Теннис • 10 Сәуір, 2024

Заринаның қарқыны күшейеді

15 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның 30 жастағы танымал теннисшісі Зарина Диас екі жылға созылған үзілістен кейін үлкен спортқа қайта оралды. Ол 12-13 сәуір аралығында Токиода өтетін Дэвис кубогінің іріктеу сайысында Жапония құрамасына қарсы ойнайды.

Заринаның қарқыны күшейеді

Жоғарыдағы жаңа­лықты естіген жан­күйерлер кәдімгідей қуа­нып қалды. Оның өзіндік себебі де бар. Бұл күндері түрлі халық­аралық турнирде та­быс­ты өнер көрсетіп жүрген тен­ни­сшілеріміздің дені легионерлер екені белгілі. Ал Зарина – өзіміздің төл түлегіміз. Оның ата-анасы 1999 жылы жұмыс бабымен Чехияға қоныс аударды. Спорттық карьерасын сол жақта бастаған Диас бірте-бірте өз қатарластары арасында дара­лана бастады. Отандасымыз әуелі Прагадағы, одан кейін Гуанч­жоу­дағы теннис академияларында шеберлігін шыңдады.

Жасөспірімдер мен жас­тар буыны арасындағы жарыс­тарда елеулі табыстарға қол жет­кіз­геннен кейін Диас әйел­дердің бәсекесінде бақ сынай бастады. Бұл ретте ол өзін жақсы қы­ры­нан көрсетті. «Үл­­кен ду­лыға» санатындағы тур­нирдегі жер­лесіміздің ең зор табысы – 2014 және 2015 жылдары Уимблдонның төртінші кезеңіне дейін жетуі. Аустралия (2014, 2015, 2020, 2021) мен АҚШ-тың (2014) ашық біріншіліктерінің үшінші айналымында өнер көрсетті. WTA додасында бір рет дара шығып, ITF турнирлерінде тоғыз рет топ жарды. 2015 жылдың басында Зарина әлемдік рейтингте 31-орынға көтерілді.

2021 жылдан бері жерлесі­міздің спорттық карьерасында құл­дырау кезеңі басталды. Ол дү­­бірлі додаларда жиі же­ңілді. Соның салдарынан WTA рей­тин­гіндегі жағдайын нашарлатып алды. Кейіннен Заринаның жа­рақаты болғанын білдік. Егер емделмесе, ойы­ны жүрмейтініне анық көз жет­­кізгеннен кейін ойын­шы денсаулығын дұрыстауға кірісті. Міне, енді, жарақатынан толықтай айыққаннан соң қайта кортқа шықпақ. Жуырда Қа­зақстан коман­дасының капитаны Юрий Шукин Зарина Диасты Дэвис кубогінің іріктеу сайысында күш сынасатындардың тізіміне қосты.