Қоғам • 11 Сәуір, 2024

Елеуге тұрарлық еңбек еді

31 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елеуге тұрарлық еңбек еді

Кейде әділеттің көзі ағып кеткендей көрінетіні бар.

Е, неге?

О, оған мыңдаған мысал келтіруге болады.

Көп сөйлеп көпірмей, нақтылай-фактылай айтсаңыз.

Бопты.

Қазақтың қадірлі қаламгерлері көп. Ша­мамыз жеткенше ақын-жазу­шы­ларымыздың мерейін өсіріп, мемлекет­тік дең­гейде марапаттап жатамыз. Ел үшін еткен еңбектің еленгеніне не жет­сін!

Бірақ әмісе олай бола бермейтіні жаман. Мысалы, бізде Медеу Сәрсекедей жанкешті жазушы болғанын жұрттың бәрі бірдей біле бермейді. Өйткені ол әдебиеттегі атақ-даңқ аламанына еш­қашан ат қосқан емес. Ұлттық баспа­сөзімізде ұлықталмады. Дәрежесіне лайық дәріптелмеді. Шығармашылық жұмыстың қызығынан гөрі шыжығын кө­бірек көрді. Мақсат жолында маң­дайы талай тасқа тисе де, алған бетінен қайтпады. Қандай қиындықтар кездессе де қажыр-қайратын қарсы қойып, қо­лын­дағы қаламын ерік-жігеріне қай­рақ етті.

Жарықтық, жақында ғана дүниеден өтті. Оның оқырман олжасына айналған көркем шығармаларын былай қойып, ұлтымыздың Қаныш Сәтбаев, Евней Бөкетов, Ермұхан Бекмаханов секілді ұлы тұлғалары туралы кесек туындыларын айтсақ та, әңгімеміздің біраз жерге барары анық. Әсіресе Алаштың ардақты перзенті, академик Қаныш Сәтбаевқа арналған ро­ман-эссесінің әдебиетімізде алар орны айрықша болары анық. Сонау жет­пісінші жылдары Әлкей Марғұлан, Мәлік Ғабдуллин секілді қазақ руха­ния­тының қабырғалы өкілдерінің өтінішімен басталған бұл кітаптың хикаясы ұзақ жылдарға созылды. Сол кездегі республика басшылығы аталған ғұмырнаманың жарық көруіне жанталаса қарсы тұрды. Мемлекеттік машина тетіктері бір айналып кетсе, жолындағысын тегіс жайпап өтетіні өзінен-өзі түсінікті.

Алайда Медеу ағамыз алдындағы ат­тай алмас алып тасты айналып өтті. Идео­­логия итаршыларының қолдан жа­саған қиянаттарына мойымады. Еруге-қару қылып тығырықтан шығуға тырыс­ты. Ақыры амалын тапты да. Қазақстан іске алғысыз қылған «Сәтбаевты» айды ас­панға шығарып, Мәскеуде бастырды. Басқа емес, «Молодая гвардия» баспа­сының әлемге әйгілі «ЖЗЛ» сериясымен шығарды. Бұл осындай ай­дар­мен жа­рияға жеткен қазақтың екінші кітабы-тұғын. Біріншісі, белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің «Сәкен Сейфуллині» болатын.

Бір «қызығы», Одақтың орталығы батасын берсе де, қазақша нұсқасының жолы болмай-ақ қойды. Автор басын тауға да, тасқа да ұрып жүріп, кейін заман түзеле бастаған кезде әупірімдеп әрең шығарғаны әмбеге аян. Мұның мұңлы тарихын марқұм «Қудаланған» «Сәтбаев» атты эссесінде жан-жақты баяндаған. «Шабыт» баспасы, 1994 жыл.)

КСРО Ғылым академиясына мүше болған екі қазақтың бірі (екіншісі Асқар Қонаев), ғылымдағы атағы жер жарған ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәт­баевқа кімдердің өрттей өш болғанын айтып, аузымызды жазықты қылмай-ақ қоялық. Белгілі жайт қой, жұрт онсыз да біледі. Ақ-қарасы айырыла жатар.

Айтпақшы, атом жарылысынан көз ашпаған Семей өңірінің тұрғындары шеккен зардаптарды тізген шерлі ше­жіре іспетті көлемді дүниесі өз алдына бір төбе.

Біздің білетініміз, қандай құрметке де лайық Медеу Сәрсекенің ерен еңбегі ескерусіз қалды. Әркімдердің қан­жы­ғасына байланған мәртебелі атақтар мен бе­­делді сыйлықтар бұл кісіге бұйыр­­мады.

Әттең, дүние-ай...