесінің дауысы жатқан жоқ па? Мұны даланы қазақ па, қазақты дала ма ұстап тұрған деген сұраққа қарата айтамыз. Сарыарқада сары алтындай аударылып-төңкерілген киік тек қазақ даласында ғана өсіп-өнетін жәндік деседі білетіндер. Асып-төгіліп жатса Өзбекстанның шет жағасын шалып, кері қайтатын көрінеді. Басқа даланы жерсінбегені ғой. Қанша қырып-жойса да киік даласынан кетпейді. Біздің халық та солай болса керек. Қазақ жан біткеннің сұлуын, көз біткеннің мөлдірін құралай дейді. Қыздарына Құралай деп ат қояды. «Құралай» атты халық әні кездеседі. Киіктің киесі бар деп оны жойдасыз қырудан сақтандырар еді. Мұның бәрі тегін емес. Ел көлемінде қанша ақын болса, соның бәрінен құрып кеткенде дала туралы бір-бір өлеңнен табылса, бөкен туралы жырлар мен дас­тандар, күйлер де одан қалыспайды. Құрманғазының күйі мен Сәкеннің «Ақсақ киік» жырын атаса да жеткілікті. Топырағына кіндігі байланып, рухымен бітеқайнасқан бөкенге қазақ қазір жан-жануар есебінде ғана қарайды. Бізді та­уып, өсіріп-баққан дала десек, осы дала­ны сақтау ондағы аң-құсын аялаудан басталмай ма? Қазақты Құдайдан соң сақтап тұрған дала емес пе? Табаны жерге тимеген, кекілі күнге күймеген ХХІ ғасырдың қазағы оны түйсіне ме? Көпқабатты үй тұрғындарының рухы жерден, зердесі табиғаттан алыстап кеткен. Қасиетті топырақтың, киелі жердің тумасы емес сынды. Жердің тұрғыны есебінде ғанамыз. Бүгінгі тұрағымызды уақытша жалға алған сияқты қараған соң, бізден кейін бұл болмаса күл болсын дейтін сана қалыптасқанға қайран қалмасқа болмайды. Қазіргілер табиғи тепе-теңдік туралы сөз айтсаң, «есің дұрыс па?» дегендей бір қарайды да, телефонына телміріп кете барады. Әзербайжан ақыны Әкбар Гошалының өлеңі еске түседі:

«Демінен жусан аңқыған,

Аттарға ер салмадық.

Ұйықтап кетсек ғаламда

Бетімізді белгісіз

Шөп-шаламмен жабар ма?

Ант үстінде қарамаймыз байраққа,

Аспанға да, Ай жаққа.

Бөрі ұлыса елемейміз есінеп...

Сосын тұрып дейміз-ау:

Қайдан келді осыншама зілдей қайғы-қасірет?»

Әңгіменің әлхамын Күл­төбенің ба­сын­дағы жиын­нан тегін бастамағанбыз. Шоқы­ға хан көтеріп шығатын сол ұлы жиындар кейін келе ұсақталып-ұсақ­талып әр ауылдың басында бір-бір өсек­төбе пайда болды. Онда да обал-сауап, қар­дың жайы, іркілетін судың жайы, жайы­лым мәселесі, жылқының тебіні туралы сөз болып, алдын ала қам қылатын үлкен­дер. Қазір жердің жағдайын, жа­йылым шегін білетін даланың көреген қазағы қалмай барады. «Қазгидромет» алдын ала болжағанымен, қай ауылдың суы қай арна мен жыраны бойлап аға­рын қайдан білсін? Олардың мұзы сындырылып, судың жолын салу туралы бас қатыратын қазақ қалмаған елде. Қара күзден қырғынға ұшыратқан киік қыс­тай Арқада неге қалып қырылып жатыр? Бетпаққа өтетін байырғы жолын таппай сенделеді олар. Газ, мұнай құ­бырлары тартылған жолдарға тіреледі де, бағытынан жаңылмағанда қайтеді? Елдің жағдайы өзгерген сайын жердің де жағдайы өзгеріп, түрлі жолдар, нысан­дар салынып жатқан жоқ па? Арқаның алты ай қысында адасып жүрген бөкендер көктемде арнасын таппай қар бетімен ауылдарды алып кеткен су сияқты жосылады. Қолдан қырғаны аздай мұнда­ғы қыс олардың ажалы болмағанда несі болмақшы? Ақ қар, көк мұзда жосылып жүрген киік емес, көз жасы демей көріңіз. Оны айтатын адам болғанымен, құлақ асатын құзырлы орын жоқ. Обал-сауапты біліп, жаны ашымаған соң ашаршылық жылдары қырылып жатқан қазақты көрсе де «план орындаңдар» деп ұран көтерген Елтайлардай өте шығады.

Жақыны тұрмақ, жануарға жаны ашып тұратын қазақ қайда қалды, қасие­ті қайда қалды? «Көздері мөлді­ре­ген ақбөкенді адамның баласынан кем көр­мейтін» Сәкендер айтқан жана­шырлық қасиеттен айырылып барамыз. Оның да сауабы мен зауалы қатар жүрмей ме? Былтыр қазақ даласында теңкиіп-теңкиіп киік қырылды. Биыл сол далада тура сол орындарда қазақтың жанындай көрген жылқысы жұтап, арам қатты. Ақыры емеурінмен басталған әңгімені астары мың батпан мына өлеңмен аяқтаймыз:

« – Қасқа-ау, қаның қарайды неге мүлде,

Ел болудан қалайын дегенің бе?

Ырыс басы көк жұлын – ұлыс басы,

Қалай, аға, қиясың оны өлімге?

– Өртеді деп тұрмысың бүгін ғана,

Өлтірдіңдер сан рет бұрында да –

Деп көк айғыр күледі, о, Жасаған,

Тым болмаса құтқаршы құлынды ана...»

Есенғали Раушановтың «Түс» атты бұл өлеңі жылқы мен қазақтың диалогі сияқты қабылданады. Мыңжылдықтар бойы иесімен қоса жерленген жылқы да қазақтың бір қасиеті. Бұрын кісінейтін жылқыны ақын жырында күлдіреді... Жылқының қазаққа қарап күлгені қор­қынышты емес пе?